Қалдырған ізі мәңгілік

Қолындағы бір бума қағазымен редакцияға келген еңселі ер адам өзінің көкірегінде тұнып тұрған естелігімен бөліскісі келетінін жеткізді. Зейнет жасындағы Ділдабай қария: «Арамыздан кетсе де, бейнесі көз алдымыздан кетпейтін, қалдырған ізі мәңгі есте сақталатын ұстаз Сара Рақманқұлқызы Ақкөзтегі деген есімді елі мен жұртының ойына бір салайын деп ем», – деді толқып.

Сара Рақманқұлқызының аты аталғанда мен де елең ете қалдым. Бірақ ол кісінің Ақкөз батырдың тікелей ұрпағы екендігін білмейді екенмін. Жеке басының да мемлекет үшін төккен тері, еткен еңбегі ұшан- теңіз болған адамды біздің өңіріміз танымауы мүмкін емес еді. Өйткені, кезінде есімі ел аузынан түспеген Сара Рақманқұлқызының педагогтік даңқы радио толқындарын шарлап, кеңестік кезең газет-жорналдарының бетін бермей жататын.

Сара Рақманқұлқызы он сегіз жасында сексеннің сеңгіріндегі Сыпатай батырдан бата алған, Қорағаты болыстығының болысы, 1916 жылғы Меркі (Әулиеата уезі) қазақтары ұлт- азаттық көтерілісін басқарған батыр Ақкөз Қосанұлының тікелей ұрпағы болып шықты. Меркі көтерілісі тарихта өзіндік із қалдырған айтулы оқиға. Бұл туралы Т.Рысқұлов, М.Тынышбаев, Г.Сапарғалиев, М.Қозыбаевтардың зерттеулерінде, Т. Қожакеев, Ш. Мұртазадай қаламгерлердің романдарында, мерзімді басылым беттеріне жарияланған Б.Әбілдаев, Ш.Мамасерікова, Б.Дауылбаевтардың шығармаларында көркем суреттелген. Дүние салғанда Ақкөз батырын елі хан сияқты арулап, ақ киізге орап, жерлеген. Тәуелсіздік алғаннан кейін ардақтап, құрмет тұтып, Тараз қаласынан көше және Меркі ауданының орталығындағы №12 мектепке атын берді.

Демек, өзінің ұлттық шекарасынан шығып, Жетісу облысын Сырдариямен, Қазақстанды Қырғызстанмен, Өзбекстан және Түркменстанмен байланыстырушы буын міндетін де атқарған көтерілісшілердің жетекшісі Ақкөз батырдан Сарадай өжет, өткір, табанды, талантты қыздың туылуы заңды да емес пе?!

Еңбек жолын 1937 жылы Тәтті ауылындағы орта мектепте мұғалімдіктен бастаған, Ұлы Отан соғысы қызып тұрғанда 1941-1945 жылдары Ойтал мектебінде сүйікті ісін жалғастырған жас мұғалима қыз үздіксіз қырық жыл қызмет атқарып, бұрынғы «Калинин», қазіргі өзінің бабасы Ақкөз Қосанов атындағы мектептен 1977 жылы зейнет демалысына шығады.

«Адам тегіне тартпай қоймайды» деп атамыз қазақ айтқандай, Сара өзінің мұғалімдік жұмысын атқара жүріп, қоғамдық жұмысқа да белсене араласқан. Соғысқа кеткен бауырларының балаларын тастамай, интернатқа өткізбей, өз қамқорлығына алып бағады. Ұстаздың аналық мейірімін жоғарыдағы Ділдабай қария да көріп өсіпті.

– Туған анамыздың аты Рәу еді. Бізді Рәу анамыз туды, ақ сүтін берді, бірақ тәрбиелеп, баққан осы Сара әпкеміз болды. Ол кісі біздің ғана емес, Ойтал ауылындағы бүкіл ағайын-туыстың әпкесі бола білді десек артық емес,– дейді Ділдабай қария.

«Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» дегенімен, түлкібұлаң тіршіліктің күйбең қамытын киген ел іші ұсақ-түйек, өкпе-назсыз бола бермейді. Сонда, бір-біріне тілі тиіп, жүз шайысып қалған жұрттың бәрі Сара ұстазға келіп жүгінген. Жағымпаздықты жанына жат санаған, алайда, кісі қабағына қарап, көңілін аулай білген, жылы сөзін аямаған Сара Рақманқұлқызы – нағыз ұстаз еді, қоғамдағы халық сенген, сүйенген, арқа тұтқан өкіл еді.

Мұғалімдік мамандықтың мәртебесі қандай жоғары болса, маңдай терді тамшылатар ауырлығы да сондай көп, ұстаздық кәсіптің оңайы жоқ екені бесенеден белгілі. Әсіресе, ата- анасының жанынан алшақтап, мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндерге әліп үйретудің жөні тіптен бөлек. Кейін кәдімгідей қатарға қосылып, мәнерлеп оқып, көркем жазып, айналадағы қоршаған дүниенің жұмбақ сырын түсіне бастайтын балапандарды білімді, зерек етіп қалыптастырып шығару қандай еңбек! Жоғары сынып мұғалімдері Сараның бастауыш буыннан дап-дайын қып әзірлеп шығарған талапты оқушыларын қуана қарсы алатын.

Айтса-айтқандай, Сара Рақманқұлқызының оқыту, жазуды үйрету тәсілдері өзгеше болатынын бірге қызмет істеген әріптестері, педагогтер қауымы аузынан тастамайтын. Кейін сол оқыту-жазу тәсілдерінің іс-тәжірибесі облыстық, республикалық деңгейде таратылып, насихатталды.

Ұстаздың алдынан мыңдаған ұл-қыз сауат ашып, ғылым мен білімге бой ұрды. Бір-бір биіктің басында жүрген сол шәкірттері бүгіндері біздің бойымызда Сара ұстазымыздың алтын тұлғасының бір ұшқыны бар деп мақтанышпен еске алады. Меркі ауылының әрбір отбасынан ұстаз оқытқан бір-бір шәкірт табуға болады. Бізге таныс шәкірттерінің бірі Ерғали Үркіншиев – білім саласына қосқан үлесі зор тұлға, Тараз Өңірлік университетінде проректор, декан қызметтерін атқарған, техника ғылымдарының кандидаты, профессор, ғылым докторы атанған.

Зейнеткерлікке шыққан соң да Сара Рақманқұлқызы қоғам ісіне белсене араласты. Көмек сұрап келгендерге қол ұшын созып, ақыл-кеңесін беруден жалықпады.

Егемен еліміздің алғашқы кезеңдерін де көріп кеткен ол кісі 1997 жылы, жетпіс беске қараған шағында дүние салады.

КСРО Халық ағарту ісінің үздігі, үш мәрте облыстық Кеңестің депутаты болған Сара Рақманқұлқызының еңбегі бағаланып, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, бірқатар мерекелік медальдармен наградталған. Ол кісіге Меркі ауданынан бір көшенің аты берілуі де көп нәрсені аңғартса керек.

– Сара әпкеміз бүкіл өмірін бізге және қызметіне сарп етті. Бізге алаңдап, отбасын да құрмады. Бірақ артында бауырларының балалары Қазихан, Ділдахан, Ділдәкүл, ұмытпай еске алып жүретін інілері, тәлім-тәрбиесін алған шәкірттері, елі мен жұрты, өлмейтін ісі қалды. Әпкеміздің туғанына биыл көктемде 100 жыл толып отыр.

Ақкөз бабасымен бірге рухы пейіште шалқысын дейміз. Асыл әпкені еске алып, оның өнегесін, ұлт руханиятына, ұрпақ өміріне қосқан үлесімен ерекшеленетін ұлағатты есімін кейінгі ұрпағыма жеткізу парызым деп білемін, – дейді Ділдабай Рақманқұлов ақсақал.

Үміт БИТЕНОВА