ҚАРАТАУДАҒЫ ҚУАНЫШ. ҚОНЫС ТОЙ ҚҰТТЫ БОЛСЫН
«Асарлатып үй салу» жобасы аясында көпбалалы отбасының арманы орындалды. 9 балалы ананың қонысына ат салысып үлес қосқандар: Талас ауданы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығы және №31, №32 спорт мектептерінің ұжымы, Абилдаев Копбосын Серикович, Сарсалиев Төребек Тілемісұлы, Байтыкова Луиза Абдысалимовна сынды жергілікті кәсіпкерлер және іскер әйелдер қауымдастығының мүшелері.
Салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Қайрат Маратұлы Серимов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әсемов Жұмабек, қала әкімі Дархан Баймбетов қатысты.
Шарада алғаш сөз алған Қайрат Маратұлы демеушілік көрсеткен қала кәсіпкерлері мен жанашырларына өз алғысын білдіріп, бірқатар азаматтарды белсенділік танытқандары үшін алғыс хаттарымен марапаттады.
Тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары ағымдағы жылдың тамыз айында басталып, 1 айда толық бітіп, көпбалалы анаға табысталды.
Жөндеуден өткен баспанаға ие болған көп балалы ана осындай қайырымды істің басында жүрген азаматтарға өз ризашылығын білдіріп, аналық алғысын айтты. Тіпті қуаныштан көзіне жас алды.
Қоныс той барысында Қаратау қаласының әкімі Дархан Баймбетовпен тілдескен болатынбыз.
— «Сүрінгенге сүйеу, қиналғанға демеу» болу қазақтың қанында бар қасиет. Бұл дәстүрдің ерекшелігі сол, адамдар бірлесіп үй салып, басқа да игі мақсатта бір-біріне көмектесу арқылы ынтымақ пен бірлігін жарастырады.
Ата-бабаларымыздан келе жатқан үзілмеген игі дәстүрдің бірі – «Асар». Бұл тұста Мемлекет басшысы «Қайырымдылық пен мейірімділік – қанымызға сіңген қасиет. Қазақта асар жасап, бір-біріне көмектесіп, қолдау көрсету дәстүрі бар.
Оның волонтерлікпен үндесетіні сөзсіз» – деп атап өткен болатын.
Бұрындары бүтіндей бір ауылда бір үйдің қабырғасы қаланса сол ауылдың азаматтары «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып үйдің соғылып бітуіне ат салысатын.
Тіпті, тұрмысы төмен отбасы мен жалғыз басты қарттарға, ауылдас ағайынға қолдан келген көмектерін аямаған.
Міне,осыдан көршінің арасында берік татулық, үзілмейтін сыйластық орнайтыны хақ.
Осындай игілікті іс, сыйластықтың нақты көрінісін Қаратаулықтар да көрсете білді.
Қала әкімінің айтуынша қала бойынша асар жұмыстары қарқынды жүргізілуде екен.
Биылғы жылға үш үй берілу жоспарланған болатын. Оның екеуі берілді. Үшіншісін қазан айының соңына қарай берсек пе деп отырмыз.
Ал, төртінші үйге газ кіргізу жұмыстарын ойластырылуда.
Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтың тапсырамасы бойынша қаладағы әр үйді аралап, әрбір тұрғынның тұрмыстық жағдайы зерделенуде,- дейді.
Мұндай қайырымдылық істің бастау алып, бір мұқтаж жанға қуаныш сыйлап жатқан қала тұрғындарына біз де риза пейілмен тілеулес болдық.
Алла нәсіп етсе алда көптеген мұқтаж отбасы жаңа үйдің қоныс тойын тойлар.
Қаратау қаласының игі істері өзгелерге үлгі болып, қаймағы бұзылмаған деген теңеуі бар Қарт Қаратаудың бірлік — берекесі кетпесін дейміз.