Қайтарылған жерге мектеп, тұрғын үй салынбақ
Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті заңсыз берілген жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтарды. Ол жерге мектеп пен тұрғын үй салу ұсынылған. Сол ұсынысты іске асыру үшін облыс әкімдігімен келісім жасалған.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ең алдымен халықтың әлеуметтік маңызды мәселелерін шешуге ден қойып отыр. Осы бағытта жаңа тәсілдерді әзірлеген. Бұл жөнінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департамент басшысының міндетін уақытша атқарушы Қуаныш Ахметқалиев өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында мәлім етті.
Еліміздің әр өңірінің сыбайлас жемқорлық тәуекелдер картасы әзірленген. Облыстың картасына жер қатынастары, құрылыс және тұрғын үй, экономика және қаржы, олигополия, жолдар мен инфрақұрылым, бизнес салалары енгізілген.
– Тұрғын үй кезегіне жүргізілген мониторингтің нәтижесінде бірқатарзаңсыздықтаранықталды. Кезекте тұрған 37715 азаматтың 5807-сі заңсыз кезектен алынды. Олардың 3415-інің үйі бар болып шықты. Ал 17 азамат елден тыс жерде тұрады екен. Кезекте тұрған 257 кісі қайтыс болған, 1955 азамат кезекке тұрғаннан кейін үйленген, тағы 163 адам біздің облыста тіркелмеген. Бұл бағыттағы жұмыс әлі де жалғасуда. Жер қатынастары саласында бағасы 238 миллион теңге сомасындағы 3,56 гектар жер учаскелерін заңсыз берген Тараз қаласы әкімдігінің лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс аяқталды. Сот шешімімен жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылып, сол жерлерге мектеп, көппәтерлі тұрғын үй салу үшін облыс әкімдігімен келісімге қол жеткіздік, – дейді Қуаныш Жұмағаліұлы.
Мемлекетке ауыл шаруашылығына арналған 12846 гектар жер учаскелері де қайтарылған. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі шағын, орта бизнесті шенеуніктердің заңсыз араласуынан қорғауға да басымдық берген. Биылдан бастап агенттік «Бизнеске жол» жаңа жобасын іске асыра бастаған. Жоба кәсіпкерлердің алдында тұрған әкімшілік кедергілерді анықтау және жүйелі түрде жою арқылы бизнестің мемлекеттік органдармен қарым-қатынасын барынша оңайлатуды мақсат етеді. Жоба аясында департамент 53 кәсіпкермен 11 кездесу өткізіп, 17 кәсіпкерге нақты мәселелерді шешуге практикалық көмек көрсеткен.
Елдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыруда жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары міндетін атқарушы Дәурен Омаров мәлімдеді.
Мәдениет қалыптастыру бағытында департаменттің бастамасымен әртүрлі мақсатты топтар арасында былтырғы жылы 330-дан астам іс-шара өткізілген.
Қамар ҚАРАСАЕВА, Жамбыл облысы. aqjolgazet.kz