Қайыр аға! Ауыл шаңырағын қаншама түзеймін десек те, түзете алмаймыз. Неге?

Қайыр аға! Шүкір, өзіңіз тәрізді ғұлама, дана ақсақалдарымыздың, көкелеріміздің барына. Өзіңізбен арнайы барып танысқанымда да сіздің білімдар, жан-жақты жан екеніңізге көзім жетті. Өмірден көрген-білгеніңіз бен біліміңіз көл-көсір дария. Сондай-ақ, Аллам берген ақындығыңыз, жазушылығыңыз да бар екенін және білдік.

Иә, ауыл қазақтың алтын бесігі ғой. Оны қалай сақтап қалудың жолдарын әрбір ауылдан шыққан жан ойлайтыны, толғанатыны рас.  Өзіңіз ауылды тек ойлап қана қоймай, оны сақтаудың, өркендетудің сан түрлі жолдарын жазып та, ұсынып та шырылдап айтып жүрсіз. Бүгін міне, тағы да кезекті мақалаңыз шығып отыр. Жазып отырғаныңыздың барлығы дұрыс. Бірақ жазу бар да, оның орындалуы бар ғой. Сол жағына күмәнім бар.

Мен де осы ауылымыз туралы көп ойландым. Ұсыныстарымды жазып та жүрмін. Сол үшін он шақты жылдан бері Ауыл экспедициясын ұйымдастырып, ондағы көкейтесті мәселелерді үкімет алдына тынбай қойып, құлағдар етіп келеміз. Әрине, соңғы он жылда ауылда көп өзгерістер болды. Соның ең бастысы мемлекеттің ауылға деген қамқорлығы ұшан теңіз. Қаншама миллиардтаған қаржы бөлініп жатыр. Қаншама бағдарламалар бар. Істеймін, ауылды көркейтемін, байимын деген адамдарға мүмкіндік шаш етектен. Есіңізде ме, Елбасымыздың бастамасымен ауылға үш жыл арнайы бөлінді. Осы жылдардағы бөлінген ақшамен әрбір ауылды алтынмен аптап, күміспен күптеуге болар еді. Өкінішке қарай осы мол қаржы асағанның аузында, тістегеннің тісінде кетті.

Бұл жемқорлық! Араны кең түпсіз терең жемқорлық! Біздің еліміздегі дендеген бұл зұлым күшке билік қаншама тосқауыл боламын десе де, шамасы жетпей отыр. Тым тереңге кеткен. Сондықтан бұл тұрғыда сіз бен біз айтып, шырылдаған үніміз босқа ауаға жайылып кете ме деп қорқамын. Нәтиже тым шамалы болады-ау, сірә. Оның үстіне қазір, өзіңіз айтпақшы, Ауыл қартайып келеді. Ондағы жұрттың көпшілігі шал-шауқан. Жастардың көзқарасы, пиғылы түбегейлі өзгерген. Бірен-сараны болмаса,  қалғанын қаншама жоғары айлық берсек те қайтара алмаймыз. Қазір Елбасы айтқан технология, техникасы бар ауылдар бар. Бірақ оны игеретін адам жоқ. Сенесіз бе, кәдімгі жай механизатор жоқ. «200 мың теңге айлық береміз десек те ешкім ауылға келмейді» деп жылаған басшылардың, мамандардың сөздерін естідім. Келмейді, ал не дейсіз, не істейсіз? Сондықтан мен ойлаймын, ауылдың болашағы өте күңгірт. Қайыр аға, біз енді оның шаңырағын да, болашағын да түзете алмаймыз-ау. Тағы да есіл қаржы босқа кете ме, желге ұша ма деп қауіп етемін. Меніңше, бұл зор проблеманы ауылды түбегейлі қайта құру арқылы жасау керек шығар. Шетелдердегідей шағын-шағын агрокешендерді, ауылдарды жасақтау керек болар. Бірақ қалай болғанда да алдымен мына жемқорлық деген зұлматтан құтылу керек. Онсыз ештеңе болмайды. Ештеңе!

Ертай Айғалиұлы