Карантин шаралары коронавирустың таралуын 52-ден 12 пайызға азайтты – Елжан Біртанов

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов төтенше жағдай бойынша мемлекеттік комиссияның соңғы шешімдеріне байланысты ақпарат берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің елімізде қабылданған қатаң карантиндік шаралар 28 наурыз бен кешегі тәулікті есептегенде коронавирус инфекциясының таралу қарқынын 52-ден 12 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Бұл өзгеріс бізге санитарлық және медициналық қызметтердің жұмыс ауыртпалығын азайтып, науқастар мен байланысқан адамдарға тиімді көмек көрсетуге мүмкіндік береді», — деп жазды Елжан Біртанов Facebook парақшасында. Әйтсе де министр атап өткендей Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың саны артып барады. Басқа елдердің тәжірибесі Қазақстанда аурудың негізгі кезеңі сәуір-мамырда өтсе, вирустың шарықтау шыңы — сәуірдің бірінші жартысына тұспа-тұс келетінін болжауға мүмкіндік береді. «Осы кезеңде біз шамамен 3500 жағдай тіркелетінін (қазір 551) болжаймыз. Одан ары, яғни жаз айларында эпидемиологтар эпидемия толығымен тоқтамаса да баяулайтынын күтеді. Кейбір сарапшы биылғы күзде індеттің қайталанатын жоққа шығармайды», — дейді ол. Министр берген мәліметке сәйкес, елімізге бүгінгі таңда коронавирус инфекциясынан науқастарды емдеу мақсатында 3920 инфекциялық, сонымен қатар 7300 провизорлық төсек орын дайындалғанын айтады. Бұдан бөлек 180 ауыр науқасты қабылдауға қабілетті жансақтау бөлімшесі әзір екенін, онда 170 жасанды тыныс алу аппараты, қан оксигенациясының экстракорпоральды мембрананалы 38 аппараты барын жеткізді. «Алайда пациенттер жұқпалы аурулар ауруханасында орташа есеппен 3-4 апта өткізетінін, елді мекендердің тіршілігін қамтамасыз етумен айналысатын кәсіпорындар мен қызметтердің командаларында — медицина қызметкерлері, полиция, Қарулы Күштерде инфекцияның пайда болу қаупін ескергенде Қазақстанда әзірге көбірек төсек орын мен арнайы аурухана керектігі байқалады. Сонымен қатар ол ауруханалар инфекциялық қауіпсіздіктің барлық талабына сай болуы керек. Онда боксталған палаталар, вентиляцияның ерекше жүйесі, жансақтау бөліміндегі орындар болуы тиіс. Мұндай тез тұрғызылатын емханалардың Қытайда қалай пайдаға жарағанын көрдік. АҚШ пен Италия, өзге де еуропалық елдердегі қарапайым емханаларға қандай жүктеме түсіп отырғанынан да хабардармыз. Көптеген ел науқастар мен медициналық персоналдар үшін инфекциялық қауіпсіздік технологиялары сақталмаған нысандар мен спорттық құрылымдарды пайдалануға мәжбүр», — дейді министр. Елжан Біртанов осы мәселені ескере келе Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанның ірі үш қаласы – Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкент қаласында жедел тұрғызылатын үш инфекциялық аурухананың (200-300 орындық) керектігі туралы ұсыныс енгізгенін мәлім етті. Бұл жобаларды жүзеге асыруға жергілікті атқарушы органдар жауапты. «Біздің құрылыс компаниялары бұл мәселеде үлкен қолдау көрсетіп жатыр. Құрылысты 15-20 күннің ішінде аяқтау жоспарланған. Жылдам технологиялар, дайын блок-модульдік шешімдер, заманға сай инфекциялық қауіпсіздік жүйелері қолданылады. Қажетті медициналық және зертханалық жабдықтар орнатылады. Мұндай шаралар еліміздің коронавирус пандемиясының салдарын ғана емес, болашақта мүмкін болатын індеттерді жоюға мүмкіндік береді», — дейді Елжан Біртанов. Министр атап өткендей әлем мұндай жаһандық деңгейдегі қауіпті тегеурінге дайын болмай қалған. Әлем елдерінің денсаулық сақтау жүйелері диабет, гипертония, онкология секілді созылмалы ауруларды емдеуге басымдық берген. Сол үшін адамзаттың алдында қоғамдық денсаулық сақтау жүйесін қайта қарап, мұндай індетке дайын болу міндеті тұр. «Осы жазбаның ізінше коронавирус пандемиясына қарсы күресте қолдау мен түсіністік білдірген халыққа алғысымды айтқым келеді. Тек ресми ақпарат көздеріне сеніп, осы саланың мамандарына ғана құлақ түрген абзал. Осы төтенше әрі шұғыл шаралардың бәрі де біздің халықтың денсаулығы үшін жасалып жатыр. Біз біргеміз», — деп түйді Елжан Біртанов.

 

Kazinform.kz