Карантинге байланысты азаматтар жұмыс берушіден қандай өтемақы талап етуге құқылы?
PhD докторы, еңбек құқығы бойынша эксперт Бибігүл Нұрашева жауап береді.
COVID-19 вирусының өрши түсуі, соған орай ел аумағында төтенше жағдай жарияланып, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларының толықтай карантинге жабылуы азаматтардың еңбек қатынастарына байланысты көптеген сұрақтарын туындатып жатқаны белгілі. Осы орайда PhD докторы, еңбек құқығы бойынша эксперт Бибігүл Нұрашева Kursiv.kz тілшісіне сұхбат берді.
– Коронавирусқа байланысты елде төтенше жағдай жарияланды. Мұндай сәтте мемлекеттік және жеке мекеме, кәсіпорын, ұйымдардың жұмыс тәртібі мен жұмыс графигі қалай өзгереді?
– Егер қашықтан жұмыс істеу режимі қосылатын болса, жұмыс берушілер төтенше жағдай кезінде жалақыны сол көлемде төлеуге міндетті. Жалпы, осындай жағдай кезінде мен заңгер ретінде төрт тәсілді айта аламын. Біріншісі – қашықтан жұмыс істеу. Еңбек кодексінің 138 бабына сәйкес. Екіншісі – толық емес жұмыс уақытына көшу. Еңбек кодексінің 70 бабына сәйкес. Үшіншісі – икемді жұмыс уақытына көшу. Еңбек кодексінің 74 бабына сәйкес. Төртіншісі – экономикалық және табиғи себептерге байланысты жұмыс әрі қарай жалғаспайтын болса, онда бұл режим — бос тұрып қалу деп аталады. Еңбек кодексінің 112 бабына сәйкес. Енді осыларды жеке-жеке тарқатып көрейік.
Қашықтан жұмыс істеу кезінде – жұмыс процесі ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалана отырып жұмыс беруші орналасқан жерден тысқары аумақта жүзеге асады. Мұндай кезде жұмыс беруші жұмыскерге байланыс құралдарын (компьютер, телефон, т.б.) беруге міндетті және сол құралдарға жұмсалатын шығындарды өзі көтереді. Жұмыскер меншікті коммуникация құралдарын тұрақты негізде пайдаланған жағдайда жұмыс беруші өтемақы төлейді. Оның мөлшері мен төлеу тәртібін екі тарап бір-бірімен келісе отырып анықталады. Мәселен, жұмыс істеу үшін жұмыс беруші өз қызметкеріне компьютер береді. Егер қызметкер өз компьютерін пайдаланатын болса, онда жұмыс беруші ақы төлейді. Сонымен қатар тараптардың келісімі бойынша қашықтан жұмыс істеу кезінде жұмыс уақытының тіркелген есебі белгіленеді. Бұл міндетті түрде керек. Себебі, кейін кадр мамандары табель жасаған кезде, сол жұмыс істелген уақыт негізінде жалақы төлейді. Қазір қашықтан жұмыс істеу кезінде қызметкерлердің жалақысы 100 пайыз сақталады деп айтып жатыр. Бұл заңды нәрсе.
– Қазіргі жағдай кезінде өз қызметкерлерін ақысыз демалысқа жіберіп жатқандар туралы да ақпарат шығуда. Бұл қаншалықты заңды?
– Жұмыскерлерін ақысыз демалысқа шығарып жіберушілердің әрекеті заңсыз. Себебі, ақысыз демалысқа шығу тек қана екі тараптың өзара келісімі негізінде мүмкін болады. Егер жұмыс беруші ұсыныс жасаса, бірақ жұмыскер бас тартса, онда оны мәжбүрлеп демалысқа жіберуге болмайды. Сондай-ақ қазір кей мекемелер жыл сайынғы ақылы демалысқа жіберіп жатыр. Бұл жерде де жұмыскер бас тартуы мүмкін. Өйткені көбі демалыстарын жаз айында өткізуді қалайды. Ал бас тартатын болса жұмыс беруші мәжбүрлей алмайды.
– Қашықтан жұмыс істеу тәртібін түсіндік. Ал жұмыс процесі қашықтан атқаруға мүмкіндік бермейтін кәсіп иелері не істейді?
– Иә, жеке бизнес, дүкен, сауда орындары, аптека сияқты жерлерде жұмысшылар қашықтан істей алмайды. Мұндай жағдайда жұмыс беруші еңбек кодексіне сілтеме жасай отырып жұмыс орнының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті. Яғни, маска, антисептик сияқты заттармен қамту қажет. Екінші тәсіл – толық емес жұмыс уақыты. Мұның өзі үшке бөлінеді: Алғашқысы – толық емес жұмыс күні. Мәселен, жұмыс күні 8 сағаттан, 6 не, 4 сағатқа қысқаруы мүмкін. Екіншісі – толық емес жұмыс аптасы. Бұрынғыдай аптасына 5 күн емес, 2 немесе 3 күн ғана шығуы мүмкін. Үшіншісі – аралас, яғни, қысқартылған жұмыс күні және қысқартылған жұмыс аптасы. Мысалы, аптасына 2-3 күн, күніне 2-3 сағаттан ғана жұмысқа шығады. Бұл жерде жұмыс берушінің жұмыскерге нақты атқарған жұмысына сай еңбекақысын төлеуге құқығы бар. Яғни, қанша сағат жұмыс істеді, соған есептеп жалақы береді. Үшінші тәсіл – икемді жұмыс уақыты. Екі тараптың келісімі бойынша жұмыскер жұмысқа аптасына бір рет қана келіп-кетуі мүмкін. Бұл жерде де жалақы атқарған жұмысына есептеліп төленуі мүмкін. Ал бірақ жұмыскер 5 күнде істеуі тиіс шаруаны 2 күн ішінде тындырса, онда толық жалақы алуға құқылы. Төртіншісі – бос тұрып қалу. Жұмыс беруші мен жұмыскерге байланысты емес себептермен бос тұрып қалу уақыты туындаса, оған ақы төлеу тәртібі еңбек және ұжымдық шарт бойынша анықталады. Дәл қазір елдегі жағдай керемет емес. Мұнай арзандап, соның әсерімен теңге бағамы құлдырап кетті. Ал коронавирусқа байланысты елде төтенше жағдай. Мұндай кезде көптеген мекеме жұмысы тоқырап қалуы мүмкін. Мұндай кезде жалақы елдегі ең төмен жалақы мөлшерінен кем емес көлемде төленуі тиіс. Бұл мөлшер қазір – 42 500 теңге. Яғни, жұмыс беруші өз қызметкеріне 50 мың бере ме, әлде 60 мың бере ме, оны өзі белгілейді. Тіпті дәл 42 500 теңгені тұп-тура төлесе де заңды.
– Егер мекемелер қаржылық қиындыққа ұшырап, бос тұрып қалу режиміне көшсе, үкімет оларға қолдау көрсетуге міндеттеле ме?
– Міндетті деп айта алмаймын, бірақ қаржы бөліп қолдау жасаймыз десе де еркі бар, әрине.
– Мәселен, көптеген ата-ана арнайы үйірме, ақылы сабақ, балабақша ақысын алдын ала төлеп тастаған. Ал аталған мекеме қызметі тоқтаса бұл жағдай қалай реттеледі?
– Көптеген оқу орындары мен сабақ үйірмелері қашықтан оқыту режиміне көшірілді. 70-80 пайызы онлайн оқытуға көшті деп айтуға болады. Егер қашықтан білім алуға ата-ана келісіп жатса, оған техникалық мүмкіндігі жетіп тұрса оқу әрі қарай жалғаса береді. Ал егер ата-ана бас тартса, онда мекеме басшылығы төленген қаржыны қайтып беруге міндетті болып саналады.
– Елімізде вахталық режиммен жұмыс істейтіндер де көп. Олар көбіне бір қаладан бір қалаға қатынап жұмыс істейді. Олардың жұмыс тәртібі мен жалақы режимі қалай өзгереді?
– Егер ұжымдық шартта төтенше жағдай кезінде минималды еңбекақы төленеді деп жазылса, онда жұмыс беруші жұмыскерге сол ақысын төлеуге міндетті. Қазір шетелден келген біраз азаматтарымыз ауруханада және өз үйлерінде карантинде жатыр. Олар «жұмысқа жарамсыз» деген анықтама негізінде жұмыс орынынан өтемақы талап ете алады. Қазір Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары толықтай карантинде жабылды. Осы қалада тұратын, бірақ ай ортасында басқа қалаға жұмысына кетуі керек азаматтар баршылық. Бірақ карантинге байланысты шыға алмауы мүмкін. Ондай сәтте басқа қаладағы әріптестері Алматыдан келе алмай жатқан адамның жұмысын атқара береді. Яғни, жұмыс беруші тиісті 15 күн уақыты тәмам болған жұмыскерінің жұмыс уақытын тағы 15 күнге ұзартуға құқығы бар. Әрине, екі тараптың келісімі бойынша. Ал карантинде жатқан жұмыскер «уақытша жұмысқа жарамсыз» деп танылып, жұмыс беруші оған өтемақы төлеуге міндетті. Себебі, жұмыскер өз бастамасымен емес, төтенше жағдайға байланысты қала аумағынан шыға алмай, жұмысқа бара алмай жатыр.
– Төтенше жағдайға байланысты шығындарын жаба алмай қаржылық қиындыққа ұшыраған жеке кәсіпорын иесі жұмысшыларын жұмыстан шығарып жіберуге құқылы ма?
– Экономикалық жағдай нашарлап, жұмыскерлер санын қысқартуға нақтылы себеп бар болса, жұмыс беруші оны жүзеге асыра алады. Ондай жағдайда жұмыскердің бір айлық орташа жалақысы сақтала отырып өтемақы төленеді. Ал егер ұжымдық шартта одан да көп мөлшерде өтемақы белгіленген болса, мәселен, бір ғана емес, екі есе дегендей, онда сол көлемде өтемақы төлеуі керек. Мәселен, Алматы облысы территориясында тұратын, бірақ қалада жұмыс істейтін азаматтар жұмысқа бара алмай қалуы мүмкін. Себебі, қалада тұрақты тіркеуі жоқ азаматтар шаһарға кіргізілмейді деп жатыр. Жоғарыда айтып өткендей тараптар келісе отырып қашықтан жұмыс істеу режиміне көше алады. Ал егер жұмыс процесі қашықтықтан істеуге мүмкіндік бермесе, ал жұмыскер жұмысқа келе алмаса, онда жұмыс беруші қызметкерді жұмыстан босатуға құқылы. Дегенмен, жұмыс берушілер мейлінше жұмыс орындарын сақтауға тырысады. Тырысқаны жөн. Өйткені жұмыс орыны қысқарса, азаматтар жұмыссыз қалса, бұл еңбек дауына әкеліп соғады. Еңбек дауының соңы әлеуметтік теңсіздікке, одан әрі саяси түсінбеушілікке ұласып кетуі ықтимал. Сондықтан жұмыс берушілерді мүмкіндігінше жұмыс орынын сақтап, жұмыс процесін тоқтатпаудың тиімді, заңды жолдарын пайдалануға шақырамын.
Абай Аймағамбет