Қарттары белсенді қоғам әлеуетті

Елордада республикалық «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің 30 жылдығы тойланды

Қазақтың біртуар ақыны Төлеген Айбергенов «Даналықтың қажеті жоқ сыйлау үшін ананы» дейді. Қарттарын құрметтеу қанында бар халқымыздың бүгінгі ұрпағы бір кездері жасындай жарқылдаған қазіргі ардагерлерді ардақтаудан қалыс қалмақ емес. Өйткені адамзаттың асылы Мұхаммед Пайғамбардың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзі «Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетпеген бізден емес» деп кесіп айтқан. 1987 жылдың 21 наурызы — елімізде соғыс және еңбек ардагерлерінің ұйымы құрылған күн. Ел есін жиып, егемендік алар тұста жұмысын бастаған ұйым отыз жылда орда бұзды десек, артық емес. Өйткені белсенді қарияларымыз Елбасының Жолдау, Үндеулерінен бастап, барлық билік өкілдері, қоғамдағы жақсы-жаман оқиғалардың қай-қайсысына болмасын алғашқы болып пікір білдіріп, жастарға дұрыс жол сілтеп, ақылдың кені болып отырған жайы бар. Бүгінде «Ардагерлер ұйымы» 1 млн. 845 мың ардагердің басын қосқан 16 өңірлік, 216 қалалық және аудандық, 9960 бастауыш бөлімшелері бар еліміздегі ең үлкен қоғамдық бірлестік. Мемлекет және қоғам қайраткері Шәңгерей Жәнібеков, Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтер басшы болған ұйым егемендік алғалы Елбасына тіреу, халқының мұң-мұқтажына, жақсылықтарына ортақ болып келеді.

sam_8259

Қариялар да бәсекеге қабілетті болса, кәнеки!

Ұлы жеңіске 72 жыл толған тұста, дәлірек айтқанда, 11-12 мамыр күндері ел ордасы Астанада республикалық «Ардагерлер ұйымының» 30 жылдығы тойланды. Алты Алаштың басы қосылған ару қала төрінде еліміздің түкпіртүкпірінен келген қариялар қонақ болып, мерекелік көңіл күйде жүрді. Заманы бір ақсақалды аталар мен ақ жаулықты әжелер Орталық кеңес биыл алғаш рет тағайындаған «Ардагерлер ұйымының» 30 жылдығына арналған мерекелік медалімен марапатталып, қуаныштары екі есеге ұлғайды. Аталмыш «Құрмет» төсбелгісіне ие болған ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Қазақстан ZAMAN» газеті бас директорының бірінші орынбасары,  «ЕлАна» қоғамдық, әлеуметтік-танымдық сайтының бас редакторы Сәуле Мешітбайқызын біз де шын жүректен құттықтаймыз!

Ал келесі күні әр аймақтан келген ардагерлер ҚР Қарулы Күштерінің әскеритарихи музейіне жиналды. Ежелгі дәуірден бастап, кешегі Ауған соғысына дейінгі қазақ әскерінің хал-жағдайынан сыр шертетін тарихи жәдігерлер қарттарды да бей-жай қалдырмады. Әрбір көне затқа мұқият қарап, ойға шомып, кейбірі пікірлерін білдіріп жатты. Музейді толық шолып шыққан ардагерлер концерт залына қарай аяқ басты.

Мерекелік іс-шарада қарияларға құрмет көрсетілді, ұйым белсенділері жетістіктері жіпке тізгендей айтып, әлі де шешімі табылмай келе жатқан мәселелерді де тыс қалдырмай, мінберде толғады. Алғашқы болып сөз алған ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова:

— Ардагерлерге қамқорлық жасау, олардың тұрмыс деңгейін арттыру — мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты басымдығының бірі. 2017 жылғы 1 шілдеден бастап, Президенттің тапсырмасы бойынша зейнетақы 2016 жылмен салыстырғанда 20%-ға өседі. Бұдан бөлек, негізгі зейнетақыны тағайындау жаңа әдістеме бойынша жүзеге асырылып, оның мөлшері зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты болмақ. Бұл шаралар 2018 жылы негізгі зейнетақы көлемін 2017 жылмен салыстырғанда 1,8 есе ұлғайтуға мүмкіндік береді. Республикалық бірлестіктің Қазақстан Республикасының қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесін ерекше атай кеткен жөн. Сөз соңында Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында қойылған міндеттерді іске асыруға ардагерлер белсенді түрде атсалысатынына сенім білдіремін, — деді.

Жүрекжарды лебізінен кейін Г.Наушақызы ұйымның бір топ белсенді ардагеріне Елбасы Н.Назарбаевтың Алғыс хатын салтанатты түрде табыс етті. Өз кезегінде ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің құттықтауын депутаты Мәулен Әшімбаев жеткізсе, ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова да жиналған барлық ардагерлерге тілегін жолдап, зейнетақы жөнінде Мемлекеттік хатшы айтқан алдағы жоспарлар жөнінде толық құлағдар етті. Сонымен қатар, кезегін күтіп отырған «Жас Отан» Жастар қанатының Төрағасы Данияр Сүндетбаев та ардагерлер ата-әжелердің ел дамуы, қоғамның өркен жаюы жолындағы еңбектері алдында кейінгі буынның қарыздар екенін тілге тиек етіп, жастардың құттықтауын «Ардагерлер ұйымы» орталық кеңесінің Төрағасы, Мәжіліс депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетовке табыс етті. Сосын Төрағаның өзі де мінберге көтеріліп, ұйымның 30 жылдағы негізгі жетістіктеріне тоқталып, атқарылып жатқан істерді шолып шықты.

— Отыз жылдық тарихы бар ардагерлер ұйымы еліміздің көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге келеді. SAMSUNG CSCЕлімізде тұрақтылық пен татулықты нығайтуда, ұрпаққа патриоттық тәрбие беруде ардагерлердің еңбегі орасан. Қазақстанның кемелдене түсуіне, гүлденуіне жастық жалын, маңдай терлерін төккен ардагерлерге қандай құрмет көрсетілсе де артық емес. Біз бүгінгі бейбіт тірлігіміз үшін, осы жерді қорғап, ұрпаққа аманат еткен қайсар жандардың аруағының алдында қашанда қарыздармыз. Алғаш ардагерлер ұйымының барлық құрылымдарын Ұлы Отан соғысының отты жалынымен құрыштай шыңдалған, еліне адал қызмет еткен патриот, ұлтжанды азаматтар басқарды. Олар елімізге белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері — Шәңгерей Жәнібеков, Сағадат Нұрмағанбетов, Мақтай Сағдиев, Қайырбек Сүлейменов және Өмірзақ Озғанбаев ағаларымыз. Бүгінде Шәңгерей Жәнібекұлы ағамыз қатарымызда, әлі де қоғамдық жұмыстан тыс қалмағанын мақтанышпен айта аламыз. Өркениеттің жедел дамуы заманында, рухани жаңғыруларда біздің ардагерлеріміз де бәсекеге қабілетті болуы керек. Болашақ жастардікі дейміз, біздің жастарымыз өте білімді, ұшқыр ойлы, ғаламторды және бірнеше тілді меңгерген. Осындай озық ойлы жастарға ақыл-кеңес беру үшін өркениеттің жаңалықтарынан хабардар болуымыз керек. Ол үшін алғашқы қадамдар қолға алынды. Қазір Павлодар, Атырау облыстарында «Жас Отан» жастар қанатының белсенділері ардагерлерді компьютерлік курстарда ғаламторды игеруге үйретуде. Бұл игі бастама өзге облыстарда да жалғасын табады деп сенеміз, — деді.

Рухани жаңғырудың үш бағыты

Өз баяндамасында «Біз бабаларымыздан мирас болған, ұлттық прагматизм, ізгі қасиеттерді түлетіп, сонымен қатар, кертартпа қағидалардың алдын алудың жолдарын табуымыз керек» деген Б.Ізмұхамбетов ата дінімізді, ана тілімізді, өзгеге еш ұқсамайтын салт-санамыз, әдетғұрпымызды жаңғырту жолында мемлекет және қоғам қайраткерлері Орталық кеңес жанындағы тұрақты комиссиялармен бірігіп жұмыс істейтін болады дейді.

— Біз әзірге үш бағытты алып отырмыз. Олар: «Дәстүр» мектебі (ұлттық бірегейлікті сақтау, салт-дәстүріміздегі өмірлік, тәрбиелік мәні зор қағидаларды дәріптеу);

Екінші бағыт — «Алтын ұя» мектебі (әке тәрбиесі, ана тәрбиесі, жастарға отбасы құндылықтарын құрметтеу туралы бағытбағдар көрсетіп отыру);

Үшінші бағыт — «Ағаның ақылы» мектебі (отансүйгіштікке, патриоттыққа тәрбиелеу, жершілдік, тамыр-таныстықтың зиянды жақтарынан жастарды сақтандыру ақыл-кеңес орталығы). Мұндағы мақсатымыз — Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған ойларды нақты іске асыру. Оның өміршеңдігін, біздің қоғам үшін пайдалылығын көрсету. Біз ХХІ ғасырда алдыңғы қатарлы озық елдердің қатарына қосылу үшін, ұлттық құндылықтарымыздың асылдарын теріп, жас ұрпақтың бойына сіңіре білгеніміз жөн. Қазіргі таңда аға ұрпақтың алдында тұрған басты міндет осы.

Бақтықожа Ізмұхамбетов атап өткен үш бағытты алғаш естігенде көз алдымызға қазақтың байырғы отбасы институты келді. Ата-әже, әкешеше мен аға-ападан бөлек, жеңге тәрбиесінің өзі қайта қалыптасатын уақыт та жақын деген сенім бойымызда пайда болғаны жасырын емес. «Атасынан ақыл алса, тентек ұл да жөнделер» деп бағзы дәуірде Қорқыт ата бекер айтпағанын бүгінгі қоғамның бейнесі ап-айқын көрсетіп тұр. Дегенмен, қарияның бәрі данагөй, шетінен аузы дуалы деп те айта алмаймыз. Сөзінен ісі, әрбір әрекеті ірі болмай, ешкім де ұрпағына үлгі, еліне қамқор болмасы тағы белгілі. Әйтсе де, арамызда биіктігі байқалмай жүрген баталы қарттар да аз емес. Еңбек жолын Қызылорда облысы, Шиелі ауданындағы «Казсельхозтехника» бірлестігінде механик, инженер-бақылаушы болып бастаған, ел ағасы жасында ҚР Парламенті Сенатының депутаты да болған, бүгінде Қызылорда облыстық «Ардагерлер ұйымының» төрағасы болып отырған мемлекет және қоғам қайраткері Сейілбек Шаухамановпен салтанатты іс-шарадан соң аз-кем сұхбаттасқан болатынбыз. Сұхбатты мына сілтемеден оқи аласыздар.

P.S. «Атаңа не істесең, алдыңа сол келер» дейді бабаларымыз. Ақ сақалды атасы мен ақ жаулықты əжесіне құрмет қылған қоғам құлдырамайтынын, оларға жасағаның алдыңнан шығатынына қамшының сабындай ғана қысқа ғұмыр куəлік етіп тұр. Ендеше, ардагерін ардақтаған артта қалмайтынын ескерер есті ұл мен ақылды қыздар көп болғай!

ЕРМҰРАТ НАЗАРҰЛЫ