Кәмелетке толмаған балалардың заңды өкілінің құқықтары сотпен қорғалды

Жамбыл облысы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотымен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің (әрі қарай – ӘҚБтК) 448-бабымен көзделген әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін азаматша М.-ға қатысты әкімшілік іс қаралды.

Іс материалдарына сәйкес, Қаратау қаласының тұрғыны азаматша М.-ның жастары кәмелетке толмаған балалары 22.04.2017 жылы туған ұлы С. және 10.03.2019 жылы туған ұлы Ә. Қаратау қаласы Б.Момышұлы көшесінде орналасқан «Жастар» саябағында қоғамдық орында демалатын орындықтарды сындырған.

ӘҚБтК-нің 448-бабында он алты жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар жасаған вандализм, яғни мемлекет қорғайтын тарихи-мәдени мұра объектілерін, тарих және мәдениет ескерткіштерін, табиғи объектілерді жазулармен немесе суреттермен немесе қоғамдық имандылыққа қиянат жасайтын өзге де әрекеттермен қорлағаны үшін ата-анасының немесе оларды алмастыратын адамдардың әкімшілік жауаптылығы көзделген.

«Қазақстан Республикасының Жер кодексінің» 127-бабының 1-бөлігінде тарихи-мәдени мұра объектілері, оның ішінде тарих және мәдениет ескерткіштері орналасқан жер учаскелері тарихи-мәдени мақсаттағы жерлер деп танылатыны көрсетілген. Бұндай жерлерге ерекше статус беріліп, ол мемлекеттің қорғауында болады.

Сотта азаматша М. әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен келіспей, оқиға болған күні 7 және 5-жасар ұлдары  саябақта достарымен бірге ойнап жүріп, саябақта орналасқан бір орындықтың ағашының болттарынан босатып, сол жерге тастап кеткенін, бірақ балаларының оны қиратпағанын, жас ерекшеліктеріне сәйкес оған шамалары жетпейтінін, кейіннен орындықты жөндеу үшін саябаққа барғанда, әкімдік өкілдері жөндеп ағаштарын қайта қағу не болтарын бұрау қажет емес деп кешірім бергенін түсіндірді.

Сот азаматша М.-ның жасы кәмелетке толмаған ұлдары С. мен Ә.-нің қоғамдық орында орналасқан орындықтың ағашын сындыру әрекетінде ӘҚБтК-тің 448-бабында көрсетілген әкімшілік құқық бұзушылықтың құрамы жоқ деген тұжырымға келіп, сондай-ақ ӘҚБтК-нің 435-бабында тек он төрттен он алты жасқа дейінгі кәмелетке толмаған баланың бұзақылық әрекетін жасағаны үшін ата-анасының әкімшілік жауаптылыққа тартылатынын ескере отырып, әкiмшiлiк құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты iс өндірісі тоқтатылды.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.

 Өз тілшіміз