Қарақат, сен елдің ғана емес, менің де қызымсың!
Қолыма қалам алғызып, хат жазуға себепкер болған — «Бенефис-шоу» жобасы. Ана туралы айтылған асыл сөздер, оның ішінде Қарақат қызымның әкесінің өсиетін орындап, Әбілдина болып қалуы маған қатты әсер етті. Жүрегімді тебіренткен бұл сөзге әкелік сезіммен ризашылығымды білдіріп, таңғы шықтай тазалықтың белгісі болған көз жасымды бір сығымдап алдым. Осындай кішкене қыздың бойындағы қасиет қазақтың әр анасына, қыздарына үлгі боларлықтай құрметке лайық іс деп білемін. Көптеген игі істерді атқарып жатқаны «Ана» деген атқа лайықты екенін дәлелдеді десем де болар.
Негізінде, Қыдырәлі баламның бойындағы азаматтық қасиеті әке қаны, ана сүтімен бойына сіңгені әрбір ісінен көрінеді. Үйде отырған кезде теледидардан Қарақат қызым шықса, «біздің қыз ән шырқайды» деп, бір мақтанып, марқайып қалатыным бар. Себебі сен халықтың, оның ішінде менің «қызымсың».
Өнерде де, өмірде де жұптары ажырамай ән шырқап жүрген Қыдырәлі-Қарақат, Жанболат пен Жазира, Мирас пен Құралай, Тоқтар мен Бейбіттеріміз әнімен ғана емес, еліміздегі нағыз қазақи отбасы ретінде үлгі болып жүр. Дәстүрлі әннің орындаушысы Рамазан Стамғазиев домбырамен ән салғанда бүкіл Алатау өңірі қосыла шырқап тұрғандай болады. Алла берген дарынды қадірлей білуіміз керек. Алайда кейбір әншілер байлығымен көзге түскісі келгенімен, барлық әншінің шыққан тегі мен ортасын халық онсызда біліп отыр. Құр мақтан абыройдан айырады.
Кеңес заманында әншілер халықтың көңілін табу үшін ғана ән салатын. Олардан халық қошеметін аяған жоқ. Роза Бағланова апамыз да соғыс даласында ән салып, жеңіске жету үшін майдангерлерді жігерлендірді. Қарақат, Мақпал, Роза Рымбаевадай әнші бұлбұлдарымыз еліне елеулі, халқына қалаулы қызмет атқарды. Сол сияқты Қарақат қызымның бар білгенін шәкірттеріне үйретуі қазақ өнеріне деген жанашырлығы, қамқорлығы. Әр қазақ қызына Қарақаттай үлгілі ана болуды бұйыртсын!
Дәуренбек Ғалимов, Солтүстік Қазақстан облысы,
Уәлиханов ауданы,
Оқырман хатынан.