Қарабұлақта ет-сүт коперативтері көптеп ашылуда
Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданында Қарабұлақ деп аталатын үлкен ауыл бар. Ол жерде бейресми мәлімет бойынша 50 мыңға жуық халық тұрады. Қарабұлақтың ауыл деген атауы болмаса, кейбір аудан орталықтарында жоқ тірліктер жасалып жатыр. Ауыл тұрғындары негізінен егістік пен мал шаруашылығын қатар дамытып келеді. Соның арқасында мыңдап мал бордақылаған кәсіпкерлер де жоқ емес.
Соңғы кездері ауылда ет және сүт қабылдау бекеттері көптеп ашылуда. Атап айтқанда, «АгроНұрИнвест» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі мал бордақылау мен сою бекеттерін іске қосып, жұмысты жаңа бағытта іске асыруға кірісті. Аталған пункт Қарабұлақ ауылдық округінде орналасқан. Субсидияландыру бойынша мемлекеттен қолдау алған бұл жобаның құны 9 миллион теңгені құрайды. Биылғы жылдың 22 ақпанында құрылған қооперативте бүгінде 130 мүше бар. Бордақылаудағы мал басы 6130 басқа жеткен. Әрбір жеке шаруаның орта есеппен бір айлық табысы 170 мың теңге шамасында.
Бұдан бөлек, осы ауылдан «Қарабұлақ сүт» ауыл шаруашылығы кооперативі жалпы құны 48 миллион теңгені құрайтын 4 сүт қабылдау бекетін іске қосып отыр. Кооператив бүгінде сиыр басын 800-ге жеткізіп үлгерген. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан» қаржы алған кооперативтегі әрбір жанұяның орташа бір айлық табысы 178,5 мың теңгені құрайды.
Бұл жерде Қарабұлақ ауыл тұрғындарының еңбексүйгіштігін де айтып кеткен жөн. Олар үкіметтен алған несиелерін уақытылы қайтырып қана қоймастан, қазынаға қомақты салық та төлеп отыр.
Шалқар БЕК,
Отүстік Қазақстан облысы.