Қарапайым әдет
Бүгін үйге ер адам қонды. Қырық жастағы. Жай түнеп шықты. Таңертең екеуміз шұғыл бір істі бастап кетуіміз керек еді.
Таңертең оятуға келдім.
— Төсегіңе кофе әкелейін бе? — деп сұрадым. Ол жымиды. Қызарып кетті.
— Білесің бе, мен сондайды өмір бақи армандап келемін, — деді. — Бірақ ешкім кофе ұсынбап еді.
Мен сыңғырлай күлдім. Кофе демдедім. Оған әкеп бердім. Ол маған таң қала қарады. Рақметін айтты.
— Мен үшін бұл бірінші рет, — деді.
Бұл жолы мен қызардым.
— Біле білсең, мен үшін бұл қалыпты жағдай. Мен жұмыртқа қуырып берейін, саған шұжықпен және ірімшікпен қуырсам, жейсің бе?
— Әрине, — деді.
— Онда мен дайындай берейін, сен жуынып-шайынып келе бер. Ас суып қалса, дәмі кетеді. Ал мен саған дәмді ас берсем деп тұрмын.
— Мына сөзің мықты мотивация екен. Сен мені таң қалдырдың. Сен тұрған соң дайындаймын, әйтпесе сен төсектен тұрмай қаларсың дейтін шығар деп күтіп ем. Жайдан жай дәмді ас беремін дегеніңе риза боп қалдым. Орнымнан қарғып тұруға тамаша құлшыныс екен.
Ол орнынан тұрып, жуынуға кетті. Мен жұмыртқа қуырайын деп асүйге кеттім. Музыка тыңдай жүріп, ойландым, көзіме жас үйірілді. Осы уақытқа дейін қандай әйелдермен (оның өмірінде әйелдер көп болғанына сенімдімін) араласқан? Кофе мен таңғы аста тұрған дәнеңе жоқ сияқты. Мен үшін қалыпты нәрсе. Менің мотивациям жанымдағы адамдарға байланысты. Жанымдағы жандарды осындай қарапайым дүнилермен еркелеткім келеді. Оларға ұнайды. Оны білемін. Дәмді ас беру, айналама ыңғайлы өмір ұсыну, оның күткенінен де артық мейірім сыйлау – менің мотивациям. Өзім ішінде жүзіп жүрген суды елең қылмаймын. Елдің бәрі солай деуші ем. Олай емес екен. Көп комплименттің бірі болса да, жаныма жақты. Мен үшін қалыпты дүниенің өзге үшін құндылық екенін білу. Таң қалдым. Бұл маңызды екен ғой. Ет жақындарыңызға жылы сөздеріңізді арнай жүріңіздер. Әсіресе, өздері байқамайтын қылықтарын айту маңызды. Ұмытпай айтыңыздар! Қалай қанаттандыратынын білсеңіздер ғой!
Анна Кирьянова
Аударған Шынар Әбілда