ҚАН ТАЗАЛЫҒЫ — ҰЛТТЫҢ АЛТЫН ДІҢГЕГІ
XV ғасырда қазақ хандығының негізін қалаушы Керей ханнан кейін ел басқарған Жәнібек ханның кезінде кеңесшісі, Жиренше шешен қатты ауырыпт қалады. Жақын жердегі белгілі емші, бақсыларды шақыртып қаратса да, еш ем қонбапты. Соңында хан атақты Өтебойдақ емшіні шақыртады. Емшінің емінен кейін Жиренше шешен дертінен құлан таза айығыпты. Хан емшіге риза болып, бірнеше сұрақ қойған екен:
— Қандай ауруды емдеу қиын ?
— Тұқым қуалайтын ауруды емдеу қиынның қиыны.
— Ал оның алдын алуға бола ма ?
— Жеті атаға дейін қыз алыспау қажет, — деп жауап беріпті емші.
Шипагердің айтқанын жадына тоқыған Жәнібек хан халқына жеті атаға дейін туыстық қатынасы бар адамдарға үйленуге тыйым салынады, кімде-кім бұл заңды бұзса өлім жазасына кесілсін деген жарлық шығарыпты. Осыдан кейін «Алаш» ұранды күллі қазақ өздерінің және ұрпағының қан тазалығына мұқият болған деген аңыз бар.
Кейін әз Тәуке хан өзінің «Жеті жарғы» заңдар жинағын жарыққа шығарғанда да:
«Жеті атаға толмай қыз алыспау – ата-бабамыздан бері келе жатқан қатаң құқықтық заң-ереже. Дүниеге келер ұрпақтың қанының тазалығы мен денінің саулығын сақтау мақсатында жеті атаға дейін қан араластырмау шарты және ұрпағымыздың саулығын сақтап тұрған алтын тіреу» — деп заңмен бекітіпті.
Бәрімізге белгілі жігіттің үш жұрты бар «өз жұрты, нағашы жұрты, қайын жұрты». Міне осы үш жұрттың ішінде өз жұрты мен нағашы жұртынан ешқашан қыз алыспаған екен…
Бүгінде әлем елдері қазақ халқының қонақжайлығы мен қатар қан тазалығына тәнті болып жүргені сөзсіз. Олай болатын жөні де жоқ емес, осы қан тазалығын анықтаумен айналысатын Оңтүстік Кореялық ғалымдар дүниежүзі халықтары қанының құрамын тексеріп, ең таза қазақтың қаны екенін дәлелдеген. Зерттеу барысында қазақтың қырық үш руының қанын тексергенде, әлгі қырық үш рудың қаны бір адамның қанындай болып шығыпты.
Қазақтар өзімізді «жылқы мінездес» деп айтамыз. Біле — білсек сол жылқыны басқа жануарлардан ерекшелейтін бір қасиеті бар. Ол тазалығы мен тегіне деген адалдығы.
PS: Тарихшылар Испания корольдігінде Габсбург әулеті өз жақын туыстарына үйленуінің кесірінен тұқымымен құрып кетіпті дегенмен қатар, 1917 жылы тақтан құлаған Ресей патшасы ІІ Николайдың баласының «гемофилия» қан тоқтамайтын сырқатпен ауырғанының басты себебі ақсүйектер әулеті Романовтар өзара қыз алыса берулері деген болжам айтады..
Қобланды АБЕНОВ