Қала әкімінің ұлағатты ұстазға құрметі
Ұлағатты ұстаз, білікті басшы болған Бәтес Егембердиеваның есімі жамбылдықтарға жақсы таныс. Саналы ғұмырын білім саласына арнаған қоғам қайраткері 70 жасқа толды. Осыған орай Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков мерейтой иесінің шаңырағына арнайы барып, ұлағатты ұстазды мерекесімен құттықтады.
– Сіз отбасы мен әйелдер мәселелерін шешу ісінде, жас ұрпақты тәрбиелеу мен білім беру саласында елеулі еңбек еттіңіз. Еліміздің дамуына сіңірген еңбегіңіз, жұмсаған қажыр-қайратыңыздың арқасында Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты болып сайландыңыз. Осындай өмірлік жолыңыз елге мұра, жас ұрпаққа өнеге. Зейнетке шыққан соң да Тараз қалалық ардагерлер кенесінің мүшесі, «Әулие-Ата-Демеу» корпоративтік қорына басшылық етуіңіз соның айқын айғағы, – деген шаһар басшысы ұлағатты ұстазға сый-құрмет көрсетті.
Мерейтой иесі де өз кезегінде қала әкіміне ризашылығын жеткізді.
Бәтес Шайменқызы 1974 жылы Жамбыл педагогикалық институтының филология факультетін аяқтаған соң Жамбыл облысы Талас ауданы Үшарал ауылындағы орта мектепте ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып еңбек жолын бастаған. 1975-1990 жылдарда Талас аудандық және Жамбыл облыстық комсомол комитеттерінің, Қазақстан Компартиясы Шу аудандық партия комитетінің хатшысы, 1991-2004 жылдары облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары, қалалық білім беру бөлімінің меңгерушісі, қалалық еңбекпен қамту орталығының бөлім басшысы, директордың орынбасары, облыстық білім беру басқармасының басшысы, 2004-2012 жылдар аралығында Жамбыл политехникалық колледжінің директоры қызметтерін атқарған.
Ел игілігі үшін жұмсаған ерен еңбегі мемлекет тарапынан лайықты бағаланып, Талас, Шу аудандары мен Тараз қаласының «Құрметті азаматы» атағы беріліп, «Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі», «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгілерімен марапатталған.
Тараз қаласының әкімдігі