Қарулы күштердің Әскери полиция бас басқармасында Ашық есік күні өтті

 

Астанада Әскери полиция бас басқармасының бастығы полковник Руслан Құлымбетовтың басшылығымен әскери қызметшілердің отбасы мүшелері үшін Ашық есік күні өтті.

Полковник Руслан Құлымбетов атап өткендей, әскери полиция құрылымында әскери қызметшілердің жақындарының қатысуымен мұндай іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Оның тәрбиелік мәні зор. Бұл секілді басқосулар отбасындағы өзара түсіністікке оң ықпал етеді. Балалардың да әскери мамандыққа деген қызығушылығын дамытып, ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз етеді.

Аталған шарада келушілерге әскери полиция органдарының әскери техникасы мен қару үлгілері, әскери қызметшілердің жауынгерлік жабдықтары таныстырылды.

Кинолог мамандар қызметтік иттерді үйрету өнері мен бірлескен іс-қимыл элементтерін көрсетсе, жедел әрекет ету бөлімшесінің әскери қызметшілері балаларға қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін паш етті.

Әскери қызметшілердің отбасылары үшін спорттық эстафета ұйымдастырылды. Жүлдегер командалар Әскери полиция бас басқармасы бастығының атынан естелік медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Іс-шара Ақмола өңірлік гарнизоны әскери полиция басқармасының мерзімді қызмет сарбаздары мен Әскери полиция мамандарын даярлау орталығы тыңдаушыларының мерекелік концертімен аяқталды.

Осындай іс-шаралар әскери полицияның барлық өңірлік бөлімшелерінде өтіп, оған 700-ден астам бала қатысты.

ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі