«Қалтақағарлардың» əрекеті азайып келеді

Жуырда ҚР ІІМ Көліктегі Ішкі істер департаментінде ведомство басшысы Аманжол Қабыловтың төрағалық етуімен кеңейтілген мәжіліс өтті. Жиында департаменттің былтырғы жылы атқарған жедел-қызметтік жұмыстары талқыланды. Елбасы Жолдауын жүзеге асыру бағытындағы бірқатар міндеттер нақтыланған болатын.

Алма-ғайып заманда апта не ай емес, тәулік сайын қылмыстық істердің жиі болатыны сөзсіз. Əсіресе, теміржол вокзалының маңайы ұры-қарының мекені екені жалпақ жұртқа айдан анық. Жолы түсіп, вокзалға бара қалған жандардың сақ болмаса, қалтақағарлардың жемтігіне айналуы бір-ақ сəт. Əңгімемізге арқау болып отырған департаменттің қызмет көрсету аумағында былтыр 2441 қылмыс тіркеліпті. Оның 1575-і қылмыс жəне қалған 866-ы қылмыстық теріс қылықтар екен.
Департаменттің Штаб-басқармасының бастығы полиция полковнигі Салтанат Жалғасбаеваның айтуынша, өткізілген кешенді ұйымдастырушылық-әдістемелік шаралардың нәтижесінде қылмыстар  11,9 %-ға, оның ішінде ауыр қылмыстар  11,2 %-ға, бұзақылық 14 %-ға, бөтеннің мүлкін ұрлау 11%-ға, алаяқтық 6,9 %-ға төмендеген.

Аталмыш жиында бірқатар желілік бөлініс басшыларының да есептері тыңдалды. 2017 жылы барлығы 54 мың құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 94,4 млн. теңге әкімшілік айыппұл салынған. Наркобизнеспен айналысушылардың да жолын Департаменттің желілік бөліністерінің қызметкерлері кескенін айта кету керек. Мәселен, көлік полицейлері заңсыз айналымнан 255 келі түрлі есірткі заттарын тәркілесе, есірткі контрабандасының 15 фактісін анықтапты.

Жиын соңында кадр саясатын жетілдіру, жауынгерлік-қызметтік дайындық және жеке құрам арасындағы тәртіпті қамтамасыз ету бойынша шараларды нығайту мәселелері сөз болды. Сондай-ақ, А.Қабылов былтырғы жылы жіберілген кемшіліктерді алдағы уақытта болдырмаудың жолдарын айта келіп, ішкі істер желілік бөліністері басшыларына азаматтардың өтініштері мен хабарламаларын толық тіркеу, әуе және темір жол көліктері нысандарында орын алған қылмыстарды ашуды жалғастыру бойынша бірқатар міндеттер жүктеді.

Ерекше айта кететіні, бір ғана Астана қаласының екі бірдей теміржол вокзалынан тәулігіне 35 мың, ал «Назарбаев» əуежайынан 10 мың жолаушы қатынайды екен. Мереке күндері бұл көрсеткіш екі есеге артатын кездер де болады дейді мамандар. Бұл көлік полицейлерінің міндетін күшейтпесе, жеңілдетпейтіні бесенеден белгілі. Дегенмен, жолаушылар да «Сақтықта қорлық жоғын» ескеріп, вокзал, əуежай маңайында жеке заттарына мұқият болғаны жөн.

 

Ермұрат Назарұлы