Қаратауда көптен күткен қоныс той

Кеше Қаратау қаласында екі көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның бірі – Б.Момышұлы көшесіндегі №10, екіншісі қайта жаңғыртудан өткен №3 шағын ауданындағы №16 көпқабатты тұрғын үй. Оның әрбіріндегі пәтер саны – 96. Осылайша кеше 192 қаратаулық баспаналы болды.

Оларға пәтер кілтін аудан әкімінің міндетін атқарушы Медет Үрістенов тапсырды.

– Елімізде тұрғын үйге мұқтаж отбасыларды баспанамен қамту жұмысы жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бұл бағытта мемлекеттік бағдарламалар мен түрлі жобалар қабылданып, іске асырылуда. Қаламыздағы бос қалған көпқабатты тұрғын үйлер мемлекеттік бағдарлама аясында қайта жаңғыртудан өткізілді. Жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қайта қалпына келген үйлер тұрғын үй кезегінде тұрған отбасыларға кезекпен берілуде, – деген Медет Әбдімашұлы пәтерлі болған отбасыларды жаңа қонысымен құттықтады.

Сондай-ақ, салтанатты рәсімде аудандық мәслихат төрағасы Қадырбек Сәдубаев, аудандық билер кеңесінің төрағасы Сәулембай Әбсадықұлы, еңбек ардагері, ауданның Құрметті азаматы Базылхан Тоқтыбаев баспаналы болып жатқан отбасыларға тілеулестік танытып, жылы лебіздерін айтып, көпқабатты тұрғын үйдің лентасын қиды.

Жалпы қала бойынша қазіргі таңда тұрғын үй кезегінде 1434 адам тұр. Биыл қала тұрғындарына 372 пәтер беру жоспарланған. Жыл басынан бері 272 азамат баспаналы болған. Жыл соңына дейін тағы 100 азаматқа пәтер кілті тапсырылады деп жоспарлануда.

 

Нарбол ҚАШАҒАН,

журналист.

Талас ауданы