Қарағанды облысындағы NEET-жастарға жұмыс табуға қандай көмек көрсетілуде
Қарағанды облысында NEET-жастарды жұмысқа орналастырудың ерекше әдісі қолданылмақ. Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма өңірдің ресурстық орталықтарымен бірлесіп, автоматтандырылған ақпараттық жүйе арқылы жұмыспен қамтылмаған жастардың тізімін жасап, аулаларды аралап, олармен нақты жұмыс жүргізеді.
NEET-жастар – бұл еш жерде жұмыс істемейтін және оқымайтын жастар.
– Мониторинг және аулаларды аралау арқасында біз NEET-жастар санатына кіретін 393 адамды анықтадық. Осындай жастарды жұмыспен қамту өзекті міндет болып табылады. Енді біз олармен кездесіп, кеңес береміз, – дейді жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Біржан Әлімжанов. – Көбінесе жастарға психолог пен адвокаттың көмегі қажет. Олар біздің орталықтан ондай кеңестер алады. Жүргізіліп жатқан жұмыстың басты ерекшелігі – оның бағыттылығы және дербестілігі. Бұрын біз іс-шаралар, кездесулер өткіздік, ақпараттық жұмыс жүрді, бірақ ол сегментациясыз болды. Нақты бағытталған жұмыс туралы әңгіме болған жоқ. Барлық ақпарат жалпы өрісте болды, біреу оны алып отырса, кейбіріне ол жетпей қалып жатты. Қазір біз тізімдегі әрбір жас азаматты жұмысқа орналастыруға тырысамыз.
Өңірде кәсіпкерлікті дамытудың 2021–2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы іске асырылуда. Жұмыссыз жастар «Бірінші жұмыс орны» бағдарламасы бойынша қоғамдық жұмыстарға орналаса алады, өз ісін ашуға 400 АЕК мөлшерінде грант ала алады немесе грант сомасы миллион теңгені құрайтын Jas Project әлеуметтік жобалар конкурсына қатыса алады.
Электрондық еңбек биржасындағы бос жұмыс орындарының үлкен үлесін ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың ұсыныстары құрайды.
Мысалы, Саран қаласында салынып жатқан шина зауыты жастарға жергілікті колледж базасында қысқа мерзімді оқудан немесе Татарстанда ақылы тағылымдамадан өтумен 700-ден астам бос орын ұсынады.
2021–2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба бойынша гранттар конкурсына қатысу үшін өңірдің барлық қалалары мен аудандарында жұмыс істейтін жастар ресурстық орталықтарына жүгінуге болады. Облыстық ЖРО Әлиханов көшесі, 4 мекенжайдағы Amanat партиясының ғимаратында орналасқан.
Жалпы, осы жылы Жұмыспен қамту шараларымен 10 мыңға жуық жастарды қамту жоспарлануда.
Жомарт Шаймұрат