Қалдықтарды өңдеу қарқын алып келеді

Қазақстан қоршаған ортаны қорғауға барынша көңіл бөліп келе жатқан мемлекет. Ластануды бақылау мен басқаруды күшейту және қоршаған ортаны қорғау туралы заңдар мен тиісті нормативтік актілерді жүзеге асыру арқылы экожүйелерді қорғауға жәрдемдесу мақсатында мемлекеттік қолдауларды да жыл сайын күшейтіп келе жатыр. Мұнда қоршаған ортаны қорғауды мақсат ететін, қалдықтарды қайта өңдейтін кәсіпорындардың құрлысына мемлекет тарапынан қолдаулар күшейе бастады. Соның бір мысалы ретінде «Жасыл даму» АҚ демеушілік танытып отырған жобаларды айта кету керек.
Аталмыш компаняиның баспасөз қызметі таратқан мәліметтерде биыл «Жасыл даму» АҚ «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы жалпы сомасы 903 миллион теңгеге үш экологиялық жобаны қаржыландырды.
Мұндағы бірінші жоба- Рудный қаласында құрылыс қалдықтарын қайта өңдеуге, сұрыптауға бағытталған техно-экопарк жобасы. Өтініш беруші компания «Рудный-АБАТ-2006» ЖШС. Жобаның қуаттылығы жылына 50 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықтарды және 70 мың тонна құрылыс қалдықтарын сұрыптауға мүмкіндік береді. 40-тан астам жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Екінші жоба — Шымкент қаласында көлік дөңгелектерін қайта өңдейтін кәсіпорын- «Эко Шина» ЖШС-ның құрлысы. Жаңа өндіріс орындары іске қосылғаннан кейін, жыл сайын 10 000 тоннаға дейін дөңгелектерді қайта өңдейтін болады. Жоба аясында 80-ге дейін жұмыс орны құрылады.
Үшінші жоба — Рудный қаласында резеңке-техникалық бұйымдарды қайта өңдеу және кәдеге жарату өндірісін жаңғырту. Өтініш беруші компания «Еділ және компания» ЖШС. 15-тен астам жұмыс орны ашылады деп күтілуде, ал өндірістік қуаттылық жылына 543 тоннадан 8300 тоннаға дейін жететін болады.
Қаржыландырылған 3 (үш) жоба ел өңірлеріндегі қалдықтардың санын азайтуға, олардың қоршаған ортаға теріс әсерін болдырмауға бағытталған. Мұнда уақыт өте келе өңдеуге қажетті шикізаттарды өзге аймақтардан тасымалдап әкелуге де мүмкінік бар. Ол өз кезегінде қоршаған ортаны қоқыстардан тазартуға үлкен септігін тигізетін болады.
Ерқазы Сейтқали