ҚАРАПАЙЫМ АДАМНЫҢ КӨЗІНДЕГІ МЕЙІРІМ
Қыр қазағы серпілді,
Туған сәттей ай жаңа.
Торғын жібек секілді
Құлпырып тұр айнала.
Қызыл-жасыл әр маңда
Көбейіпті жақсы үйлер.
Ауыл жаққа барғанда
Тосады ылғи таксилер.
Қаңылтыр бет, сәл сүрең,
Тізгіншіміз жайлы аға.
Қоңыр барқын даусымен
Әндетеді жай ғана.
Бос бөтелке жүр жиып,
Қолына алып дәу қапты.
Ыдыстарға су құйып,
Көлігіне сап жатты.
Жанарындай бөкеннің
Ой үркітті – жалтаңмын.
Бұл ісіне көкемнің
Мен аяба, аң-таңмын.
Көже толы тұр кесе,
Жолаушының таңғы асы:
Қаңырығы түтесе,
Кеуіп қалса аңқасы.
Шықпен жуған таң жүзін
Бақша-бауым мол құсқа.
Бағараның қарбызын
Жемейді ме шөл қысса?
Қалың ойдың тұманын
Тарқатсам деп тұр үміт.
«Неге?» деген сұрағым
Қалды ауада ілініп.
Шықты-ау сөзім босаңдау,
Сұрап көрдім қайта сан.
Құлағы оның тосаңдау
Естиді екен байқасам.
Байытып күн-патшаны
Түс әлеті болған-ды.
Артта шұбап ақ шаңы
Біздің көлік қозғалды.
Күй тербетіп жанды ізгі,
Ішкі шерді қозғаған.
Бөрте жусан, жалбызды
Сұлу қандай боз далам.
Жақын қалды кентім де,
Шақырымдар жалғанып.
Айналма жол шетінде
Балалар жүр мал бағып.
Аздап бассын демігін,
Сәл демалыс ап түге.
Кезергенде ерінің,
Мұздай судан тәтті не?
Көбелектер гүлді аңдып,
Тамашалар ел қызық.
Баяулады жылдамдық,
Көлігіміз жер сызып.
Жәрмеңкедей шулы орын,
Тоқтай қалды ол демде.
Жинап алған су қорын
Тастап кетті сол жерге.
Ардың ісін сез, ұғын,
Әдеті екен бұл ұлы:
Пада ішінде өзінің
Болмаса да түлігі.
Басында тұр заңғардың,
Мыңды жығар бар күші.
Жетеді оған балдардың
Ауызша айтқан алғысы.
О, пейілі кең кісім,
Қонсын саған мәңгі бақ.
Ақырзаман белгісін
Жойып жүрсің жалғыз-ақ.
Өзімді алдым тергеп мен,
Сенің арқаң жібісем.
Бұл әлемді өзгерткен
Жүз ұлы адам бірі сен.
Сен жұлдызсың, ардағым,
Тұрам мен-ақ пәсіңде.
Неге түсіп алмадым
Өзіңменен рәсімге?!
Қарыздармын саған мың
Бейбіт әнге бейім үн:
Қарапайым адамның
Көзіндегі мейірім!!!
© Бекжан Әшірбаев.