ҚАРЛЫҒАШ ҮЙЛІ БОЛДЫ

Биылғы жылы аудан бойынша 6 ауылда «Асарлатып үй салу» жобасы аясында 6 үй тұрмысы төмен, көпбалалы, жалғызбасты жандарға көмек ретінде ауыл тұрғындары асарлатып үй салып берген еді. Жақында олардың қатары тағы 4 отбасымен толықты. Солардың бірі — Бурыл ауылдық округіне қарасты Құмжота ауылындағы көпбалалы, жалғызбасты ана Байбарақова Қарлығаш та баспананың кілтіне қол жеткізді.
Ауыл тұрғындары асарлатып ауылдағы Даңғыл ата көшесі бойына салынған үйдің қоныс тойына жиналғандар қарасы көп болды. Онда аудан әкімінің орынбасары Болат Сағынбеков көпшілікті Жаңа жыл мерекесімен, ал Қарлығашты үйлі болуымен құттықтады. Осы үйді қысқа мерзімде сапалы соғып беруге атсалысқан ауыл азаматтарына алғыс айтып, алдағы уақытта да осындай ауызбірліктерінің ажырамауына тілектес екендігін жеткізді.
Округтік ардагерлер кеңесінің төрағасы Қайрат Тасболатов, ауыл тұрғыны, зейнеткерлер Лесбек Айдарбеков, Райхан Байбарақовалар өздерінің игі тілектерін білдіріп, ауыл азаматтарының ұйымшылдығына, оларды ұйымдастырып, үнемі басы-қасында жүрген округ әкімі Ерлан Әшірбековке ерекше алғыстарын айтты.
Жаңа үйге кіруге арналған лентаны аудан әкімінің орынбасары Болат Сағынбеков пен еңбек ардагері Әкімберді Жайдарбаев қиысымен, шашу шашылды.
Шараға жиналған көпшілік үйге кіріп, түгел бөлмелерді аралап көрді. Төрт бөлмелі үй сапалы соғылғаны көрініп тұр. Үйге газ тартылып, жарық берілген.
-Асарлатып үй салуға ауыл азаматтары ұйымшылдықпен атсалысты. Олардың арасындағы өзінің жеке иелігіндегі 10 соттық жерін үй салуға тегін берген Мұрат Базылбаев ағайға ауыл халқы риза. Сондай-ақ ауылдағы Хамидолла Байназаров, Қадірбек Дәметбаев, Несіпкүл Байжанова тәрізді шаруа қожалығының жетекшілері, жеке кәсіпкер Жалел Аббасов, ауыл тұрғыны Азамат Байтарақовтар мол үлес қосты. Округтегі екі мектептің ұжымдары да бұл сауапты істен тыс қалмады. Бар болғаны бес айда соғылған үйге округтік ардагерлер кеңесінің төрағасы Қайрат Тасболатовтың да көмегі көп болды,-дейді округ әкімі Ерлан Әшірбеков.
Қысқа мерзімде өзіне осындай жылы, жаңа үй салып бергені үшін үй иесі Қарлығаш Байбарақова округ әкімшілігі қызметкерлеріне, үй құрылысына үлес қосқан барлық азаматтарға өзінің аналық алғысын жеткізді.
Аталардан қалған «асарлату» қайрымды іс. Елді бірлік пен ынтымаққа үндейтін, мұқтаж жандарға өз мейірімдерімен көмек көрсетудің озық үлгісін құмжоталық ағайындар осылайша көрсетті.

* * *
Жаңа жыл қарсаңында асарлатып салынған үйлер Қосы батыр, Байзақ, Қосақ ауылдарындағы қоғамның осал тотарына да тапсырылды. Енді олар ертеңгі Жаңа жылды өз шаңырақтарында жайылған ақ дастархан басында қарсы алатын болды.

Сүндетулла ӘБІЛОВ,
Құмжота ауылы.