Қалай күлгеніне қарап…
Күлкіге себеп болатын нәрсе көп, соның бірі – әзіл. Әл-Фараби бұл туралы: «Сөз тапқырлық – жақсы адамшылық қасиет және мұның өзі әзілді орнымен пайдаланғанда болатын нәрсе» деп, орнымен айтылған әзілдің кісі бойындағы ізгі қасиеттердің біріне жататындығын ұқтырған. Әзіл өз өлшемінен аспай, тамаққа қосылған тұз мөлшеріндей болғанда ғана сөздің дәмін келтірмек. Осы тұста «Әр ісі үлгі-өнегеге толы Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әзілдесетін бе еді?» деген сұрақ туындайды. Соңғы Елшінің (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өміріне көз жүгірткенімізде, жиі болмаса да оның әркез әзілдескенін көреміз. Тіпті, кейде «Уа, Алланың елшісі, сіз де әзіл айтасыз ба?»,– деп таңырқағандарға: «Иә, мен әзіл айтам, бірақ арасына өтірік араластырмаймын»,– деп жауап беретін (Тирмизи, Бирр, 57). Әзіл айтса да ақиқаттан аттамаған Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Әзілдеп болса да өтірік айтудан сақтанған адамға жұмақтың ортасынан жай беріледі» деп, әзіл айтудың да өз тәрбиесі барын үмбетіне ескерткен (Әбу Дәуіт, Әдеб, 7).
Алла Елшісінің (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әзілдері санаулы-ақ болған: Бірде бір қарт әйел келіп: «Мен де жұмаққа кірейін, дұға етіңізші»,– деп өтінгенде, Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)оған: «Қарт кісілер жұмаққа кірмейді»,– деп әзілдеді. Бұны шын көріп қалған әлгі әйел солқылдап жылап жіберді. Сонда пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Әйелдер қартайған түрінде емес, Алла оларды уыздай жас күйінде Жұмаққа кіргізеді»,– деп түсіндірді (Тирмизи, Шәмаил, 18).
Тағы бірде бір кісі келіп, мініске көлік сұрады. Пайғамбарымыз(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Жарайды, сені бір түйенің ботасына мінгізейік»,– дейді. Ол кісі: «Мен ботаға қалай мінем?»– деп таңданғанда, Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оған күліп: «Түйе – түйеден тумай ма, әр түйе бір түйенің ботасы емес пе?!»– деп әзілдегенін аңғартты (Әбу Дәуіт, Әдеб, 84).
Иә, иманды адам әрдайым байыпты болуы тиіс. Әзілдесе де орнымен әзілдеп, күлсе де білікпен күліп, тәрбиесі мен көргенділігін байқатуы тиіс. Өмірі тірі жанға жылы қабақ танытып, жылы сөз айтып, күлімсіреу дегенді білмейтін қаталдық пен қара дүрсін мінез оған жат. Үлкен әулие Жәләладдин Руми адамның күлкісі-ақ көп нәрсені аңғартатынын меңзеп: «Қалай күлгеніне қарап кісінің – әдептілігін, неге күлгеніне қарап – оның ақыл-өрісін танимын» деген екен.
Құдайберді БАҒАШАР