КӘРІМ МӘСІМОВ «НҰР ОТАННАН» НЕГЕ КЕТТІ?

«Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Кәрім Мәсімов партияның саяси бюросынан шығарылды. Шошып кетпеңіздер, бәрі жақсы. Бүлінген ештеңе жоқ. Бұл шешім танымал тұлғаның қызметіне байланысты болып отыр…

Отырыстан кейін аталған мәселеге қатысты «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев осыған байланысты түсініктеме берді.

«Саяси бюроның құрамындағы мүшелердің шығарылуы және толығуы – партияның ұйымдастырушылық жұмысымен байланысты. Партияның бүгінгі саяси кеңесінің кеңейтілген отырысындағы күн тәртібінде «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесі бюросының құрамына өзгертулер енгізу туралы мәселе қаралды», — деді ол.

Осы орайда хатшы Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімовтің партияның саяси бюросынан неліктен шығарылғанын түсіндірді. Оның үлкен мәнісі барын сонда түсіндік.

«Мысалы, партияның саяси бюросының мүшесі Кәрім Мәсімов ҰҚК төрағасы болып тағайындалды. Бұл – құқық қорғау жүйесі. Яғни «Нұр Отан» партиясының жарғысына сәйкес құқық қорғау жүйесінде және партияда жұмыс істеуге жол берілмейді. Сондықтан ол партияның саяси бюросынан шығарылды. Яғни құқық қорғау саласында өз міндетін атқаруына байланысты ол партиядағы қызметін жалғастыра алмайды», — деп түйіндеді сөзін Қаныбек Жұмашев.

Сондықтан ҰҚК төрағасы «Нұр Отаннан» кеткенімен, оның тілеулесі, қорғаушысы болып қала бермек…

Естеріңізге сала кетейік, «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та болды. Президент жиын барысында «Нұр Отан» партиясын жаңғырту қажеттігін баса айтты. Бүгінгі жағдайдағы әлемнің дамуы партия алдына да зор мақсаттар жүктейтіндігін ескертті. «Сөз «Нұр Отан» партиясының өзін жаңғыртумен байланысты болып отыр. Өйткені, ел, экономика жаңғырып, соған сәйкес саяси күштер де соған сай болуы тиіс», — деді Мемлекет басшысы. Елдегі ахуалдың тұрақтануына, Қазақстанның дамуына, халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына «Нұр Отан» партиясы зор үлес қосқанын тілге тиек етті. Парламенттік сайлаулардан лайықты деңгейде өтіп, шын мәнінде Қазақстанның басты саяси күші құқығына ие болғанын еске салды. «Дегенмен, бізде тоқтауға болмайды. Өздеріңіз де білесіздер, биыл біз экономиканы, саясатты, біздің қоғамымыздың рухани саласын жаңғыртуға кірістік. Жаңғырту еш уақытта да оңай болмайды. Ол айтарлықтай қарсылықтарды туындатуы мүмкін. «Нұр Отан» партиясының рөлі ең алдымен жаңғырту бағдарын саяси қолдаудың тетіктерін құруда», — деді Елбасы.

 

Нағашыбай Қабылбек