ҚАРЛЫ БОРАНДА ЖҮКТІ ӘЙЕЛДІ ПЕРЗЕНТХАНАҒА ЖЕТКІЗДІ

Таулы аймақта орналасқан қысы боранды Түркістан ауылдық округінде боран әлі басылмай тұр. Дегенмен, ауылдық округ әкімі, өзге де жауапты мекемелер төтенше жағдайдың орын алмауын қатаң бақылауға алған.
Таулы аймақтың әкімі мен ауыл тұрғындары да «қатал сыншы» аталған қыс мезгілінде өзара көмектің де үлгісін көрсетіп келеді.
Үстіміздегі жылдың 19 желтоқсаны күнгі таңғы сағат 6.15-тер шамасында ауылдық округ әкімі Ақан Шортанбаевқа округ орталығынан 15 шақырымдай қашықтықта жатқан Арыстанды елді мекенінің тұрғыны Э. Бадировтан жүкті келіншегі Мадина Қадырованың толғатып жатқандығы туралы хабар түседі.
Ауылдық округ әкімі Ақан Шортанбаев аудандық төтенше жағдай жөніндегі бөлімнің бастығы Ж. Танабаевпен хабарласып, жағдайды баяндап, қатты боран соғып тұрғандықтан жүкті әйелді аудан орталығына жеткізуге көмектесу үшін төтенше жағдай бөлімінің жедел тобын жіберуді сұрайды.
Бірақ, қарлы боранда үйде босанып қалса жағдайдың одан әрі қиын болатындығын, сондықтан уақытты өткізбеу керектігін түсінген ауыл әкімі, төтенше жағдай бөлімінің жедел тобын күтпестен, шұғыл шешім қабылдайды. Қасына ауыл азаматтарын алып, өзінің қызметтік көлігімен қатар, қосымша Т. Ажыпов деген ауыл тұрғынының «Нива» атокөлігімен жүкті әйелді Арыстандыдан ауылдық округ орталығы Әшір Бүркітбаев ауылына жеткізеді. Әшір Бүркітбаев ауылынан ауылдық медпункттің аукшер-гинекологы Ж. Әділбекқызын және құрал- саймандарымен ауылдың азаматтарын салып алып, екі машинамен қарлы боранда Жаңатасқа қарай жолға шығады.
Жол бойында төтенше жағдай бөлімінің жедел тобы да жолығып, қатты бұрқасынға қарамастан азаматшаны Жаңатас қаласындағы перзентханаға аман-есен жеткізді.
Таңғы сағат 8-дер шамасында жеткізілген жүкті келіншек, он минуттан соң ұл босанды. Қазіргі таңда ана мен баланың жағдайы қалыпты.
Қыс мезгілінде төтенше жағдайдың орын алмауын қатаң бақылауда ұстап, жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқан, дер кезінде шешім қабылдап, жүкті әйелді аман-есен перзентханаға жеткізген ауыл әкімінің әрекетіне ауылдықтар дән риза.
Алғыстарын айтып, ризашылықтарын білдіруде.
Сарысу ауданы әкімдігі