КАНАЛДАР ТАЗАРТЫЛЫП ЖАТЫР

Ауданда егістік жерлерді суғаруға арналған 2 су қоймасы (Ынталы және Бүркітті) және 16 су жеткізуге арналған магистралды каналдар бар.
Аудандағы су жүйелері каналдарының жалпы ұзындығы 109,4 км.
Су қоймалары «ҚазСуШар» РМК мекемесінің теңгерімінде, ал каналдар толық аудандық коммуналдық меншікте.

Аудан әкімінің орынбасары Қайрат Амановтың бастамасымен және ауылдық округ әкімдерінің ұйымдастыруымен «Ынталы» су қоймасы уақытша жабылып барлық каналдардың бойы тазаланды. Су пайдаланушы шаруалар, ауыл тұрғындары каналдардың бойын тазалауға жаппай кірісіп, маңайындағы шөптерді орып, табандарын тазалап, каналдарды қоқыстардан тазартты.

Бүгінде 3 каналға (Бүркітті, Жаңа Кәрітоған және Сарыөзек) лоток жүйелерін орналастыру жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, 652,3 млн. теңгеге облыстық бюджетке өтінім берілді.

Бүгінгі күні Бүркітті каналын жөндеу жұмыстарына 124,3 млн. теңге қаражат бөлінді. Аудан әкімдігінің қаржы бөлімі мемлекеттік сатып алу заңының талаптарына сәйкес, конкурс жүргізуде.

Қазіргі таңда Ынталы су қоймасында 14,4 млн м3, ал Бүркітті су қоймасында 3,3 млн м3 су бар.

Егістік алқаптар кезең-кезеңімен суғарылуда.

Сарысу аудан әкімдігі баспасөз қызметі