Қарапайым отбасы балаларына қолдау білдірген компания
Астана қаласында «Камеко» Стипендиялық бағдарламасы бойынша алғашқы студенттердің жоғары оқу орнын бітіріп шығу құрметіне арналған конференция болып өтті. Іс-шара барысында алғашқы бітіруші түлектер туралы бейне-роликтер көрсетілді. Қазақтың қарапайым отбасынан шыққан балаларына демеушілік көрсетіп, жоғары оқу орындарында оқытып, ел келешегі үшін игі қадамдарға барып жатқан компанияға қандай мақтау айтсақ та жарасардай.
Жиын барысында Компанияның Корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік бағдарламасы үш бағыттан тұратынын білдік:
1. Кадрларды дамыту.
2. Өңірлік жобаларға инвестицялар салу.
3. Жергілікті халықпен тығыз қарым-қатынас орнату.
Бүгінгі таңда стипендиялық бағдарлама бойынша 10 жасөспірім оқып жатыр екен. Олардың ішінде алғашқы стипендиаттар Еркебұлан Еркенов, Димаш Дәулетбай және Жансая Сиқымбай биылғы жылы оқуларын табысты аяқтап, бакалавр дипломдарын алып шығыпты.
Конференция аясында «Камеко» ЖШС басқарушы директоры Дәулет Оразалиевпен геологиялық барлау және металлургия саласы жайлы және қазақ балаларын арнайы стипендия арқылы оқыту барысындағы мақсат-мүдде тұрғысында аз-маз сұхбаттасқан едік.
—«Камеко Қазақстан» корпорациясы туралы қысқаша айта кетсеңіз?
-«Камеко Қазақстан» корпорациясының елу жылдан астам тарихы бар. Қазақстандағы ірі инвесторлардың қатарында тұр. Түбіне үңілсек, Канадалық компания ғой. Әлемдегі алдыңғы қатарлы уран өндірушілердің бірі. Компания уран өндіруде әлемдік өндірістің 18 пайызын қамтамасыз етеді. Компанияның бас кеңсесі Канада, Саскачеван провинциясы, Саскатун қаласында орналасқан. «Камеко» ЖШС Корпорацияның Қазақстандағы мүддесін көздейді, мұнда Камеко «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК-мен бірлестікте Оңтүстік Қазақстан облысында орналасқан «Инкай» БК -ына иелік етеді.
-Бұл компания Қазақстанға қай жылдары келді?
-«Камеко» компаниясы 1996 жылы қазақстанға ат басын бұрды. Келе сала мемлекетпен қосылып, казатомпроммен кантрактіге отырып, «Инкай» деген проектіні іске қосты. Қазіргі таңда «Инкай»бағдарламасымен 600 адам жұмыс істейді. Жылына 2 мың тоннадай уран өндіреді.
-Ауыл жастарына арнайы бағдарлама арқылы оқыту идеясы қалай туындады? Осы жайлы тарқата айтсаңыз?
-«Камеко Қазақстан» компаниясы негізі әлеуметтік жауапкершілікке қатты көңіл бөледі. Соның бір бағдарламасы 2012 жылдан бері қолға алынып келе жатқан жастарды арнайы стипендия тағайындау арқылы оқыту. Бұл жердегі мақсат: аз қамтылған отбасыларға көмектесу, білімді жастарды қолдау. Оларды оқытып, ел келешегі үшін еңбекке тарту. Міне, төрт жыл өтті, алғашқы 3 түлек оқуларын аяқтап дипломдарын алып отыр.
-Оқу бітірген алғашқы түлектеріңіз қай аймақтан таңдалды?
-Алғашқы бітіруші түлектер Оңтүстік Қазақстан облысынан. Біздің кен орындарымыз сол өңірде орналасқан ғой. Алып шыққан мамандықтары Геология — металургия саласы. Бізге кен — байыту жағынан өте қажет мамандық иелері. Бір түлегіміз Алматыдағы Қаныш Сәтпаев атындағы университетті бітірсе, қалған екі түлек ( Ұл мен қызымыз) Карағандыдағы КАРГУ -ды тамамдады.
-Сонда жыл сайын 3 баланы қаржыландырып оқытып жатқан болдыңыздар ғой?
-Бұған дейін біз жылына үш түлекті қабылдап келген едік. Биылдан бастап бес түлекке көбейтіп отырмыз. Бұл біздің бағдарламаға көптеген жастардың көңіл бөле бастағанынан туындады. Қазір интернет заманы. Біз бір кіші-гірім кино түсіріп өзіміздің медиа арқылы ғаламторға жарнама есебінде жүктедік. Соның арқасында біздегі жеңілдікті пайдаланып оқуға түскісі келетіндер саны артуда.
-Талап білдірген кез келген бала сіздердің бағдарламаларыңызға сай келе бере ме? Әлде компанияның өз мақсат—мүддесі бар ма?
— Бағдарламаның ең басты мақсаты: Талабы бар, әлеуметтік жағдайы аз қамтылған отбасыларға арналған. Сондықтан іріктеу болады. Білімі бар, ынтасы жоғары балалар арасында конкурс өткізіледі.
-Еліміздегі жоғары оқу орындарының білім беру деңгейі сіздерді қанағаттандыра ма?
-Шындығын айту керек, еліміздегі техникалық жоғары оқу орындарының оқу сапасы шет елдік білім беруден бір кем емес. Бұған көзіміз жетіп жүр. Өздеріңіз білесіздер, геологиялық барлау және металлургия саласындағы сауатты мамандар кез келген өндіруші кәсіпорынның басты құндылығы болып табылады. Жыл сайын стипендиаттарға білім алуға мүмкіндік бере отырып, біз отандық өнеркәсіптің дамуына және отандық жоғары оқу орындарын қолдауға өзіміздің аз ғана үлесімізді қосқымыз келеді.
-Оңтүстікте көптеген кен—байыту кәсіпорындары жұмыс жасайды. Оларға білікті мамандар ауадай қажет екендігі даусыз. Кеш те болса игі іске мұрындық болып жатқандарыңыз қуантады?
-Жасыратыны жоқ, 1990 — 2000 жыл аралығында көп уақытымызды жіберіп алдық. Бұл өзіміздің жұмыс орындарымызға мамандар даярлауда «Қолмызды кеш сермегеніміздің» салдары. Өйткені жас мамандар зейнеткерлерді алмастыруда, жұмысымыздың қарқын алуына септігін тигізер үлкен күш. Біз жастарды өз қаржымызға оқытып қана қоймай, олардың жұмысқа орналасуына да күш салмақпыз.
-Студенттерге қаржылай көмек көрсетілетінін айтып қалдыңыз? Сонда өздеріңіз оқытып жатқан жастардың бүкіл шығынын компания көтеріп отыр ма?
-Біз студенттердің жыл сайынғы оқу ақысын, сосын 40 мың теңге стипендия төлейміз.
-Бүгінгі іс—шараларыңызға қатыса отырып, алғашқы бітіруші түлектеріңіздің қазақ тіліне бейім жастар екенін аңғардық.
-Жақсы байқағансыздар. Оқуға қабылданып жатқан балалар ауылдың жастары. Ауыл рас қазақ тілінің ұясы ғой. Демек, біздердің өндірістерімізге де қазақ тілі келе жатыр деген сөз. Біздің компанияның алға қойған мақсаты да сол. Жергілікті жерден мамандық иелерін оқытып, өндіріс орындарына тарту.
-Жоғары оқу орындарын тамамдаған жастарды өздеріңізге жұмысқа тартатын шығарсыздар?
-Түлектеріміз студент кездерінде барлық практикаларын бізде өткізеді. Егер ваканция болып жатса әрине өзімізде жұмыс істегендерін қалаймыз. Бітірген үш тілектің біреуі бізге жұмысқа тұрып та үлгерді. Қалғандарының құжаттарын базаға енгізіп қойдық. Жас мамандарды өзіміз оқытып, сыртқа теппесіміз анық. Егер басқа кен байыту өндірістеріне кетіп жатса қой демейміз.
«Камеко Қазақстан» компаниясының алғашқы стипендиянты Еркебұлан Еркенов:
Мен Оңтүстік Қазақстан облысы Шымкент қаласында тұрамын. Ғаламтордан қорлар туралы мәліметтерді іздеп отырғанмын. Кенет сайттан «Камеко» компаниясының стипендия бағдарламасын көзім шалып қалды. Олардан қандай құжаттар керек екенін білген соң, эл почта арқылы жібердім. Ол кезде ҰБТ бітіп, менің балым грантқа түсуге жетпейтін болған соң, компания ата-анаммен хабарласып, стипендиялық бағдарламаға 17 баланың ішінен үшеуінің іліккенін, оның бірі мен екенімді айтыпты. Осылайша бізге Қазақстанның кез келген жоғары оқу орынын таңдауға ерік берді. Тек биология-металлургия мамандығы бойынша. Мен Алматыдағы Қаныш Сәтбаев атындағы университетті таңдадым. Қазір «Инкай» компаниясында тәжірибеден өтіп жатырмын. «Камеко» компаниясы 4 жыл бойғы оқу ақымды төледі. Сондай ақ жоғары стипендия төлеп тұрды. Айтар алғысым шексіз!
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК,
Суреттерді түсірген Ермұрат ШОПАН