«ҚАЙЫҚТА»-ның ҚИЫН ТАҒДЫРЫ
«Ән де адам секілді, о баста өз қайғысы, өз қуанышымен бірге туады»-деп отырушы еді Шәмші, оның бұл сөзінің растығын «Қайықта» әнінің қиын тағдырынан көреміз. «Қаракөз» әні үлкен табысқа жеткеннен кейін қанаттанған Шәмші бұдан соң біраз әнді төгіп-төгіп тастады. Солардың ішіндегі шоқтығы биігі-«Қайықта». 1957 жылы демократиялық жастардың Бүкілдүниежүзілік фестивалына байланысты үздік әндерге республикалық конкурс жариялаған болатын.
Шәмші бағын сынамақ болып «Қайықтаны» осы конкурсқа жібереді. Сол конкурстың қорытындысы бойынша жиырмаға жуық ән сыйлық алды. Бірақ «Қайықта» қалыс қалды. Шәмші жүлде алған әндергебарлап қараса, арасында сыйлық беру түгілі сөз етуге тұрмайтындары да бар екен. Шәмші «бұл қалай?» деп бір-екі жюри мүшелерінен сыр тартып сұраса, олар оны адам құрлы көрмей, жөнін айтпай қояды.
Шәмші осылай тиісті сыбағасынан құр қалғандай болып, күйзеліп жүрген шағында маған жолықты.Екеуміздің ешқандай қатысымыз болмаса да, ол маған риза-тұғын. Себебі, осының алдында ғана мен оның «Қаракөз» әні туралы «Қазақ әдебиеті» газетіне шағын мақала жазған едім. Соны көрген Шәмші маған: «Аз жазыпсың, бірақ саз жазыпсың. Ешқашан ұмытпаймын» -деген болатын.
Мені содан бастап өзіне тілектес санайтын Шәмші маған өзгеше ілтипат көрсетіп жүретін. Бірақ, осы жолы түсі солғын, қабағы қатыңқы, сақалы өсіп кеткен. Ол кезде араққа көп салынып ішпейтін Шәмшіні бір тағы жағдайға тап болғанын сезе қойдым.
— Уа, хал қалай?-дедім мен,
— Сұрама,-деді қол сілтеп.
— Творчествоң ше?
— Сұрама
-Бәрің тыңдырдың. Енді не сұраймыз?
— Сен ештеңе сұрама. Ренжімесең қайта мен сұрайын.
— Е сұра.
— Алдымен жүз грамм алып берші…Халімді сонан соң айтайын.
Бір стакан арақтан кейін Шәмші тірілгендей болды. Көзіне жанар бітіп, кескіні өзгеріп сала берді. Бар анық жағдайды сонан соң баяндап берді.
— Маған бәрінен де өтіп кеткені: «Саған сыйлық па? Бүйте берсең сені радионың есігінен де қаратпай қоямыз!» дегендері болды. Олармен ерегіссем мені музыканың маңына жолатпай қоятындары анық…Кімге барып мұңымды шағып, іштегі шерімді шығаруды білмей қалдым»-деді Шәмші күңірене сөйлеп.
— Әніңнің мықтылығына сенімдісің бе?
— Әрине,
— Ендеше, неге әнші тауып айтқызбайсың?
— Белгілі әншілер бұл туралы құлақтанып қалыпты. Оларға оны айтқыза алмайсың. Ал, басқалары…олардың халі менің сәл-ақ алдымда.
— Әніңе шын сенімді болсаң Жамал Омароваға апар. Ұнатса айтар.
— Ой-бай!-деп үркіп кетті Шәмші.
— Мен сені дос көріп жүрсем, бұл не қастығың? Жамал апайға баратын мені бір өле алмай жүр дейсің бе?
— Жоқ, сен қорықпа. Бар. Ол апай басқалардай шашын бүреп, кірпігіне кірпік қосқан кісі емес. Ауылдың исі алты шақырым жерден аңқып тұрады. Сенің жағдайыңды бір түсінсе, сол кісі түсінеді.
— Апырай, ә — деп ойланып қалды Шәмші.
Бірақ барды Жамал апайға, Шәмші не деді, жағдайын қалай түсіндірді,- мен ол жағын білмеймін. Әйтуір арада бір ай өткен соң «Қайықта» әні Жамал Омарованың орындауында эфирге шықты.
Сол күннен бастап Шәмшінің аты шықты да дүр етті. «Қайықтаны» бүкіл республика тағы да іліп әкетті.
Жамал апай ол әнді фортепианоға қосылып айтқан еді. Бибігүл Төлегенова оны оркестрлің сүйемелдеуімен айтуы мұң екен, отқа май құйған секілденіп «Қайықтаның» даңқын бұрынғыдан бетер лапылдатты.
Бірақ, Шәмші сол әннің арқасында мыңдаған дос тапқанымен, Композиторлар Одағымен арасы ашылып, көзі тірісінде ол одаққа кіре алмай-ақ кетті.
«Қайықтаның» қиын тағдыры мұнымен біткен жоқ. Әннің сөзің марқұм Нұрсұлтан Әлімқұлов жазған болатын. Бағы жанып, жарқырап кетпегенмен, ол да өзінше қиқардың біреуі еді.
Әйтпесе, «Сталинді жамандаған ХХ сьезд дұрыс емес» — деп дені дұрыс адам Хрущевке телеграмма бере ме? Хрущев оны бір күнде партиядан шығартып, жұмыстан қудыртып, Ұйғыр ауданына айдады да жіберді.
Міне, сол Нұрсұлтан Алматыда жоқ кезде Шәмші «Қайықтаны» бастыртайын деп «Лениншіл жасқа» барса, оның бастығы аю көргендей үркіп, Нұрсұлтанның атын газетке жолатпайды. Газетке «Қайықтаның» әнін де, сөзін де жазған Шәмші Қалдаяқов болып жарияланып кетеді.
— «Қайықтаның» нотасы газетке жариялануы мен үшін қасірет болды. Мен бір түрлі әбестік немесе ұрлық істеген секілденіп үнемі қуыстанып жүрдім. Әсіресе, айдауда жүрген Нұрсұлтанның алдында үлкен ұятты сезіндім. Өстіп жүргенде заман сәл жеңілденіп, Нұрсұлтан айдаудан оралды да, «Қайықтаның» нотасы мен сөзін сол «Лениншіл жасқа» қайта бастырып Нұрсұлтан жөнінде жіберілген әділетсіздік түзетілді,-деп отыратын Шәмші. (жалғасы бар)
Жазушы Оразбек Бодықов. Шәмші Қалдаяқов: ХИКАЯТТАР.