Қайрат САҚ: «Журналистикасы жалтақ елдің болашағы бұлыңғыр»
«Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы зор». Бұл – ұлтымыздың біртуар ұлы Міржақып Дулатұлының әлі күнге маңызын жоймаған асыл сөзі. Журналистердің мерекесі қарсаңында өзі де журналист, тәрбиелегені де журналист, белгілі алаштанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті Журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақпен бүгінгі қазақ журналистикасының жай-күйі, жеткен жетістіктері мен кемшін тұстары жайлы сұхбаттасудың сәті түсті. Көңілге түйгені мен зерделегені көп Қайрат ағаның оралымды ойлары, тағылымды пікірлері оқырманды бей-жай қалдырмайды деген ойдамыз.
Кім көрінгеннің журналист болуы қауіпті
— Қайрат аға, журналистика факультетінің басшысы ретінде сізге қояр сұрағым — осы «журфак» студенттері төрт жыл теорияның тұңғиығына батып, уақыттарын текке өткізіп жатқан жоқ па?
— Бұл бүгін ғана талқыға түскен сұрақ емес. Аталған сауал елімізде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде журналистика мамандығын үйрету өз жұмысын бастағаннан бері маңызын жоймаған. Тіпті, «Журналистерді қалай дайындаймыз?» деген мәселе Америкада да, күллі Еуропада да көтерілген, күн тәртібінен түспей тұр десем, артық айтпаспын. Көптеген елдер журналистиканы оқытатын курстар ашып, тәжірибе жасап көрді. Алайда оның нәтижесі көңіл көншітерлік емес. Өйткені журналистика — жүгі ауыр, жауапкершілігі мол сала. Қоғамда сан алуан пікір тудырушы күш. Егер журналистика өзінің негізгі қызметін атқара алмаса, қоғамда бүлік, ыдырау пайда болады. Сондықтан журналистиканың қай қоғамда, қай заманда болмасын маңызы орасан зор. Ол үшін журналист-маман ең алдымен білімді болуы, білім көкжиегі кең азамат болуы қажет. Кез келген мәселені санасының сүзгісінен өткізіп, ақиқатына көзі жететіндей тұлға болуы тиіс. Яғни қоғам өмірінде жауапкершілігі мол журналистердің университетте білім алуы дұрыс деп санаймыз. Себебі бұл саланың әлеуметтік маңызын, тіпті жанрларын жете түсінуге болашақ маман міндетті деп ойлаймыз. Мәселен, тәуелсіздігін алғаннан кейін көрші Өзбекстан Республикасы журналистерді курс арқылы дайындауға көшкен еді, аталған тәжірибе оң нәтижесін бере қоймады. Сол себепті баспасөз қызметкерлері білімді болуы керек деген ой басым. Ашығын айтқанда, журналистің екі қанаты бар десек, бірі — таланты, екіншісі — білімі. Білікті маман болу үшін, қоғамнан өз орнын табу үшін тек талантты болу аздық етеді. Екеуі бірін-бірі толықтыра алғанда ғана одан өте білікті журналист шығатынына сенімдімін. Заманымыз нарықтық экономика, бәсекелестікке алып келгендіктен, ақпарат майданында да кәсіби мамандардың қызмет жасауы ауадай қажет. Әлемдік ақпарат кеңістігінің көшіне ілесе алмай жатсақ, етектен тартып отырған бір мәселе журналистикаға кім көрінгеннің келуі болып тұр. «Шымшық сойса да қасапшы сойсын» деп қазағым айтқандай, біздің де саламызда тек кәсіби мамандардың қызмет еткенін қалаймыз.
— Жас мамандардың қатардағы журналист болып қалмай, ілгерілеуі үшін қайтпек керек? Себебі қазір ақпаратқа ілесе алмай жатқан уақытта кәнігі мамандар білгенін жастарға үйрете қоюы екіталай. Әсіресе газетке қарағанда теледидарда жас маманға жол көрсететіндер жоқтың қасы сияқты. Бұған не дейсіз?
— Журналистерге қойылатын талап — білімділік. Көпірме, көп сөздің уақыты өтті, оны мойындаймыз. Бүгінгі оқырман ондайға көңілін де аудармайды. Олар сарапталған, маман ретінде талданып, лайықты түсіндірілген материалдарға зәру. Сондықтан мен жас журналистерге біліммен қарулануға кеңес беремін. Қоғамда білімнің деңгейі төмен екенін өзің де байқайсың. Өйткені қазіргі жастар кітап оқымайды. Елбасының өзі «Интернеттен білім алатындарды кітап оқитындар басқаратын болады» деді, ал білімнің қайнар көзі кітапта екеніне ешкім дау айта қоймас.
Бізде пәрменділік жетіспей жатыр
— Аға, қазіргі қазақ журналистикасының ең өзекті, түйткілді мәселелерін атай аласыз ба?
— Журналистикада пәрменділік пен тиімділік деген бар. Біздегі бірінші мәселе — пәрменділіктің жоқтығы. Қанша айтылып, жазылып жүрсе де, оның орындалуы мен нәтижесі ойдағыдай болмай тұр. Кеңес заманында пәрменділікті әкімшілік-әміршілдік әдіспен күшейткен болатын. Яғни бүкіл БАҚ партияның органы болды да, онда көтерілген мәселелер, сыни пікірлер қадағалауда болып, кейін қорытынды шығарып отырды. Ал, қазір біз демократиялық қоғамда өмір сүріп жатқандықтан, пәрменділікті күшейтудің тиімді тұстары бар. Тиімділігі БАҚ-тың аудиториясының кеңдігінде. Неғұрлым аудитория көбейген сайын, басқаша айтқанда, газет-журналдың таралымы артып, теле-радио көрермендері, тыңдармандарының саны көбейген сайын тиімділігі де, пәрменділігі де күшейе түспек. Сондықтан, меніңше, қазір газет-журналды оқыта алмай жатқанымызға оқырман кінәлі емес. Керісінше, баспасөз құралдары оқырманның көкейіндегі мәселені көтере алмай, олардың сұранысын қанағаттандыра алмағандықтан, газет-журнал оқитындар азайды. Нәтижесінде қоғамдық пікір тумай жатыр, ал ол қоғамның ілгері жылжи алмауына әкеп соқтырып отырғандығы жасырын емес. Дамыған мемлекеттерде журналистері қоғамдық пікір қалыптастыруға шебер болғандықтан, көбісі олардан аяқ тартады. Сайып келгенде, журналистикасы жалтақ елдің болашағы бұлыңғыр деп айтар едім. Бұл сала өзінің әлеуметтік дербес институт қызметін толыққанды атқара алса, қоғамда тұрақты даму болады.
— Мектеп жасынан сөз өнеріне қалам тартып, журналист болам деуші жасөспірімдерге қандай кеңес айтасыз?
— Журналистика — тума таланттардың саласы. Ал таланттың өзін одан әрі ұштамаса, дамытпаса, ол бір күні өшеді. Ата-ана баласының бойынан журналистік дарынды байқаса, оған қамқорлық жасауы керек. Жасынан шығармашылық ізденіске баулып, балабақшадағы кезінен-ақ жазғансызғанын «Балдырған», «Мөлдір бұлақ» секілді журналдарға бергеннің артықтығы жоқ. Немесе балаларға арналған телебағдарламаларға қатыстырса, оның таланты ұшталып, одан сайын ашыла береді. Бір-екі материалы шыққан бала оның ләззатын сезеді әрі ол оған қанат бітіреді. Содан кейін өзі талпынатын болады. Біздің факультетімізге келетін талапкерлердің көбі сол балаларға арналған газетжурналдардың, бағдарламалардың штаттан тыс тілшілері, куәліктеріне дейін бар. Алды 200-300 материалы жарияланған талапкерлер университетіміздің студенті атанып жатады. Мұндай балалардан үлкен нәтиже шығады деп нық сеніммен айта аламын. Өйткені олар сөз өнеріне шын құмартқан, сол жолда ізденісте жүрген жандар. Сонымен бірге, мұның өмір бойы ізденісті талап ететін сала екенін естен шығармау керек. Егер бір күнге тоқтасаңыз, журналистиканың жолында алға жүріп кету қиынға соғады. Үнемі ізденісте болу білімі мен білігін де шыңдап, сол арқылы халықтың құрметіне бөленуге жол ашады.
Ұлттық мүддеде орыстілділер үнсіз қалады
— Елімізде орыс баспасөзінің әлі де оза шауып, қазақ журналистикасының баяу қадам басып жатқаны жасырын емес. Тіпті, қазақ журналистер де орыстілді ортада қызмет етіп жүр. Осы орайда ұлттық журналистикамызды одан әрі қалай дамыта аламыз?
— Қазақ журналистикасының арғыбергі тарихын қарасаң, ұялатын жеріміз жоқ. Қай заманда болмасын қоғамның қозғаушы күшіне айналған журналистикамыз құлдырай қойған жоқ. Әлі күнге ұлттық мүддені ұстаным етіп, түрлі мәселелерді көтеріп жүрген, шырылдап жазып та, айтып та жатқан азаматтарымыз жетіп артылады. Тек олардың сөзінің құлаққа жетсе де, нәтижесінің көрінбей жатуына кінәлі емес. Сондықтан мұны біржақты қарауға болмайды. Ал отандық БАҚ-тағы орыс журналистерінің ұлттық мүддеге, елжұрттың мұңына келгенде жанашырлықпен жұмыс істеген кезін көрген емеспін. Олар әлеуметтік салаларды, күнделікті күйбең тірлікті жақсы жеткізеді. Алайда ұлт мүддесі, елдігімізге сын болатын мәселелерде, дініміз, діліміз, тіліміздің мәселесіне келгенде үнемі қалыс қалып отырады. Мысалы, елді толғандырған жер дауын қазақ журналистері талдап та жазып, саралап та жеткізсе, орыстілділер үнсіз қалды. Еліміздің ең көкейтесті мәселесінде бір ауыз тіл қатпады. Сондай-ақ, қазақ журналистерінің жүгі де ауыр. Ақпаратты алдымен орыс тілінен алады, оны қазақ тіліне аударып дайындайды. Бұл қазақ журналистерінің жұмысын екі есеге ауырлатып отыр. Ал орыстілділер тікелей алып, еш қиналмай, алдына келген ақпаратты жедел жеткізе береді. Оның үстіне мемлекеттік тапсырыспен материалдарды жариялағандықтан, халықтың да қазақ баспасөзіне қызығушылығы төмендеп кеткен жайы бар. Тарихтағы Алаш публицистикасын зерттеген ғалым ретінде менің ұсынысым — «Қазақ» газеті секілді жобаны қолға алған абзал. «Қазақ» газеті биліктен бір тиын да алмады, сондықтан мемлекеттен тапсырма да алған жоқ. Оларды тек халық қаржыландырды да, газетте елдің мұң-мұқтажы жарияланды. Газет шығып қана қоймай, табыс та тапты, баспаханаға қол жеткізді, қоры да жиналды. Журналистика қашан да халықтың құлағы, көзі һәм тілі болып, халықтың өкілі болып, соның жоғын жоқтап, мұңын айтса, оның пәрменділігі мен тиімділігі де арта береді ғой деп ойлаймын.
Журналистеріміздің таудай еңбегі еленбей келеді
— Төртінші билік деп атағанымыз дұрыс дейсіз ғой?..
— Біз мұндай билікке жете алмай отырмыз. Әрине, ол шартты, бірақ заңда жоқ. Төртінші билік дегеніміз — қоғамдық пікір арқылы халықты басқару деген сөз. Дамыған демократиялық елдерде журналистер билікті ұдайы бақылап отырады. Сол арқылы халыққа мемлекеттің жасап отырған пайдалы істерін жеткізіп, халықтың құрметін арттырып отырады. Зияны тиіп жатса, оны да әшкерелейді, халықтың талабын орындатады. Бұл жерден нені байқаймыз? Шетелдік журналистер қоғамдық пікірді елдің санасына жеткізу арқылы мемлекеттің дамуына ықпал етіп, халық пен билік арасына шын көпір болып отыр. Ал бізде журналистиканы төртінші билікке айналдыру үшін еліміздің демократиялық құндылықтарын арттыру, сөз, баспасөз бостандығын күшейту қажет. 70 жыл Кеңестің, оның ар жағында 300 жыл Патшалы Ресейдің тоқпағында болған еліміз цензурадан көз ашпады. Әлі күнге санаға сіңген нәрседен арыла алмай келеміз, Кеңестік стереотиппен өмір сүріп жатырмыз. Ал Тәуелсіздігімізді алғаннан-ақ Ата Заңымызға «Цензураға тыйым салынады. Баспасөзге еркіндік беріледі» деп жазып қойдық. Бірақ соны қамтамасыз ете алмай жатырмыз әрі оған қоғам да дайын болмай жатыр. Журналистика да қоғамнан оқшау бола алмайтындықтан, қоғам қандай журналистикамыз да сондай. Дүниедегі ең ауыры әрі қаттысы ми екен. Яғни, сананы өзгерту қиынның қиыны. Оны өзгерту үшін, біріншіден, мақсатты, жүйелі түрде еңбектену керек, екіншіден, уақыт керек. Әзірге қолымыздан келетіні — санасы таза ұрпағымызға жақсы тәлім беру. Ал жаңа ұрпақ, жаңа толқын жастарымыз Қазақстанды дамыған 30 елдің қатарына кіргізуге атсалысады деп сенемін. Әңгімемнің соңын Шерағамның сөзімен түйіндейін. Шындығында «журналистиканың арқалағаны — алтын, жегені — жантақ». Журналистер күнінде ғана бірлі-жарым айтылатыны болмаса, олардың мәртебесі әлі күнге анықталған жоқ. Шын мемлекеттің мүддесіне қызмет етсе де, «Мемлекеттік қызметкер» деген атағы жоқ. Әлеуметтік мәртебесі де айқындалмаған. Не бюджеттік мекемеге, не мемлекеттік қызметкерлер қатарына да қоспайды. Соның салдарынан журналистеріміз баспанасыз, жағдайы төмен өмір сүріп жатқанын ел біледі. Осы мерекелеріне орай елге, қоғамға, халыққа қалтқысыз қызмет етіп жатқан журналистеріміздің еңбегі ескеріліп, бейнетіне сай зейнетін де көрсе екен деген ниет бар. Барша әріптестерімді кәсіби мейрамымен құттықтап, дендеріне саулық, отбасыларына береке, еңбектеріне шығармашылық табыс тілеймін!
— Сұхбатыңызға көп рақмет! Сізді де төл мерекеңізбен құттықтаймыз!
Сұхбаттасқан — Ермұрат Назарұлы