Қайраттың тәрбиеші-ұстазы да қудалау көрген …
1980 жылдары Мойынқұм ауданының Көктерек кеңшарында жүргізуші жұмысымен айналысып, тауарлы-сиыр фермасынан Шу қаласындағы май-зауытына ірі қаралардан сауылған сүтті жеткізіп тұратынмын. Сол кездерде Қайрат Рысқұлбеков Шу ауданының орталығындағы мектеп-интернатта оқитын.
Жексенбі күндері ауылға қайтарында таудағы бақташы- сауыншы ата-анасы мен бауырларына көбіне менің автокөлігіммен қатынайтын. Сонда байқағаным, Қайрат бұзық,тентектеу балаларға қосылмай мал бағысып, тіптен сиыр да сауысып,ыдыстарын жуысып туыстарына көмектесіп жүретін. Мектеп –интернат сегіз жылдық болғандықтан орта мектепті туып-өскен Бірлік ауылындағы Киров (1992 жылдан Қ.Рысқұлбеков есімімен аталады ) атындағы орта мектепті тәмамдайды.
1984-86 жылдары Ресейдің Амур өлкесі, Белогор қаласында азаматтық әскери борышын ойдағыдай атқарып, бөлімше командирлерінің жақсы мінздемелі жолдамасымен Алматыдағы Сәулет – Құрылыс институтына оқуға қабылданады. 1986 жылы әйгілі Желтоқсан көтерілісі басталғанда 1 курс студенті Қайрат небәрі 20 жаста болатын. Тоталитарлық жүйенің құрсауымен оған адам өлтірді жаласы таңылып, ең ауыр — ату жазасына кесіліп, өркениетті елдердің зиялы қауым өкілдерінің Кеңес Одағы басшыларына жолдаған хаттарының көмегімен Қайраттың жазасы 20 жылға ауыстырылғанымен Семей түрмесінде оның өміріне белгісіз жағдайда қастандық жасалынады….
Қайраттың қорғаушы- ұстазы Сейіткерім Қожаназаровтың табандылығымен екеуіміз (М.У.)кеңесе келе қор құрып, көптеген игі шаралар атқара алдық… Бұлар жайлы БАҚ- да кеңінен жарияланып келеді. Тек, қосымша айтпағым, туған отанында Ескерткіш орнатылып, мектебіне аты беріліп көптеген игі шаралар атқарылып жатқанда балғын балалық шағы өткен Шу ауданының Төле би ауылында жас боздақтың рухын құрметтей отыра жастарымызды ұлтжанды отансүйгіштікке тәрбиелеу жолдарында атқарылар істер кенжелеп, тіптен, мызғымай жатқантұғын. Сондықтан (қабырғаммен ақылдаса келе) 1998 жылдың жазында аудан орталығы – Төле би ауылына қоныс аударуыма тура келді…
Ең алдыменен С.Шәкіров атындағы орта мектепте мұражай бөлмесі ашылып, 2001 жылдың желтоқсанында Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековке Қордай ауданында тақта тас жасалынып білім ордасының қабырғасына орнатылды. Аудан көлемінде көптеген игі шаралар қолға алынып, жасөспірімдер арасында шығыс жекпе-жегінен Қайрат Рысқұлбеков атындағы республикалық турнир жаттықтырушы Марат Тілеуқұловтың қайсарлы табандылығының арқасында биыл 18- інші мәрте өткізілмекші…
Дегенменен менің айтпағым, жасөспірім Қайраттың небәрі 20 жасында сол бір желтоқсанның ызғарлы күндері ұрда-жық қызыл жағалының қанды қолынан шашынан сүйретіліп бара жатқан қаракөз қызымызды құтқарып қалғаны, алаңға жиналған жастардың алдында:- жігіттер,үш күнге шыдайық, үш күнге шыдасақ, бізді БҰҰ таниды, деп, үндеу көтеруі,сондай-ақ, өзінің өмірі қыл үстінде тұрғанына қарамастан тергеушілерден қаймықпай Әркен Уақов атты ұстазын- ол кісіні танымаймын, алаңға өзіміз шықтық,деп,қорғап қалуы, нағыз ерліктің ерен үлгісі емес-пе!
Бұндай ерлік кез келген адамның қолынан келе бермейтіні анық. Оған өскен ортасы мен жастайынан тәрбиелеген ұстаздарының да өнегелі –де өрелі еңбектерінің өзіндік әсер еткенін, айта аламын. Сондықтан жақында Қайраттай сүйікті шәкіртінің тәрбиешісі қызметін атқарған Қанткүл Бекмағанбетоваға жолығуымның сәті түскенде: — 1976-77 оқу жылында мектеп-интернатта 4 сынып оқушыларының тәрбиешісі қызметіне тағайындалдым. Барлығы 30 оқушы болатын. Олардың жартысына жуығы озат,тіптен кейбірі өте жақсы оқыды. Сол кейбірінің арасындағы Қайрат өте сауатты, киімдеріне кір жуытпай таза қалпынан айнымайтын ұқыпты шәкіртім еді. Көп балалы отбасында өскендіктен болу керек басқаларға бауырмашыл әрі кішіпейіл болатын. Қоғамдық жұмыстармен айналысып, маған да көмектесіп жүретін. Мектеп бітіргеннен соң әскер қатарында қызмет етіп келгеннен кейін Сәулет-құрылыс институтында оқып жүргенін еститінмін. Әйгілі Желтоқсан дүрбелеңінен кейін-ақ, сол кездегі аудан басшыларының тарапынан біз қызмет ететін Сәду Шәкіров атындағы мектеп-интернатына «саяси шабуыл» басталды. Олардың бізге тапқан айыптары, маскүнем, бұзық, ұлтшылдарды тәрбиелеппіз.
Идеология жағына жауапты аудандық партия комитетінің хатшысы Дичковская Ирина Иосифовна мені күнде шақырып едәуір уақыт сұраққа алды. Кейінен түк өңбегеннен кейін шақыруын бірте-бірте сирексітіп барып ақыры жайыма қалдырды. Себебі ол менің Қайраттың тікелей тәрбиешісі екенімді анық білмеген де болуы керек. Оның үстіне мектеп ұжымы сол кезде кімнің қандай қызметте болғанын айтпай жалтарып бақты. Яғни , ешкім-ешкімді ұстап берген жоқ, егер-яки көп жыл Қайраттың тәрбиешісі болғанымды анықтағанында мен де тәртіптік жазадан құр қалмайтыным әбден мүмкін еді. Өйіткені хатшы ханым қайта-қайта шақырып, бір сыдырғы сұрақты қайталап қоя берген еді, мен де бір жауаптан таймадым. Сәл жаңылыссам болды бәлеге қалатыным анық еді.
Мұны аудандық сотта «халық (народный заседатель) өкілі» болған көп жылдық тәжрибемнен түйгенмін. Сондағы айтқан жауабым:- Қайрат жақсы оқыды, мектеп белсендісі әрі тәртіпті бала болатын, дей бергенмін. Ана орнына- ана болған Қанткүлдей тәрбиешісінің айтқан пікіріне дейін, 1990 жылдары Мойынқұм ауданындағы мемлекеттік банкте қызмет ететін Хасенова Кеңескүл әкпейге кездейсоқ жолығып қалғанымда:- 1987 жылды қаңтар айында болу керек, осы аудан орталығында бір мекемеде қызмет ететінмін.Коммунистік партия бастауыш ұйымының жиналысы өткен-ді. Жоғарыдан нұсқау болу керек, партком хатшысы бірліктік Қайрат Рысқұлбеков деген балаға арнап:
— «Арақ ішетін, бұзық болатын, анаша шегуші еді» деген мазмұнда мінездемелі- қаулы қабылдап, жоғарыға жіберуіміз қажет, деуі мұң екен, үн-түнсіз отырып қалдық. Тек арамызда отырған неміс ұлтының екі келіншегі:- біз ол баланы көрген жоқпыз ғой, оның не істегенін қайдан білеміз, қалайша қаралап мінездеме береміз,- дегенде ғана, есімізді жидық. Әйтпегенде , «жоғарыдағыдай мінездеме» жазылып кететін еді, деп, шындығын айтқан еді. Бірақ, ол мекеме жібермегенімен , басқа ұжымдар мұндай науқанға бір кісідей ат салысқанын кейіннен көп азамат айта бастаған болатын…
Иә, бабаларымыз ғасырлардан-ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздігіміздің алтын баспалдағы- Желтоқсан көтерілісінің және оның ержүрек –ұл-қыздарының әлі де елімізге танылып, ашылмай жатқан құпиялы бет-пердесі жетерліктей екендігі рас.
Мәкен Уақтегі
Қайрат пен Желтоқсан көтерілісін зерттеуші. Шу өңірі. 9 желтоқсан 2017ж.