Қарияларға құрмет көрсетілді

Бүгін халықаралық қарттар күніне орай Шу ауданында бірқатар шаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, аудандағы үлкен мейрамхананың бірінде өңір қарияларының басы қосылып, арнайы дастарханнан ас берілді. Аталған шараға аудан әкімінің міндетін атқарушы Нұрлан Жақсыбаев барып, ауданның аға буынына ақжарма тілегін жеткізді.


Сонымен қатар ауданның әлеуметтік- экономикалық дамуына үлкен үлес қосқан, ел еңсесін көтеруге күш салған жүзден аса зейнеткерлерге «Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі табыс етілді.


Кең дастарқан басында қауқылдасып төл мерекелерін тойлаған қариялар өздеріне көрсетілген құрметке разы болып, осы іске ұйытқы болған аудан әкімі Сәкен Арубаевқа алғыстарын білдіріп жатты.


Одан бөлек осы күні Шу қаласы мен ауылдарда да арнайы шаралар өтіп, зейнеткерлерге төсбелгілер берілді. Сазды бағдарламасы бар жиындарға ақсақалдар мен ақ жаулықты аналар разы болысты.


» Қарты бар елдің — қазынасы бар» деген. Аға буынды ардақтау, олардың өнегелі өмірін үлгі ету әрбір адамның борышы. Өмірден көрген-түйгені мол жандардың берген кеңесіне құлақ асып, қажетіне жаратқан жанның жолы әрдайым ашық болмақ.