Қарағандыда жас мамандар жеңілдетілген ипотека алды
Қарағанды облысында «жастар» ипотекасы іске қосылды. Облыс әкімдігі және «Отбасы Банкі» бастамасымен қолға алынған жаңа бағдарлама мұғалімдерге, дәрігерлерге, журналистерге, мәдениет және спорт, әлеуметтік сала қызметкерлеріне, ЖОО оқытушылары мен ғылыми қызметкерлерге қолжетімді. Тиімді несиені алғашқы болып 75 жас маман иеленді.
– Өткен жылы біз жастарға жеңілдетілген ипотека беру туралы шешім қабылдадық. Ол облыс орталығында пилоттық режимде іске қосылды. Облыстық бюджеттен 1 млрд теңге, «Отбасы банкі» қосымша 500 млн теңге бөлді. Келесі жылы бұл бағдарламаға бөлінетін қаржы көлемін ұлғайтып, басқа қалаларға да шығуды жоспарлап отырмыз, – деді облыс басшысы Жастар ісі жөніндегі кеңес отырысында сертификаттарды тапсыру кезінде.
Қарыз жылына 5%-ға, ал мерзімі – 19 жылға дейін болады. Бастапқы жарна – жалпы соманың 10%-ы. Тұрғын үйді жаңа ғимараттан немесе екінші нарықта таңдауға болады. Өтінімдерді арнайы комиссия қарады.
Облыстық клиникалық аурухананың медбикесі Назгүл Ахметжанованың айтуынша, ол он жылдан астам уақыт пәтер кезегінде тұрған.
— Біздің отбасымызда кішкентай бала бар, ол екі жаста. Біз ата-аналарымызбен бірге тұрамыз. Қазірдің өзінде Оңтүстік-Шығыста пәтер тауып, рәсімдеуді бастадық. Әрине, өте қуаныштымын. Жастарға арналған осындай бағдарламалар көбірек болса, бұл жақсы қолдау, — дейді сертификат иесі.
Владислав Фризен облыстық мамандандырылған олимпиадалық резервтегі балалар мектебінде жеңіл атлетикадан жаттықтырушы болып жұмыс істейді. Жақында үйленіп, жұбайымен жалдамалы пәтерде тұрады.
— Мен бұл бағдарлама туралы білгенде, бағымды сынап көруді шештім. Мен құжаттарды тапсырдым, бәрі ойдағыдай болды. Қазір пәтер іздейміз. Баспаналы болу жас отбасы үшін ең маңызды нәрсе. Біз осындай қолдау үшін ризамыз, — деді ол.
Жомарт Шаймұрат