Қартың болса, қазынаң
Биыл «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің құрылғанына 30 жыл. Қазақстан бойынша екi миллионнан астам адамды бiрiктiретiн ұйым бүгiндерi тек ардагерлердiң құқықтарын қорғап қана қоймай, жас ұрпаққа отансүйгiштiк тәрбие беру секілді маңызды мiндеттi де абыроймен атқарып келедi. Жамбыл облысының өзінде аталған ұйымға 100 мыңнан астам ардагер мүше болып отыр. Мерейлі мерекеге орай облыстық қазақ драма театрында ардагерлер кеңесінің мерейтойлық пленумы өтті. Салтанатты жиынның шымылдығы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Әнұранымен түрілді. Бұдан кейін облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев аймақтық ардагерлер ұйымының атқарып жатқан жұмыстары мен өткен тарихы жайлы жан-жақты баяндап берді.
— Республика Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ел халқына арналған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында қозғалған мәселелер, биыл құрылғанына 30 жыл толған «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің алдына келелі міндеттер жүктеп отыр. Өйткені бүгінгідей халықаралық қауымдастықта заманауи ғылым мен техниканың дамып, қатынас пен байланыстың жетіліп, халықтардың өзара қарым-қатынасы нығаюының нәтижесінде күш алып тұрған жаһандану үдерісінің кейбір бағыттарының әлемдегі саны шектеулі, ұлттық мәдениеті мен экономикасы әлсіз дамыған ұлттар үшін қатер төндірер қауіпті жағы да баршылық. Осы орайда 1987 жылдың 11 наурызын облыстық ардагерлер ұйымының құрылған күні деуге негіз бар. Дәл осы күні облыстық ардагерлер ұйымының алғашқы құрылтай конференциясы болып өтті. Форумды өткізуге бас болған облыстық партия комитетінің хатшысы Әлмұхан Исақов пен облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрағасы Әнуарбек Жүнісәлиев конференцияға әзірлік жұмыстарын жоғары дәрежеде ұйымдастыруды қамтамасыз етіп, құрылтайды мәнді-мағыналы өткізді. Облыстық ардагерлер кеңесінің алғашқы төрағасы болып бұрын аудандарда бірінші басшы болған Кәми Мәкеұлы Аханов сайланды. Бүгінде өңірдегі 116 252 зейнеткердің 88686-сын өз қатарына біріктіріп отырған облыстық ардагерлер кеңесі 10 аудандық, 4 қалалық, 325 ауылдық, 315 бастауыш, цехтық ұйымдарды ұйыстыра алып отыр, — деді кеңес төрағасы.
Сонымен қатар, Еркінбек Солтыбаев ел Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында қойылған міндеттерді іске асыруға ардагерлер қауымы белсенді түрде атсалысып жатқанын тілге тиек етті. Жиында Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов, ақыл-парасатын, күш-қайратын елдің келешегін дамытуға, туған жердің өрісін ұлғайтып, тірлігін түлетуге арнаған соғыс және еңбек ардагерлерін мерекелерімен құттықтап, олардың қандай құрметке де лайық екендігін баса айтты.
— Бірлестік құрылғалы бері үлкен жұмыстар атқарылуда. Әлі де дами түсуі үшін қазіргі цифрлық технология заманында ақсақалдарымызға коммуникация қажет. Соған 30 смартфон сыйлаймыз. Жыл аяғына дейін абоненттік төлемін төлеп береміз. 1 әлеуметтік парақша ашып, жаңалықтарыңызбен бөлісіп отырасыздар. Сіздердің жұмыстарыңыз дами түседі деп ойлаймыз, — деді Ерқанат Нұрбапаұлы.
Жиын соңында көпжылдық еңбегi және қоғамдық өмiрге белсене араласып, жастарды отансүйгiштiк рухта тәрбиелеуге сүбелi үлес қосқаны үшiн облыс әкiмiнiң Алғыс хатымен және Құрмет белгiсiмен бірқатар ардагер марапатталды. Атап айтсақ, облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың Құрмет грамотасымен Талас аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тынысбек Сейдуанов, Шу аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қазақбай Байжұманұлы, Меркі аудандық ардагерлер кеңесінің төраға орынбасары Ереңсіз Абашев, Жаңатас қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Байтуған Рыспанов, Айша бибі ауылдық округтік ардагерлер кеңесінің төрағасы Райымбек Мұсатаев марапатталды. Сонымен қатар, Байзақ ауданы, Мырзатай ауылдық округтік ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Әлімбаев, Жуалы ауданы, Бауыржан Момышұлы ауылдық округтік ардагерлер кеңесінің төрағасы Кемелбек Дәуренбеков, Жамбыл аудандық ардагерлер кеңесі тұрақты комиссиясының төрағасы Жақсылық Сәлемов, Қордай ауданы, Кенен ауылдық округтік ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Садыханов, Талас аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Құрал Нүрпейісов және Тараз қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Күләш Әбдікешова Жамбыл облысының Құрмет грамотасымен құрметтелді. Жуалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарас Мұратай «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі, Орталық кеңестің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетовтың «Құрмет белгісі» төсбелгісін омырауына тақты. Және тағы да басқа бірқатар ардагерлер мерейтойлық медальдармен марапатталды. Жиын соңында салтанатты пленумның облыс ардагерлеріне Үндеуі оқылды. Шара жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты.
Саятхан Сатылғанов