Қарағанды облысында «Жаппай оқыту» қоры есебінен 13 мыңнан астам оқушыны оқу жылына дайындауға көмек көрсетіледі
Биыл Қарағанды облысында жаппай оқыту қорынан 13 мыңнан астам оқушы қолдау алады. Қор есебінен әлеуметтік осал отбасылардан шыққан оқушылар бір оқушыға 30 мың теңге есебінен мектеп формасымен және кеңсе жабдықтарымен қамтамасыз етіледі.
Сондай-ақ, көмек «Мектепке жол» акциясының арқасында көрсетіледі. Ол 30 қыркүйекке дейін «Мектепке жол – Шекарасыз Жақсылық!» ұранымен өтеді. Бұл жайында Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова айтып берді.
– Бүгінгі таңда «Мектепке жол» жалпы республикалық қайырымдылық акциясын ұйымдастыру және өткізу бойынша өңірлік іс-шаралар жоспары бекітілді. Сонымен қатар, аудандар мен қалаларда «Балаларға жақсылық сыйла!», «Ауыл балаларына – мектепке орвй сыйлықтар», » Отбасы отбасына көмектеседі: баланы мектепке жинайық!» атты түрлі шаралар өткізілуде. Акция барысында «Жұмыспен қамту», «Түнгі қаладағы балалар», «Қамқор» рейдтерін өткізу, киім-кешек, мектепке қажетті құралдарды қабылдау пункттерін ашу, оқушылардың тауарларын төмендетілген бағамен сату үшін кәсіпкерлердің кең ауқымын тарта отырып, мектеп жәрмеңкелерін ұйымдастыру жоспарлануда. Сондай-ақ, көмекке мұқтаж балалардың және әлеуетті демеушілер мен меценаттардың деректер банкін өзектендіру бойынша жұмыс жүргізілуде, – деді Гүлсім Қожахметова.
Білім басқармасының басшысы кәсіпкерлер мен меценаттарға жүгініп, аз қамтылған отбасыларға көмектесуін сұрады.
– Көмек көрсетуге ниетті жанашыр барлық азаматтарды, кәсіпкерлерді, меценаттарды, үкіметтік емес ұйымдарды өмірлік қиын жағдайына тап болған отбасылар мен балаларға көмек көрсетуге және үлес қосуға шақырамын. Әлеуметтік желілерде және білім бөлімдерінің сайттарында тұрғындардың өтініштеріне жедел әрекет ету үшін білім бөлімдері басшыларының телефондары көрсетілген посттар жарияланды. Білім басқармасы мен білім бөлімдерінде азаматтардың 25-25-02, 8-747-491-12-91, 41-22-81, 41-22-88 телефондары бойынша, сондай-ақ karbilimbaskarma телеграм – каналында жедел желі ұйымдастырылды, – деп хабарлады спикер.
Ата-аналардың назарына, 20–21 тамызда Global City сауда үйінде отандық өндірушілердің мектеп формасы мен кеңсе керек-жарақтарының төмендетілген бағамен көрме-сатылымы өтеді.
Жомарт Шаймұрат