«ҚАРЫНДАС» СӨЗІНІҢ ТӨРКІНІ ТЕРЕҢ!..

Адам табиғатында пәлеге, жалаға, жаманшылыққа бiр табан жақын жүретіні – өзін танымай сырттан келетін жақсы-жаманды айыра алмай жүретін енжарлығынан, көрсеқызар еліктегіш, мақтаншақтығынан болады. Жақсылықты тез ұмытады, жаманшылықты жарты ғұмырына серiк етедi. «Жақсылық ұзақ тұрмайды, жаманшылық әр кез тозбайды», — деген Абай:
Қызылды-жасылды дүниенің соңынан қуып жүріп, ағайынның елдіктен кетіп бара жатқанының тағы бір мінезін көріп: «жаттың бір тәуір кісісін көрсе, «жарықтық» деп жалбарынып, өз елінде одан артық адам болса да, танымайтындығын жеткізеді.
Абайдың «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да» деп басталатын өлеңінде:
Қарындас қара жерге тыға алмай жүр,
Бірінің-бірі сөзін ұға алмай жүр.
Құда-тамыр, дос-жаран, қатын-балаң –
Олар да бір қалыпты бола алмай жүр, — деп мың қатпар мұқтаждығының бір парасын айтпақ болады. Абайдың осы өлеңін мектеп жасымнан оқып жүрсем де, «қарындас қара жерге тыға алмай жүр» деген жолды ағасының қыз балаға деген өкпесі екен деп ұғып келіппін. Олай емес екен. Түркі тілдес халықтар «қарындас», «кардаш» деп бірге туған бауырластарды атайды. Қарындас – бір қарыннан, бір құрсақтан шыққан бауыр деген ұғымды білдіретінін кейін түсіндім. Кәзір біздің сөз тіркесінде қолданып жүрген «апа-сіңілі, аға-іні, бауыр деп жүргеніміздің түп тамыры осы – қарындас сөзі. Қазақта: «Ауру – астан, дау – қарындастан» деген даналықтың төркіні, дау да, жау да алыстан келмейді, өзіңмен бірге туған ағайынның берекесіздігінен келеді деген ұғымды білдіреді.
Бұл сөзге тағы бір нақты дәлел, Абайдың Халилолаға жазған хатында да айтылады. Онда: «Бізге хат жазған Қамаридден моллаға сәлем айт. Саған қарындастық жолымен еткен көмегіне көп рахмет. Хатыңды алып көңілім жай тапты» дейді. Яғни, Абай қарындастық жолмен көмек көрсеткен Камариддин моллаға алғысын жеткізіп отыр.
Найманның Сыбан руынан шыққан Ақтайлақ бидің:
Өкпе кімге жарасар,
Қарындасқа жарасар.
Қарындастың ішінде,
Қадірлеске жарасар, — деген даналық сөзін білеміз. Бұл жолдарда да «Қарындас» деп отырғаны қыз балаға арналған сөз емес, бір қарыннан шыққан ағайындас бауырларға айтылған наз деп ұғуымыз керек. «Ағайынның аты озғанша, ауылдасымның тайы озсын» деп, ағайынның атын, ауылдасының тайына қимағаны дау-жанжалдың алдымен ағайыннан шығатынын айтқаны. «Қарындас» сөзінің қыз балаға телініп кетуінің себебі, кезінде үстірт аударылған орыс тіліндегі «сестра» сөзінің баламасы болса керек. Сондықтан да мәні терең, тамырлы сөзді өзінің ұғымымен түсінгеніміз абзал.
Мың жылда бір-ақ рет келетін Ұлылардың үндестігінен бөлек, жаратылысынан жаны бай, болмысы бөлек адамдардың дүниетанудағы сезіну қабілеті де бөлек. Хакімнің өзі айтқан, «көкірегі сезімді көңілі ойлыға, бәрі анық көрініп тұратыны қандай ғажап?!

Алмахан МҰХАМЕТҚАЛИҚЫЗЫ