ҚАРАМАСАҢ ҚАТЫН, БАҚПАСАҢ МАЛ КЕТЕДІ
Жақында осы мақал жайлы әлі жар құшып, отау көтермеген 18 жасар бір інішек: «қарамасаң қатын кетеді» деп қазақ не үшін айтқан демесі бар ма. Мен оған атам қазақ бұл сөзді айтқанда тек төсек қатынасы мен ішіп-жемнен бөлек алған жарыңның көңіліне қарауды меңзеген. Ол да біреудің мәпелеп өсірген перзенті, Алланың пендесі дей келе мына бір ғибратты оқиғаны айтып бердім (ғибрат алыңыздар).
Бір күні бір жас жігіт өз елінде тақуалығымен, даналығымен халыққа сыйлы болған сопыға барып: «Сіз осындай дәрежеге, құрмет пен бақытқа қандай ілімді меңгеріп жеттіңіз, мен қаншама әйгілі ғұламалардың кітаптарын оқысамда отбасымда береке жоқ. Маған бір дәріс беріп жолын көрсетесізбе?»- дейді. Сопы жай ғана жымиып, жарайды дейді де, әйелін дауыстап шақырып: «Бибі, үйге қонақ келді. Жақсылап бір тәтті нан пісіріп жебермейсізбе?»- деп өтініш айтады. Әйелі: «Тақсыр өзіміздің некелескен күнімізді атап өтуге дайындаған қамырым бар еді сонымен пісіре берейінбе?»- дейді қиыла. Күйеуінің рұқсатын алған әйелі белгілі бір уақытта иісі мұрын жаратындай етіп тәтті нан пісіріп әкеледі. Күйеуі нанды қолына алып тұрып: «Енді осы нанды қайыршыларға таратып бер»- дейді. Тәтті нан жеймін деп дәмеленіп отырған жігіт: «Неге бұлай істедіңіз, нанға обал болдығой» дегені сол еді сопы: «Саған тапсырмам осы. Үйіңе барда, дәл осылай жаса. Барлығы орнына келіп отбасыңа береке кіреді» дейді. Жігіт үйіне келсе келіншегі көрші әйелдермен өсек айтуда екен, шақырғанына әрең келеді. Мұның тәтті нан пісірші деген өтінішіне «үйде анау жоқ мынау жоқ»- деп пісірмей қояды. Бұл үйіне жоқ азық-түліктің барын әкеліп қояды. Әйелі сондада мен тәтті нан пісіре алмаймын, тәтті бауырсақтар пісірейін-» деп дайындап күйеуінің алдына әкеледі. Сонда күйеуі әкелген бауырсақтардың дәмін татпастан «Бұл бауырсақтарды қайыршыларға таратып бер» дегені сол еді әйелі бас салып: «Осыншама азықты шығын етіп, менің уақытымды құртып…» -деп дүрсе қоя береді де отбасында қайта айқай-шу басталып кетеді. Келесі күні жігіттің басы салбырап қайтадан сопыға келіп: «Барын сіз жасағандай етіп жасадым, бірақ отбасыма береке кірмек түгілі бары кері кетті» деп мұңын шағады. Сопы жымиып: «Әр адам от басы құрғанда Аллаға тәуекел етіп жақсы отбасы құрамын деген ниетпен шаңырақ көтереді. Бірақ жұбайлардың бір-бірінің көңілін таппағандықтан ол үйде берекесіздік болады. Саған ешқандай кітап көмектесе алмайды. Оқып жүрген кітаптарыңды тастап, келіншегіңнің көңілінен шығатын, ұнататын амалдарды жаса» деп жаңа кнңес береді. Жігіт үйіне қайтар жолда жүзім сатып тұрған саудагерді көріп, келіншегімен алғаш танысқанда жүзімді қатты жақсы көретіні есіне түсе кетеді. Ол бір-екі кило жүзім сатып алып үйіне келсе келіншегі ұйықтап қалыпты. Әкелген жүзімді әйелінің бас жағына қойып бұлда жатып ұйықтап кетеді. Таңертең ол келіншегінің еркелеп сүйгенін оянып еді… Жігіт мәселенің қайда екенін түсініп, жанұя жайлы ғұламалар жазған әтүрлі кітаптарды оқуды мүлдем қойып тек бір-бірінің көңілін табатын істер істеуді қолға алады.
Арада көптеген уақыт өтіп жігіттің отбасына береке мен ынтымақ келіп, тақуалығымен және даналығымен төңірекке сыйлы бола бастайды. Бір күні бұлардың есігін беймезгіл уақытта біреу қағады. Үй иесі есігін ашса табалдырықта кітап құшақтаған бір жас жігіт тұр екен, ол: «Тақсыр, сізді ел өнегелі отбасының иесі деп сыйлайды. Мен қаншама кітаптарды ақтарсамда отбасымда береке болар емес…» дейді мұңая. Үй иесі жымияды да артын қарап: «Қымбаттым, кешкі асыңды дайындай бер, үйге қонақ келді» дейді…