Қапқа салған картоппен қанша жерге барамыз?
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орайластырылған «Қуатты өңір — Қуатты Қазақстан» акциясы Астана төрін дуға бөлеген айтулы шаралардың бірі болып есте қалды. Мұндай жәрмеңкелер әр жыл сайын түрліше деңгейде ұйымдастырылып келген болса да, биылғыларының көлемі де, көрнісі де өзгеше болды. Мемлекеттік деңгейдегі науқандық шаралардың ішіндегі осы жәрмеңкелердің дүбірі де қарашаның басына дейін жетті. Өткен аптада «Хан шатыр» СОО жаңындағы алаңда болған қорытынды жәрмеңке биылғы 25 жылдыққа арналған жәрмеңкелердің сірге жияры еді.
Астана қалалық әкімшілігі ауылшаруашылық басқармасының жариялаған мәліметіне қарағанда, қыркүйектің басынан қараша айына дейін әр аптаның соңында ұйымдастырылған жәрмеңкелерде жалпы сомасы 2 миллиард 722 миллион теңге болатын ауылшаруашылық өнімдері сатылған екен. Осындағы жалпы сатылымға шыққан өнімдер әдеттегі нарықтағы бағадан 15-20 пайыз мөлшерінде төмен болып ты. Бұл шаралар негізінен өңірлерден келген ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілері мен шағын және орта кәсіпкерлер үшін де бел гілі деңгейде тиімді болғаны анық. Тиімділігі аймақтардағы шаруалар өз өнімдерін үлкен базарға делдалсыз салғандығы, басым бөлігін саудалап бітіргені еді. Біз өз кезегінде журна листік қызметімізді атқара жүріп, осында бо лып өткен жәрмеңкелердің барлығына қатысып шықтық. Аталмыш шара ауыл шаруашылығы өнімдерінің сатылымы ғана емес, өңір мәдениетінің айшықтарымен де таныстыратын мәдени іс-шаралармен ұштасып отырды. Мысалы, Батыс Қазақстан облысы осы жәрмеңке аясында Астанадағы зиялы қауым алдында «Әбіш әлемі» журналының тұсауын кесті. Еліміз тарихы мен мәдениетін ұлықтауға өзіндік үлесін қосар бұл журналдың болашағына жиналған қауым сенім білдірісіп қайтты. Ал ШҚО, қазыналы қарт Алтайдың тылсым құпиялары өңірден табылып жатқан археологиялық жәдігерлерін көрмеге қойды. Осы көрмеде ежелгі сақтардан қалған сарқытты көрген адамдардың таңданбағаны жоқ еді. Сары алтыннан соғылған, жасалуы өте нәзік әшекей бұйымдардың қандай тех нологиямен жасалғаны бүгінгі таңда ғылым әлеміне әлі күнге жұмбақ күйінде екен. Сондайақ, өңірлердің өнеркәсіптік әлеуетін айғақтаған көрмелер де еліміздің ілгері дамуының айқын дәлелдері болатын.
Қазақстанды әлемдегі ірі ауылшаруашылық елге айналдырудың мүмкіндіктері де осы жәрмеңкелерден көрініс тапқандай еді. Алайда өнім түрлерінің аздығы алда атқарылар шаруалардың шаш етектен екенін ескерткен дей. Олай дейтініміз биылғы жәрмеңкелердің сөрелерінде түгелдей картоп, сәбіз, пияз, ай ран, сүт, ет жұмыртқа, шұжық деген секілді саусақпен санарлық өнім түрлері сіресіп тұрды. Жер жәннаты Жетісу мен климаты қолайлы саналатын ОҚО, Жамбыл облысы секілді аграрлы аймақтардың өзі алма, алмұрт секілді бір неше түрлі жемістен ары асқан жоқ. Осында бір есте қаларлық жағдай Жамбыл облысынан келген апорт алмасы еді. Дәмі де, сапасы да жұрт көңілінен шыққан осы алмаға жергілікті әкімшілік кезінде субсидия бөлген екен. Аты аңызға айналған апортты қайта өркендетуге құзырлы орындар осылайша қамқорлық танытып жатқанының өзі неге тұрады?
Сарапшылар соңғы жылдары Қытай мен Қазақстан арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерін саудалау мен өндіруге байланысты жасалып жатқан келісімдердің елімізге тиімді болатын тұстарына баса назар салып отыр. Себебі осыншама көп халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету жағында Қытай үкіметі шетелдерге де қыруар қаражатын шығындап отырғаны анық. Осы орайда еліміздің шаруалары өнім түрлерін молайтып, түсімді арттыру жағына көңіл бөлмесе, бәсекеден құралақан қалатыны анық. Себебі осынау жәрмеңкелерде сол көрші Қытай мен Өзбекстан елдерінен тасымалданып жатқан көкөністердің «Қуатты өңір — Қуатты Қазақстан» акциясынан «төбе көрсетіп» жүргенін де байқадық. Бұл жерде жергілікті әкімшіліктегі азаматтардың «пысықтығын» сынаудың керегі жоқ та шығар… Себебі «барымен базар» бола беруде талғамы жоғары алармандарға алданыш бола бермесі анық қой. Осы орайда, облыстағы атқа мінерлердің «құлақтарына алтын сырға», өңірлерде көкөніс алқаптарын тез қарқынмен ұлғайту керектігі дер едік. Себебі сұраныс болмаса, еліміз нарығына шетелдің көкөністері сұғынып кіріп, тайраңдап жүрмес еді. Халық та оларды іздемес еді. Астана қалалық әкімшілігінің ақпаратына қарағанда, алдағы уақыттарда осы тектес жәрмеңкелер тұрақты түрде өтіп тұрмақ. Өз кезегінде бұл ішкі нарыққа да аздап серпін берері сөзсіз. Десе де, қапқа салған картобымыз бен қанша жерге барарымыз да ойланарлық жайт…
Ерқазы Сейтқали