ҚАРИЯСЫНА ҚАРСЫ ШЫҚПАЙ, АТАЛЫ СӨЗГЕ ТОҚТАҒАН ҚАЗАҚ
Ұзақ атамның жас кезі болуы керек, бірде жазда жайлау кезінде ауылдарынан 10 — 15 шақырым жердегі кеште жастар жиналып ән айтып, алтыбақан тебетін тойға бармақшы болыпты. Тойға бармас бұрын атамды аталас молда ағасы шақырып алып
— Әй, Ұзақ сендермен бірге біздің үйдегі жеңгең де бармақшы, жолда көз — қырыңды сала жүр, жақсы ма? — депті. Атам ағасына
— Жақсы,- деген екен. Содан ауыл жастары жиналып бәрі атпен жолға шығыпты. Ағасы айтқан жеңгесі екі кішкене балаларын біреуін алдына алып, екіншісін артына міңгестіріп алыпты. Бұлармен атамның молда ағасының құрдасы Мұқан да бірге шыққан екен. Барар мен қайтар жолда, түн қараңғысы және қыратты түзу емес тау жолы болған соң балалы әйелдің бір баласын Мұқан алдына алып көмектесіп бірге жүріпті. Тойға барып, аман — есен қайтып келген соң атама ағасы келіп:
— Жеңгең қалай барып қайтты, жолда жанында кім болды? — дегеніне, атам ағасына:
— Жақсы барып қайттық, жанында Мұқан болды, бір баланы алдына алып алды, — деп күліпті. Молда ағасы үнсіз кетіп қапты. Үйіне барған соң әйеліне:
— Сен кет Мұқанға, — деп ашуланыпты. Молданың әйелі атамның апасына келіп:
— Апа, ана қайныңыз ашуланып жатыр, «Мұқанға кет» деп, не істеймін?- дегенде үлкен апамыз:
— Сен жүре бер, мен қайны ағаңа айтайын, сол сөйлессін інісімен , — депті. Зәбина апамыз Әбен атамызға келіп:
— Ана балаң, молда ағасына ойнап «жеңгем құрдасың Мұқанмен бірге жүрді» дегеніне үйінде ашуланып жатыр екен, барып сөйлесші ініңмен, — депті. Әбен атам молда інісінің үйіне барса, далада көк майсаның үстіне көрпе төсеп етпетінен жатыр екен. Бара салып інісіне:
— Неғып жатыр ей мынау? — депті қатқыл үнмен, інісі орнынан атып тұрып:
— Жәй, өзім жатырмын, кәрия төрге шығыңыз, шәй қойыңдар, — депті. Шәй қайнап дастарханға отырған соң інісіне Әбен атам:
— Інің ойнап айтқан саған, ашуланба келінге, — деп татуластырған екен.
PS: Жазушы Ғабиден Мұстафин «Үлкеннің ақылын тыңдау, сөзге тоқтау, инабаттылықтың көрінісі демекші, бұл жерде айтқым келгені қазақ көне заманнан бері үлкенді үлгі етіп сыйлап, кішіні кішіпейілділікпен құрметтеген халық қой. Қариясына қарсы шықпай аталы сөзге тоқтаған. Сөз соңында айтпағым бүгінгі біздің қоғамда кезіндегі ата — бабаларымыздың жақсы дәстүрлерін қанша жаңа ғасыр болса да ұмытпаса екен деген тілек қана…