Қалады (Поэзия)

Биік санаған билік кеткен де,
Жағымпаз қашып момын қалады.
Суалып сауда береке кеткен де,
Долларың ұшып сомың қалады.
Жінігіп босқа сырапқа бассаң,
Жібегің тозып тоның қалады.

Бойыңды кесел ауру жайласа,
Бақырайып екі көзің қалады.
Анталап жетіп қиындық келсе,
Түксие түсер төзім қабағы.
Семіріп иті көзін шел басса,
Танымай тарпа өзін қабады.
Орынсыз жерде орағытсаңыз,
Базарсыз болар сөзің бағалы.

Жасың жеткен де мазасыз болсаң,
Жақының үркіп көлеңкең қалады.
Тізең кілтілдеп, белің бүгілсе,
Аралай алмай кең өлкең қалады.

Шырайы солған зинақор сұмның,
Күнәмен кірлеген ары қалады.
Дүние қоңыз Қарымбайлардан,
Ит-құсқа жем боп малы қалады.
Тілеуі дұрыстың тірегі құласа,
От жағып орнында жары қалады.
Түсінген жанға түбіне жетпес,
Қызық көрінгеннің бәрі қалады.

Табысың тартылып кірісің азайса,
Қадірің кетіп сүлдерің қалады.
Тыңдайтын құлақ таусылған шақта,
Айтылмай қор боп білгенің қалады.
Балаң бақырып, келінің кет десе,
Шығар да шықпас бір демің қалады.

Қуатың барда алдыңа келер,
Құнары күшті қалаған асың.
Бойыңнан қайрат сарқылған шақта,
Еңкейсең епсіз шала баласың.
Көзіңе көк шыбын үймелер көрде, 
Көмексіз жалғыз дара қаласың.
Бар болса Иман араша болар,
Құтылар Сонда наладан басың!

©Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ