ҚАРА АЛТЫНҒА ТӘУЕЛДІ ЕЛДЕРДЕН МАЗА ҚАШТЫ… Президенттің қатысуымен Ақордада шұғыл жиын өтті
Әлем экономикалық дағдарыс алдында деген қауесет шыққалы да біраз уақыт өтті. Әр мемлекет қал-қадірінше дайындық жасап қамдануда. Бұл жағынан Қазақстан да қамсыз жатқан жоқ. Әлеуметтік әлсіз топтарды қолдауға, қымбатшылықты болдырмауға бар харекетті жасап жатыр. Әйтседе соңғы жылдардағы мұнайға қатысты дүрбелең көптеген елдердің ұйқысын қашырса, біздің елге де оңайға соқпайтын түрі бар.
9 наурыз күні доллар бағасы 400 теңгеге күрт көтеріліп барып 394.5 теңгеге табан тіреді. Бұл әрине алаңдайтын жайт. Өйткені мұнай бағасының көтерілуіне доллардың әсері күшті. Доллар көтерілді дегенше, елдегі азық-түлік пен киім-кешек «уралап» шыға келеді. Мұның арты қарапайым халықтың қалтасына ауыр салмақ.
Осыны сезді ме, 9 наурыз күні Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің және Мемлекет басшысына тікелей бағынышты органдардың жетекшілерімен кеңес өткізді. Онда әлемдегі қаржылық-экономикалық ахуал және оның Қазақстан экономикасына әсері жөнінде мәселелер талқыланды.
Президент Үкіметке, Ұлттық банкке және басқа да мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырма берді. Басты тапсырма – мемлекеттің халық алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелерін толық көлемде орындау. Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, Премьер-Министрдің тікелей басшылығымен Шұғыл әрекет ету штабы құрылды. Дағдарысқа қарсы іс-қимылдар жоспары әзірленеді, ірі кәсіпорындарда халықты жұмыспен қамтуға қолдау көрсету жөнінде арнайы жоспар дайындалады. Президент халықты мүмкіндігінше көбірек жұмыспен қамту мәселесін аса маңызды деп санайды.
Үкімет 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджетті нақтылау жөнінде ұсыныс енгізеді. Мемлекет басшысы бюджет шығындарын қысқарту, өңірлерде халықты жұмыспен қамтамасыз ету, еліміздің қаржы-валюталық нарығын тұрақтандыру, республикалық және жергілікті бюджеттерді оңтайландыру бойынша шаралар қабылдау қажеттігін айтты. Осы орайда әлеуметтік желіден алынған екі азаматтың Ақордада өткен шұғыл жиын туралы пікірлерін ұсынып отырмыз.
Дәркенов Құрманғали, тарихшы: «Әлемдік экономикада сонау, 1991 жылдан кейін мұнай бағасының күрт төмендеуі байқалды. Естеріңізде болса, ол Кеңес Одағын тығырыққа тіреп, ыдырауға алып келіп еді. Ал, қазір «Бренд» мұнайының барелі 31 долларға дейін құлады. Бұл мұнайға сұранысы жоғары алпауыт елдерге тиімді болғанымен, мұнайға қарап отырған елдерге, бізге, сондай-ақ, Ресейге де ауыр соғады. Экономиканы диверсификациялау, яғни әр тараптандырудың жүзеге асырылмауы, ішкі нарықта да Ресей, Қытай тауарларының басымдылығы бізде дағдарысты тереңдетіп жібере ме деген қауіпті тудырып отыр. Қайтеміз, енді мұнайға бағаның көтерілуін күтеміз бе, әлде тиімді реформа болар ма екен?».
Ербол Азанбек, kaspi.kz баспасөз хатшысы: «….Экономикадағы небір сұрапыл мәселелер қазақтың назарынан тыс өтіп жатыр. Бүгін Президент экономикадағы ахуалға байланысты жиын өткізді. Доллар айырбастау пункттерінде 400 теңгеден сатылып барып, 394.5 теңгеге түсті. Көтеріліпті, тағы көтеріледі екен деп айырбастау пункттеріне жүгіріп бармаңыздар. Ертең қор биржасы ашылған соң ары қарай не боларын бағамдаймыз).
Доллардың күрт өсуіне жалпы алғанда (жалқы алғанда емес) біздің ішкі жағдайдың қатысы жоқ. Бүгін Ресейде доллар 72 рубльге көтерілді. Fitch сияқты әлемдік компаниялардың сарапшылары Ресейде девальвация, бюджет тапшылығы болады деп жатыр. Ресей билігі болса «Ұлттық қордағы қаражатымыз мұнай бағасы барреліне 25-30 доллар болса да 10 жылға дейін бюджет тапшылығын ұстап тұра аламыз», – дейді. Қысқасы бүгінгі доллар бағасының өсуі бізде ғана емес. Тоқаевтың жиын өткізуі де әлемдік нарықтағы жағдайға дайындық сыңайлы. Алаңдауға негіз бар.
Доллар бағасының бірден өсуіне ОПЕК+ келісіміне қатысушы елдер өткен жұмада қазіргі бар келісімді ұзартуға немесе жаңадан келісім жасауға келісе алмаған. Нәтижесінде 1 сәуірден бастап мұнай өндірісінің көлеміне шектеу алынып тасталды. Оның нәтижесінде мұнайдың әлемдік бағасы 30%-ға (Brent 28,69%, WTI 31,35%), 2016 жылғы төменгі көрсеткішке түсті. Енді Сауд Арабиясы мұнай өндірісін ұлғайтып, мұнай бағасын төмендетеміз деп отыр. Онысын Ресеймен жарысқа бағыттаған сыңай танытқан. Бұдан сарапшылар мұнай өндірушілер арасында өзара баға соғысы басталып кетуі мүмкін дейді. Ресейлік сарапшылар ертең мұның салдарынан Ресейлік қор биржасында құлдыраулар тағы болады деп отыр. Мұның салдарынан нарықта алыпсатарлық құбылыстар болады. Доллар бағасы өседі, түрлі тауарлар қымбаттайды. Соңғы уақытта коронавирустың әлемдік экономикаға әсері сезіле бастады. Осының бәрі әлемдік экономикадағы жағдайды біраз ушықтыратын сыңайлы. Барымыз мұнайға байланған елміз. Ресей көрші. Әсерін сеземіз. Бүгінгі Президент өткізген жиын осының бәріне тас-түйін дайын болу туралы сияқты…
Нағашыбай Қабылбек