Қала әкімі бірқатар жол жөндеу жұмыстарымен танысты

Бүгін Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков шаһардағы бірқатар жол жөндеу жұмыстарымен танысты.

Әуелі қала әкімі «Бурыл» алқабына аялдады. Аталған алқап ширек ғасырдан бері жол игілігін көрмеген.
– Өздеріңіз білетіндей, өткен апта аяғында «Бурыл» тұрғын алқабында орташа жол жөндеу жұмыстары басталды. Құрылыс жұмыстарын «Арайстроймаркет» ЖШС-і жүргізеді.
Алқап тұрғындарының сұранысын ескере отырып, биыл негізгі қоғамдық көлік қатынайтын жолдар асфальтталынады. Қалған жұмыстар 2024 жылға жоспарлануда, – деген шаһар басшысы ең әуелі жолдың сапасына мән беру керектігін баса айтты.
Қазір құрылыс басында 10-ға жуық техника мен 20-дан аса адам еңбек етуде.

Бұдан кейін қала әкімі Сәтбаев көшесіне ат басын бұрды. Мұнда да құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде.
«Арайстройгруп» ЖШС мердігерлігімен қолға алынып жатқан жолдың ұзындығы – 2 шақырым 487 метр. Бұған дейін Қойгелді көшісімен Жамбыл даңғылына дейінгі аралыққа асфальт жабындысы төселіп, тиісті жұмыстар атқарылған болатын. Енді Жамбыл даңғылынан О. Иманалиев көшесіне дейін орташа жөндеу жұмыстары атқарылуда.

Жалпы, Сәтбаев көшесінде «Нұралы» базары орналасқаны баршаға белгілі. Жол құрылысы жұмыстарына байланысты қазір аталмыш базар қайта жаңғыртылып, заманауи киоскілер орнатылды. Соның нәтижесінде жол ауқымы ұлғайып, кең көлік тұрағының ашылуына мүмкіндік жасалды.
– Бұл көшенің бойында сауда орындары өте көп орналасқан. Жол құрылыс жұмыстарына байланысты киоскілер артқа шегерілуде. Әрине, мұның барлығы облыс орталығын көріктендіру мақсатында жасалуда. Сондықтан бұған кәсіпкерлер де түсіністік танытып, өз сауда орындарының маңайын көгеріштендіргені дұрыс болар еді, – деген қала әкімі жауаптыларға тиісті тапсырма жүктеді.

 

Тараз қаласы