Қант қызылшасына қолдау жоғары
Меркі – аймақтағы қант қызылшасын өсіруде рентабельділігі жоғары ауданның бірі. Мәселен, өткен жылы облыс бойынша «Меркі қант зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне өткізілген 117 мың тонна балтамырдың 38 пайызы меркілік шаруа қожалықтарына тиесілі. Сондықтан аудан басшылығы аудандағы қант қызылшасын өсіруші шаруа қожалық басшыларын жинап, семинар-кеңес өткізді. Сөйтіп, аудан басшылығы шаруа қожалықтарымен бірлесе отырып көктемгі қант қызылшасын егу жұмыстарына дайындықты қазірден бастап кетті.
Аудан әкімі Жорабек Баубеков әуелі Меркі ауданы бойынша қант қызылшасының өндірісін дамыту мақсатында атқарылып жатқан жоспарымен бөлісті.
Әкімнің айтуынша, өткен жылы Меркі ауданында 1780 гектар алқапқа тәтті түбір орналастырылған. Биыл оның көлемін мың гектар алқапқа ұлғайтып, 2700 гектарға жеткізуді межелеп отырғанын айтты. Ол үшін осынша алқапқа қажетті тұқым қоры жинақталғанын жеткізді.
Ал ағын су мәселесін шешу бойынша ауданда «Қазсушар» мекемесімен келіссөздер жүргізілуде. Аталған мекеме шаруа қожалықтарымен бірігіп, әр шаруашылыққа қажетті судың мөлшерін анықтау мақсатында зерделеу жұмыстары басталып кетіпті. Сонымен қатар ауданда су тапшылығын шешу мақсатында су қоймаларын салу жұмыстары да қолға алынған.
Балтамыр жинау науқанына өткен жылы 87 техника жұмылдырылыпты. Биыл техника санын арттыру үшін оның санын анықтап, оны лизинг жүйесімен алу жұмыстары қолға алынған.
Аталған семинар-кеңесте облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Шәкір Момынқұлов сапалы өнімнің негізгі кепілі – элиталы тұқым екенін айтты.
– Өткен жылы облыста қант қызылшасы 5,5 мың гектар алқапқа орналастырылып, одан 182,1 мың тонна өнім жиналды. Аймақ бойынша әрбір гектардан жиналған орташа өнім 415,7 центнерді құрады. Алдыңғы жылмен салыстырғанда өнім 45,8 мың тонна артық өндірілген. Ал биыл облыста қант қызылшасы алқабын 10400 гектарға жеткізу жоспарлануда. Онымен 6 аудан айналысуда. Тәтті түбірдің көбі Шу, Меркі мен Байзақ аудандарының үлесінде. Бір атап өтерлігі, өткен жылы балтамырға қант зауыты тарапынан 15 теңге, мемлекет тарапынан 15 теңге субсидия ретінде берілген еді. Биыл қант зауыты 15 теңгеден өнім қабылдаса, мемлекеттен балтамырдың әрбір килограмына 10 теңге қосылып, 25 теңгеден субсидияланады. Сөйтіп, оның көлемі 40 теңгені құрайтын болады, – деді Шәкір Момынқұлов.
Семинар барысында басқарма мамандары шаруа қожалық жетекшілері тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, мемлекет тарапынан берілетін субсидиялар мен жеңілдіктер туралы ақпарат берді.
Марат ҚҰЛИБАЕВ, Меркі ауданы. Ақ жол газеті