🍞ҚАРА НАННЫҢ ҚАДІРІ

Таңертең дүкенге нан алуға барғанмын. Сөреден жаңа піскен нанның келмегенін көріп, кешегіден қалғанын ала салдым. Түскі асты ішіп отырғанда қызым Аяжан :»Тууу, мына нан неге жұмсақ емес, дәмсіз!»- деп ыдысқа лақтырып жіберді. Тамақ ішіп отырғанына қарамай, «Нанды лақтырғаның дұрыс емес!» -деп қолын қатты қағып жібердім. Қарсыда атам отырған. «Қызға не дейсің, оған өзіміз кінәлі» деді.(Сен кінәлісің! -деген жоқ, айналайын ақ папа!) Расымен де, жоқшылықты көріп қалған соң ба, өзіміз жемесек те баланың алдына бар тәттіні үйеміз. Қолындағысы сәл жерге түсіп кетсе ,мусорға лақтыр, жердегіні жеме дейміз. Тамақтың тек свежийін береміз, жылытпа дегенді осы күнгілер менсінбейді. Таңертең жылы сүтпен қосып, нанның орнына тәтті батон ұсынамыз. Бір күн кеспе, бір күн картоп жесе, ойбай манты жасайық, кеше пісіргенді бүгін жемейді ғой деп жан ұшырамыз. Одан қалды бауырсақ, оны жемейм десе бәліш, артынша құймақ деп, бар тәттіні алдарына үйіп, ауыздарына тығамыз. Расымен де кім кінәлі? Бала ма? Жоқ… ,әрине, өзіміз! Қолда бардың қадірін, тоқтықтың қадірін үйретпеген, айтпаған өзіміз кінәліміз! Жоқшылық көрмеген, оны сезбеген, оны естімеген бала кінәлі ме? Жоқ!
📌📌📌
Бастауышта оқып жүрген кезім, тоқсаныншы жылдардың ортасы ғой. Үйде нан болмай қалатын кездер көп болатын. Нан тұрмақ ,ұн тапшы заман еді ғой. Ауыл боп қолдиірменге бидай тартып жейтін. Мінезі қисық, шатақ болса да әкем шебер кісі болатын. Шешеме қолдан электрлі диірмен жасап берді. Анам түнімен ұйықтамай, таңға дейін ауыл адамдарының бидайын тартатын. Әйтеуір қап-қап бидай тартып, еңбегіне бір шелек бидай айырбастайтыны есімде қалған. Күз демейді, қыс демейді, шешемнің күні суық шоланда өтетін😪 Сонда деймін-ау, анау бидайың бірінші сортты болса ғой, шіркін деп армандайсың.
Қазір соны малға да бермейміз ғой😔

Одан қалды қара бидайдандан тартылған ұнмен нан ашытады, ол мүлде көтерілмейді, форманың түбінде былжырап ,жабысып тұрады. Соны ошаққа салып алады. Еххх, шіркін-ай, қап-қара болса да ошаққа піскен қатқан нан алдымызға келсе ыстық бәліш келгендей майға қосып, соғып алатын едік😪
Бауырсақ дегенің де сол, тоң майға пісіреді, оны ыдысқа аударғанша қатып кетеді. Пештің түбінде пісіріп жатып, мені шақырып алып, суымай тұрғанда жеп алшы дейтін😔.
Әйтеуір столдың үстінде тоңмайға пісіп, қатып қалған бауырсақ тұрса да біз үшін ол күн мейрам, той еді ғой… Ал қазір ,қазіргі ұрпақтан оған кім сенеді…
📌📌📌
Баламыз ғой, арасында еркелегіміз ұстап, қиғылық саламыз. Сабақтан қатты қарным ашып келген болу керек, бір күні мамаға «нан жегім кеп тұр» деп байбалам салдым. Үйде тілім нан жоқ екенін біліп тұрсам да, әлек салып жыладым. Шешем үйден үндемей шығып кетті. Артынан сыртқа шықсам, ескі сарайда тығылып жылап отыр😪
Білмеймін, шешемнің сол көз жасын көрді ме, ауылда ауқаттылау тұратын, араласатын құрбысы -Гүлжан апа (Гульжан Калакова )аяқ асты үйге кеп қалмай ма? Мамам, барымен шәй әзірлеп жатыр. Үстелде нан жоқ екенін сезіп, шәйдан кейін сол бойда, үйіндегі артық тұрған бір қап астықты өзі шанамен сүйреп әкеп тастады ғой. Шешем байғұс бір жылап, бір күліп қуанып жүр.. .

Сол күнгі қуанышты, сол күнгі нанды тойып жегенім әлі күнге көз алдымда.

😔Жаным, Гүлжан апа, ұрпағыңызбен мың жасаңыз, құдай берсе, Сізге берсін!
«Жоқтықтың қадірін- тоқтықта ұмытпа» деген. Қызымның кешегі қылығы бала тәрбиесіндегі бізден кетіп жатқан кемшілікті көрсетті. Тез жиналып, қолға алу керек! Бұл жалғыз менің емес, көптеген жас ата-ананың басынан өтіп жатыр ғой. Тоқ заманда өсіп жатқан ұрпағымызға анда-санда жоқтың да қадірін түсіндіріп жүрсек ,артық болмас ,-деген ой түйдім! Өйткені, бүгін тоқ болғанымен, ертең жоққа тап келсе, қайтіп күн көрмек! Алдын ала ескерту бергеніңе, шүкір, Алла! Жоқ болсам -жыламауға, тоқ болсам -тасымауға, жайнап жүретін жастық шағың жоқшылыққа тап болса да, сынып кетпей, бір отбасын ұйытып, осы күнге жеткізгенің үшін, рахмет сізге, АНА!
(Лаззат Шағатай парақшасынан)