Қалжалы әйелден – олжалы ұл өседі
Қалжа – жас босанған келінге арнап байланған қой. Әйелдің өмірінде оның мәні зор. Қалжаға сойылғанn — қойдың алты буыннан тұратын мойын омыртқасын бірінші күні келіннің өзіне тісін тигізбей, қолымен мүжітеді. Еттен тазарған жұлынды тік таяқшаға кигізіп, баланың мойны қатқанша керегенің басына іледі. Бұл – баланың мойны тез қатайсын деген ырым
Жаңа босанған келінге ешкі етін беруге болмайды. Өйткені, ешкі еті желді болады. Әйелдің тұла бойындағы суықты қоздырып, көне-жаңа аурулардың мазалауына себепші болады.
Қазақта «Қалжалы бала – батыр, қалжасыз бала – қалжыр» деген сөз бар. Егер жігіттердің бір жұмысқа әлі келмей, жығылып қалып жатса, «Сен туғанда шешең қалжа жемеген бе?» – деп қағытқан. Қалжаны кей өңірлерде қыздың төркіні де әкеп жатады, бірақ, қалжа, негізінен, келіншектің күйеуінің мойнындағы міндет-парызы есептеледі. Енелері қалжаға сойылған қойдың етін ұсақтап турап, 40 күн бойы келіндеріне беріп, жас сорпамен терлеткен. Осы терді қазақ «қалжа тер» немесе «шілде тер» деп атайды.