КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАР ҚҰҚЫҒЫНЫҢ ҚОРҒАЛУЫ БАСТЫ НАЗАРДА

Ағымдағы жылдың 6 тамызында аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы аудан әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы М.Төлеулиевтің төрағалығымен өтті. Комиссия мүшелерінің толық құрамы және прокуратура қызметкерінің қатысуымен өткен отырыстың күн тәртібінде 3 мәселе қаралды.
Аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Үсен Айнақұл «Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу мақсатында ұйымдастырылған түнгі рейдттік іс-шаралардың есебі туралы» баяндама жасап, түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғынжайдан тыс жерде болған кәмелетке толмағандарға қатысты олардың заңды өкілдеріне 126 әкімшілік хаттама толтырылғанын және кәмелетке толмағандардың түнгі мезгілдегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмыстардың одан әрі тұрақты жүргізілетінін хабарлады.
Аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев «Кәмелетке толмағандарды қорғаншылыққа, қамқоршылыққа, патронаттық тәрбиеге алған ата-аналармен жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы» баяндама жасап, аудан бойынша жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 14 балаға көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдаулар туралы баяндап, олардың үй-тұрмыстық жағдайлары, мемлекеттік қосымша көмектерге мұқтаждықтары бақыланып отыратынын хабарлады.
«Жастар ресурстық орталығының» директоры Мәди Күнту «Кәмелетке толмағандар арасында нашақорлық пен уытқұмарлықтың профилактикасы туралы» баяндама жасап, жастар арасындағы нашақорлықтың алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау бағытында өткізіліп жатқан іс-шаралар туралы хабарлады.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша өзекті сұрақтар талқыланып, бірқатар хаттамалық тапсырмалар енгізілді.
М.АЛДАСҮГІР,
Мойынқұм ауданы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия хатшысы