Қайтпас, қайсар кинорежиссердің жеке қоры ашылды

Ел тәуелсіздігі мерекесі қарсаңында Алматы қаласының мемлекеттік архивінде кинорежиссер, сценарист, Қазақстан Кинематографистер одағының мүшесі, этнограф, 1989 жылы «Қазақфильм» киностудиясында «Желтоқсан» қоғамдық ұйымының негізін қалаған «Аллажар», «Шәкәрім», «Жалаңтөс баһадүр» фильмдерінің авторы және қоюшы-режиссері Қалдыбай Торғайұлы Әбеновтың жеке қорының ашылуына байланысты «Қайтпас, қайсар кинорежиссер» атты еске алу шарасы өтті.

Іс-шараны Алматы қаласының мемлекеттік архив директорының орынбасары Исалова Айсұлу Мардешқызы құттықтау сөзбен ашты. Ол өз сөзінде қайтпас қайсар кинорежиссердің жеке қорын жинақтауға желтоқсаншы Ерлан Декелбаевтың көп еңбек сіңіргенін жеткізді.

–«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, «Аллажар» фильмінің кейіпкері болған Ерлан Әбдірашитұлы Қалдыбай ағасының туған бауырындай өмір бойы жанында болып, ауырғанда қамқорлық танытып, ел басына төнген пандемия кезінде дүние салған режиссердің жерлеу рәсімін ұйымдастырып, артында қалған бүкіл мұрағатын жарыққа шығару үшін тер төгіп жүргенін ерекше атап өткенді  орынды деп есептеймін. Сол еңбектің жемісі – бүгінгі жеке қор көрмесіне қош келдіңіздер! – деген Айсұлу Мардешқызы.

Еске алу шарасының модераторы – елімізге белгілі журналист, «Түркістан» газетінің бұрынғы қызметкері, «Казахское дело» топтамасының авторы Көлбай Адырбекұлы іс-шараға  келген мәртебелі қонақтармен таныстырып өтті.  Олар: тарих ғылымдарының кандидаты, алаштанушы қаламгер Бейбіт Қойшыбаев, өнер қайраткері, «Аллажар» фильмі түсірілімі кезінде режиссердың ассистенті болған ҚР Мәдениет қайраткері Ғазизхан Әділханұлы, желтоқсаншылар:  Ерлан Декелбаев, Кенжебай Отарбаев, Күнсұлу Шариева, Әлібек Мұзаффар, Амандық Рамазан, Қалдыбай Әбеновтың әпкесі Алтынкүл Әбенова, ұлы Фараби және басқа да қоғам қайраткерлері өз естеліктерімен бөлісіп, игілікті іс-шараны ұйымдастырып отырған архив қызметкерлеріне ризашылықтарын білдірді.

Қалдыбай Әбенов жайлы жүрек тебірентер естеліктерден соң  шәкірті Ерлан Әбдірашитұлы Декелбаевтың ұстазына арнаған бейнежазбасы көрсетілді. Одан соң іс-шараға арнайы шақырылған желтоқсаншылар Желтоқсан оқиғасы кезіндегі қазақ жастарының басынан өткен қиындықтары туралы айтып, мемлекетіміздің тәуелсіздігінің құндылығын тағы бір айқындай түсті.

Архив қызметкерлері атынан архивтің бас сарапшысы Ләйля Қасымқызы, жеке қорларды жинақтау бөлімінің басшысы Айгерім Алжанова келген қонақтар мен желтоқсаншыларға алғысын білдірді.

Гүлжанат ШОНАБАЙ