Қарағанды облысында «Тіл – қазына» жобасы басталды
Қарағанды облысында мемлекеттік тілдің мәртебесін арттырып, қолдану аясын кеңейтуге бағытталған «Тіл – қазына» жобасы бастау алды. Бұл жобаның іс-шаралары биылғы қарашаға дейін есептелген.
– Жобаны іске асыру үш бағыт бойынша көзделген: біздің облыстың он бір өңірінде тіл саласындағы өзекті мәселелерді анықтау, екінші бағыт әлеуметтік желілермен, қазақ контентін дамытумен байланысты және үшінші бағыт – отбасылық байқау өткізу. Мұның барлығы мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге, оны қолдану аясын кеңейтуге бағытталған, – дейді Қарағанды облысы тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлнарайым Қаңтарбекова.
Тілдерді дамыту басқармасы «Тіл – қазына» жобасын «Қазақ тілі» халықаралық қоғамымен бірлесіп жүзеге асырады.
– «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының Қарағанды облыстық филиалы жанынан аймақтық филиалдар құрылды. Жұмыстар барлық өңірлерде жүргізілетін болады. Біздің жоба тиімді болады деп үміттенеміз. Жыл соңында қорытынды жасаймыз, – деді «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба аясында жүзеге асырылатын іс-шараларға көшпелі семинар-тренингтер, әлеуметтік желілерде «Қазақ тілі 24/7» контентін қалыптастыру және облыстық «Үлгілі отбасы» байқауы кіреді.
Бірінші семинар-тренинг 17 тамызда Шет ауданында өтеді. Ол облыстың 11 өңірінде өткізіледі.
– Біз осындай семинар-тренингті 2019 жылы өткіздік. Онда тіл туралы заңға енгізілген өзгерістер туралы айтып, жергілікті тұрғындармен және кәсіпкерлермен кездесеміз. Екінші бағыт бойынша IT және ғылым саласында қазақ тілінің дамуын көрсететін сайттар бар, біз олар туралы айтып береміз. Сондай-ақ өзге ұлт өкілдерінің балалары мен жастарының қатысуымен «Қазақшаң қалай, балақай?» бейнероликтер түсіреміз. Жобаның үшінші бағыты – облыстық «Үлгілі отбасы» байқауы қазан айында жүзеге асырылады. Оған 11 отбасылық команда қатысады. Байқау шарттары қыркүйек айында жарияланады, – деп түсіндірді «Qazlingva» орталығының жоба үйлестірушісі, директоры Гүлназ Мұстағұлова.
Жомарт Шаймұрат