Қаралған қаржыға қадаға қайда?

Немесе Жамбылда жұмыссыздықпен қалай күресуде?

Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауында «Баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасын жандандыруды мықтап тапсырғаны белгілі. Бұл арқылы Мемлекет басшысы ел азаматтарын алғашқы кәсіптік біліммен қамтамасыз етуге басымдық берді.Әрине, жұмыссыздықты қанша жүгендейміз дегенімізбен, бүгінгі қоғамда «екі қолға бір күрек» таппай жүргендер әлі де  аз емес екені жасырын емес. Оған қоса, сұранысы аз мамандықтарды оқып, жұмыс таба алмай сенделіп жүргендер де  жетерлік. Олқылықтың орнын толтыру үшін өткен жылы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған»бағдарламасы қолға алынып, бірқатар жұмыстар атқарылды. Биыл осы бастаманы одан әрі дамыту міндеттелуде. Десе де, біз осы тегін кәсіптік оқытудың тетігін таба алып отырмыз ба? Қазынадан қаралған милллиондаған қаржы мақсатты жұмсалып жатыр  ма? Міне, осы мәселенің түбіне майшаммен үңілсек.

Жамбыл облысы әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы берген мәліметке сүйенсек, бағдарламаның бірінші бағыты «қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету» бойынша былтыр 6308 адамды оқыту үшін 1010,1 миллион теңге бөлінген екен. Жыл ішінде қаралған қаржы игеріліп,  6226 өтініш беруші  кәсіби білім алып шыққан. Алайда 6226 азаматтың тек 1788-і жұмысқа орналаса алған.

Тарқатып айтсақ, Тараз қаласында 1662 адам кәсіптік білім алса, оның 246-ы ғана қазір тиесілі салада қызмет етуде. Шу ауданда 504 азамат курстардан өтсе, оның 269-ы жұмыс орнын тапқан. Дәл сондай, Жуалыда 476 үміткердің 224-нің, Т.Рысқұлов ауданында 464-тің 208-нің, Жамбылда 502-нің 167-нің, Байзақта 545-тің 159-ның, Сарысуда 385-тің 132-нің, Қордайда 552-нің 115-нің, Меркіде 475-тің 91-нің, Мойынқұмда 260-тың 75-нің және Талас ауданында 411 азаматың 72-ніңкәсіптік мамандығы бойынша жұмыс табуына мүмкіндік туған.  Ал жалпы алғанда өткен жылы облыс көлемінде кәсіптік оқудан өткен 6226 адамның тек 28,7 пайызының  ғана «арнайы курстан өтті» деген құжаты кәдеге жараған. Бұл аз ба, көп па? Біздіңше еріксіз езу тартқызатын көрсеткіш. Сонда 6226 азаматтың тек  1788-і жұмысқа орналасса, қалған 4438-і қайда жүр? Оларды мемлекет не себепті тегін оқытып, жолкүреңмен, жатын орынмен, қала берді  ай сайынғы шәкіртақымен қамтамасыз етті?

Оған қоса, басқарма мамандары «былтыр 1010,1 миллион теңге игерілді, енді биыл 1259,8 миллион теңгеге4100адамды оқытқалы жатырмыз» деп сүйіншілеп отыр. Құдай-ай, өткен жылы кәсіптік оқу курсынан өткен 4438  адамға  жұмыс тауып бере алмай отырғанымызда, тағы 4100 азаматты оқытқалы жатқанымыз қалай? Бізге әйтеуір сұлу сандар сөйлеп, бөлінген қаржы жұмсалса болғаны ма? Облыс әкімдігінің  жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы неге  мониторинг жүргізіп барып, Үкіметтен  ақша сұрамады? Және «мемлекет қаржысы мақсатсыз жұмсалып жатыр ма, жоқ па?» ол жағын зерделебей, еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіқаржыны қалай ғана оңды-солды шашуда? Түсініксіз…

Егер саны бар, алайда сұранысы жоқ мамандарды «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп  оқытып жатсақ,  «тұрғындарды нәтижелі жұмыспен қамтып жатырмыз» деп жаһанға жар салғаннан не пайда? Сұрақ көп, жауап жоқ.

Тағы бір қызығы –кәсіптік оқуға өтініш берген азаматтар арнайы үш айлық курстан өтуі тиіс. Осы мерзім ішінде Үкімет оларға 30 мың теңге оқуына, 9076 теңге жолкүреңіне, 11 345 теңге баспанасына және 16 759 теңге шәкіртақысына төлеп береді. Бәрін қосқанда бір адамға бір айда 67 180 теңге шығын кетеді. Алайда мемлекет тарапынан осындай қамқорлық жасала тұрып, кейбір өтініш берушілер толық курсты аяқтамай жатып, оқудан шығып кетуде. Мәселен, былтыр Тараз қаласында — 82, Байзақ ауданында – 39, Қордайда –22, Таласта – 16, Меркіде – 11, Жамбылда – 8, Жуалыда – 7, Шуда – 6, Сарысу мен Т.Рысқұлов аудандарында 2 азаматтан оқуды тастап кеткен. Барлығы 195 адам бірер ай мемлекеттен қаралған  қаржыны қалтаға басып, одан кейін оқуға қолдарын бір-ақ  сілтеген. Егер есептесек, 195 адамның әрқайсысына бір айға 67 180 теңгеден бөлініп отырғанда,13 миллион  100 мың  100 теңге  желге ұшырып отыр. Сонда баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім беру және  нәтижелі жұмыспен қамту деген осы ма?Бәлкім, «оқудан шығып кеткен азаматтар мемлекет қаржысын кері қайтарады» деген ойда отырған шығарсыздар. Алайда үйтіп иектеріңіз қышымай-ақ қойсын. Өйткені «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасының талаптары бойынша өтініш беруші өзіне берілген ақшаның бір тиынын да қайтаруға міндетті емес. Қысқасы, үш айлық курсқа жазылып, алайда екі айдан кейін   қаржыны қалтаға салып, оқудан шығып кетсе де оған ешкім ештеңе дей алмайды.

Әрине, байыбына бармай байбалам салудан аулақпыз. Мемлекеттік бағдарлама болғаннан кейін біржақты мін тағуда ойымызда жоқ. Сол себепті, жоғарыда аталған сауалдарды облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубековке тікесінен қойып, түйткілге қатысты түсінігін тыңдаған едік.

— Жалпы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы жанданғанға дейін, елімізде «Жұмыспен қамту 2020» мемлекеттік бағдарламасы қолданыста болғаны белгілі. Аталмыш жоба негізінде өтініш берушіні курстық оқытудан өткізу үшінүміткер, оқу орны және жұмыс беруші арасында үшжақты келісім жасалатын. Жұмыс берушіге қажетті мамандықты білім ордалары дайындап бергеннен кейін, ол азамат міндетті түрде жұмыспен қамтылатын. Егер кімде-кім келісімді бұзса, сол тарап жауапкершілікке тартылатын. Ал жаңа бағдарлама аясында мұндай міндеттемелер жоқ. Егер кәсіптік оқудан өтіп жатқан азамат оқуын тастап кететін болса, біз мемлекет тарапынан төленген қаржыны кері қайтаруды талап етуге құқылы емеспіз. Дәл сондай, курсты аяқтаған мамандарды «жұмысқа ал»  деп ешкімге міндеттей алмаймыз. Бір жағынан бұл күрмеуі қиын мәселе  секілді. Бірақ, «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы шеңберінде біз жылына небәрі 270 адамды оқыта алсақ, жаңа бағдарламамен бір жылда 6000 адамға білім берудеміз. Әрине, олардың бәрін бірдей жұмыспен қамту мүмкін емес. Алайда олар ең бастысы кәсіби білім алып шығып отыр ғой. Елбасының негізгі тапсырмасы да осы. Қазақстан да білімі жоқ азамат болмауы керек. Мемлекет өз тарапынан тұрғындарды тегін кәсіптік оқумен қамтып отыр, ал құжатын алғаннан кейін азамат  сол бағытта жеке кәсібін ашама, әлде жұмыспен қамту орталықтары жолдаған жерге жұмысқа бара ма, ол жағы өз еркі.

       Тағы бір айта кетерлігі,  оқыттық екен деп, біз азаматтарымызды «не істемесең, оны істе» деп  жібере салып жатқанымыз жоқ. Қолдан келгенше бос жұмыс орындарына жолдап, бағдарламаның үшінші бағыты бойынша өзге  өңірлерге қоныс аударып,  қызмет табуына қолғабыс етудеміз. Және биыл «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы, облыс әкімдігі білім басқармасы, сондай-ақ кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармаларымен бірлесе отырып, еңбек нарығында сұранысқа ие 33 мамандықтың тізімін жасап отырмыз, -дейді Жорабек Нұрмергенұлы.

Иә, басқарма басшысы осындай ақпар берді. Әрине, жауапты маманның жауабы дәйексіз дей алмаймыз. Десе де, басқарманың еңбек нарығында сұранысқа ие  мамандықтардың тізімін жасауда жаңылып жатқан жоқ па? Олай дейтініміз, былтыр жүргізілген зерделеу нәтижесінде «осы мамандықтар қажет деген» болжам сенімді ақтамаған секілді. Сөзімізді нақты фактілермен дәлелдесек, Жамбыл ауданында оқытылған азаматтардың 70-і аспазшы, 61-і слесарь,50-і тракторист-машинист,  45-і   шаштараз, тағы 45-і тігінші,  41-і  жүргізуші, 28-і дәнекерлеуші, 20-ы кондитер және программист,  7-і массажист, 5-і сантехник және3 адам штукатур мамандығын алып шыққан. Жарайды штукатур, сантехник, масажист, тіпті програмистер де «екі қолға бір күрек» табатын шығар. Алайда 50 трактористке бір ауданнан жұмыс табылады дегенге сену қиын.Өйткені  50 адамға қызмет түгілі елді мекеннен 50 трактор шықпайтыны айдан анық қой. Дәл сондай, 70 аспазшы, 45 шаштараз бен 45 тігіншіге де белгілі бір мекеме, әлде  кәсіпорында жұмыс жасау бұйырмайтыны айтпаса да белгілі. Әрине, оларға өз кәсібін ашуға тәуекел етуге болады. Бірақ, ол үшінде қаржы болмаса тағы қиын.

Тағы бір мысал Байзақ, Жуалы, Қордай аудандары бір жылда 20-дан бухгалтер мамандарын дайындап шығарған. Енді өздеріңіз ойлап қараңыздар, үш айлық курстан өткен маманды қай мекеме өзіне есепші қылып алады. Үш ай түгілі, қолында үш дипломы бар адамдар жұмыссыз жүргенде. Міне, мәселе қайда.

Негізі бұл аталған төрт ауданда ғана емес, барлық елді мекендерде орын алып отырған жағдай. Саралауымызда көз жеткізгеніміз, аудандардың дені аспазшы, жүргізуші, тігінші,шаштараз, есепші, массажист, программист,жиһазшы сынды мамандарды дайындап, бір-бірін айна қатесіз қайталап отыр. Сонда әр ауданнан жылына кемінде 40 тігінші, 40  жүргізуші, 40 шаштараз және  20 есепшіден шығатын болса, он аудан мен қаланы есепке алғанда бір ғана 440  тігінші мен 220 бухгалтерге жұмыс тауып беріп көріңіз.

Осындай сәтте  «басқарма назарына не себепті шын мәнінде сұраныстағы мамандар ілікпей отыр?» деген орынды сұрақ туады. Мәселен, ауыл шаруашылығы саласында агроном, селекционер, өндіріс саласында бұрғылаушы, тас қопарушы, кен өңдеуші, кәсіпкерлік және туризм  бағытында жарнама, меркетолог,  гидтер, сауда-саттықта менеджерлер тапшы екені белгілі. Демек, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтардың тізіміне түзету енгізіп, осы бағытқа басымдық берсе әй ешкім «қой» демес.

Негізі бұл мәселе облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек  Нұрмергенұлының жыл басындағы есепті жиынында да көтерілген болатын. Сол кезде аудандық жұмыспен қамту бөлімдерінің басшылары жанайқайларын білдіріп, саны бар, алайда сұранысы жоқ мамандықтарды оқытқаннан түк шықпайтындығын ашып айтқан-ды. Алайда жауапты мамандар «қараймыз, зерделейміз» деген сынды құрғақ уәдені төгіп,  жабулы қазан сол күйі жабулы  қалған.

Жалпы біз бұл мақаланы жазу барысында аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінен кәсіптік оқудан өткен бірлі-екілі адамның байланыс нөмірлерін беруді сұрағанбыз. Алайда «жібереміз» деген басшылардан сол бойы жауап келмеді. Амал жоқ, арнайы курстан өткендерге өзіміз іздеу салдық. Бірақ, бұнымыздан да көп нәрсе өне қоймады. Өйткені оқығандардың бір бөлігі ғана елді мекендерінде жүрген болса, қалғандарын  бейне бір жер жұтып кеткендей. Осы сәтте бәлкім «оқыды» деген тізімге алынғанымен, шын мәнінде  аталмыш азаматтар «мүлде өмірде жоқ па?» деген де ой келді. Кім білсін…

P.S

          Қалай дегенде де, бұл мәселені зерттеуде  біз тырнақ астынан кір іздеп, әлде дәйексіз дүниелерді сөйлетуге тырысқан жоқпыз. Барлық сандар мен деректерді басқарма мен оған қарасты бөлімдердің өздері беріп отыр. Демек, тегін кәсіптік оқыту төңірегінде түйіні тарқамаған түйткілдер жетерлік. Тек, оны көретін көз болса.

          Әрине, Елбасының сарабдал саясаты басқа нәтижені көздегені анық. Бірақ, жауаптылар тәп-тәуір басталған тірліктің тетігін таба алмай отырғандай. Сондықтан қоғамның өмірімен тікелей байланысты мұндай мәселеде «мақұлға» емес, «ақылға» салған жөн. Және кемшіліктер мен қолға алынатын шаруаларды  талқылап емес, тез арада нақтылау қажет. Әйтпесе, мемлекеттік бағдарламаның бағытынан жаңылған басшылардың ешкім басынан сипамайтыны айқын.

Саятхан Сатылғанов