ҚАРЫЗЫ БАРДЫҢ ҚАЙҒЫСЫ ҚАЛЫҢ

Алдымен төтенше жағдай, артынша карантин, соңы жұмыссыз режим. Оған 42500 теңгенің әлегі мен несие төлеу мерзімін кейінге қалдыру мәселесі қосылып, «үйде отыру» жайына қалды. Президент пәрмен беріп, қаржы ұйымдары қолдап халықты кредит төлеуден уақытша болса да босату туралы шешімнің шыққаны рас. Алайда, бұл шешімнің соңы сұйылып бара жатқандай. Әлеуметтік желідегі алып-қашпа әңгімелерге сенсек, «банк клиенттері тоқсан күндік каникулға шығады» деген бос әңгіме сияқты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде коронавирус індетінің таралуына байланысты төтенше жағдай жариялағаннан кейін бірден халықтың әл-ауқатын төмендетіп алмаудың қамына кірісті. Реті келгенде індетпен қатар, міндетті де ұмытпау керектігін айтып, екінші деңгейлі банктерді де осынау қиын-қыстау кезеңде халықпен бірге болуға шақырған-ды. Обалы не керек, қаржыгерлер тарапынан еш қарсылық болмады. «Каспибанк» бастап, қалғаны қоштап, барлығы бір ауыздан несие төлеуді кешіктіргендерге кешіріммен қарайтынын, тіпті ол үшін сыйақы сұрамайтынын жеткізді. Анығында, бұл құрғақ сөз емес-тін. Барлығы есептелген, қағазға басылып, мөрленген шешім. Сөзіміз дәлелді болуы үшін енді ресми құжаттарды рет-ретімен сөйлетейік.

Әбілқасымованың бұйрығы
ҚР Президентінің 2020 жылғы 15 наурыздағы № 285 Жарлығымен республиканың барлық аумағында төтенше жағдай енгізілді. Бұдан әрі Мемлекет басшысы Төтенше жағдай жөніндегі кеңестің отырысында: «Қазіргі күрделі жағдайдан зардап шеккен шағын және орта кәсіпкерліктің барлық несиелері бойынша негізгі қарызы мен сыйақысын төлеуді тоқтата тұру – оларды нақты қолдау механизмдерінің бірі. Іскерлік белсенділікті салық тұрғысынан ынталандыру және бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін кешенді шаралар әзірлеуді, шағын және орта кәсіпкерлікті барлық салық және міндетті төлемдерден 3 ай мерзімге босатуды тапсырамын.
Осы кезеңде оларға айыппұлдар мен өсімпұл жүрмеуі керек» – деді. Президенттің «Қызым саған айтам, келінім сен тыңда» – деген емеурінін қаржыгерлер түсініп қойды ма, әлде әлеуметтік жауапкершіліктің салмағын сезінді ме, өз клиенттерінің несие төлеу мерзімін үш айға тоқтата тұру жөнінде шешім шығарды. Бұл Қаржы нарығын реттеу және дамыту туралы агенттігінің төрағасы М.Әбілқасымова ханымның 2020 жылдың 26 наурыздағы № 167 «Төтенше жағдайды енгізу нәтижесінде зардап шеккен халықтың, шағын және
орта бизнестің қарыздары бойынша негізгі борыш пен сыйақы сомаларын төлеуді тоқтата тұру тәртібін бекіту туралы» Бұйрығында көрсетілген. Аталған құжатта: «…Осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мүдделі бөлімшелеріне, екінші деңгейдегі банктерге, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға, ломбардтарды, онлайн-кредиттеу компанияларын, кредиттік серіктестіктерді, оның ішінде бұрын көрсетілген ұйымдар болып табылған заңды тұлғаларды қоса алғанда, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдарға жіберсін!» делінген.

 

Клиент келісім берсе, болды ма?
Сонымен, біз – екінші деңгейлі банктердің несиені үш айға шегеретінін және ол туралы бұйрықтың барын білдік. Сондай-ақ, бұл бұйрық екінші деңгейлі банктерге ғана емес, өзге де шағын, онлайн несие ұйымдарына, тіпті ломбардтарға да қатысты. Енді осы бұйрыққа сай кімдердің кредит төлеу мерзімін тоқтата тұрады? Қандай талаптары бар? Осыған жауап іздеп көрелік. Қарапайым тілмен түсіндіргенде бұл тізімнен төтенше жағдайдың кесірінен қаржылық қиындыққа тап болғандардың барлығын табуға болады. Яғни, банк жеке тұлға, шағын және орта бизнес деп бөліп-жармай, барлығының банктік қарыздары мен микрокредиттері бойынша
төлемдерін 2020 жылдың 15 маусымына дейін тоқтатуға қарсы емес. Сондай-ақ, бұл ешқандай басы артық құжатсыз шешіледі. Мұнда клиенттің келісімі болса жеткілікті. Қосымша келісім шарт жасау, қол қою қажет емес. Ең бастысы, банк клиентке несиені кешіктірмей төле, төлемесең айыппұл саламыз, сыйақы аламыз деп
мазаламайды. Бұған ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңының 68-бабына сәйкес халықтың әлеуметтік жағынан осал (он бір түрлі) топтары түгел Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылардан бастап, толық емес отбасыларға дейін үміт арта алады. Бұл қатарда ҚР «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» заңына сәйкес мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар да бар. ҚР «Халықты жұмыспен
қамту туралы» заңға сәйкес жергілікті органда тіркелген жұмыссыздар да кіреді. Кредиттік бюролар көрсетілген жеке тұлғалардың тізімдерін кредиттік ұйымдарға жібереді. Кредиттік ұйым қарыз алушыға төлемдерді тоқтата тұру туралы қолжетімді тәсілдермен хабарлайды. Осымен кімдердің банк алдындағы берешегі уақытша тоқтатылуы мүмкін екенін жалпылама да білдік.

 

Себебіне сай шешімі
Дейтұрғанмен, бұл банктер барлық адамның несиесін кейінге қалдырады деген сөз емес. Аталған бұйрыққа сай, карантиннің енгізілуіне байланысты уақытша жұмысқа жарамсыздар, ақысыз еңбек демалысында жүргендер, жұмыстан шыққан, еңбек шарты бұзған және өзге еңбек шартын тоқтатқан азаматтар, жалақысы
немесе өзге кірісі төмендетілген, төлеу тоқтатылғандар, төтенше жағдайға немесе карантинге байланысты шектеуден кейін жұмыс орнында бола алмаған жағдайда, қаржылық жағдайының нашарлауын куәландыратын өзге де себептері бар азаматтар үш ай бойы несие төлемеуіне болады. Байқасаңыз, бұл шара «үйде жатып» тындыра салатын шаруа емес. Мысалы, бұйрықтың мына бір үзіндісіне мән берейік. Онда «Кредиттік ұйым қарыз алушының өтінішін қарайды, 10 (он) жұмыс күні ішінде төлемдерді тоқтата
тұру туралы шешім қабылдайды және қарыз алушыға қолжетімді тәсілдермен хабарлайды» делінген. Демек, азаматтар өтініш жазуы тиіс. Өз кезегінде банк оны қарап, бір жауабын беруі керек. Тағы бір жайт, «Қарыз алушының қаржылық жағдайының нашарлағанын растайтын құжаттарды ұсыну талап етілмейді» деп тайға таңба басылғандай жазылған. Алайда, банк жеке тұлғаның қаржылық жағдайы қалыпты, нашарламағанын анықтаса төлемдерді тоқтата тұрудан бас тарта алатыны да айтылған. Яғни, құжат талап етілмегенмен, жеке тұлғаларға қатысты мәліметтер толық сүзгіден өтетінін ешкім жоққа шығара алмас. Қарапайым банк тұтынушылары білуі тиіс тағы бір факт, бұл жолы несие ұйымдарының жеке тұлғалардан қызмет көрсеткені үшін деп қандайда бір төлем алуына тыйым салынып отыр. Ал, шағын және орта кәсіпкерлерге қатысты сұрақтар өз алдына бөлек тақырып.

 

Гүлмира ҚАРАСАЙ, заңгер: Ұсыныс – заң емес
Кейбір банктер бөлімшеге келудің қажеті жоқ, өтініш те жазбайсыздар деп жатыр. Бірақ, заң шығарушы орган
әзірге екінші деңгейлі банктер төтенше жағдайға байланысты республика бойынша немесе карантин жарияланған аймақ тұрғындарының несие төлемін уақытша тоқтатсын деген заң шығарған жоқ. Көпшілік Президенттің ұсынысына сілтеме жасауда. Бірақ, ұсыныс – заң емес.
Сондықтан, бәрібір өтініш жазу керек болады. Мемлекет басшысы осыған байланысты заңдық күші бар бұйрық шығарса да әңгіме басқаша болар еді. Өткен жылғы мемлекеттің біраз адамның 300 мың теңгеге дейін несиесін жауып бергені сияқты. Демек, мына жағдайда банктерді мәжбүрлей алмаймыз. Екінші, банктердің несие төлемін кейінге қалдыру бойынша осыған дейінгі тәжірибесін ескерсек, олар төлемді
ешқандай сыйақы, пениясыз кейінге қалдырғанмен уақыты келгенде төленбеген қарыздарды бірден құйғызатын. Мысалы, үш ай «каникул» алсаңыз, төртінші айда үш айда жинақталған несиеңізге төртінші айдыкін қосып төлететін. Ай сайын елу мың теңге төлейтіндердің бірден екі жүз мың құюына тура келеді.
Дәл қазіргі жағдайда банк қандай шарттарды қолданатына түсініксіз боп тұр. Бір анығы, сыйақы, пения, айыппұл дегендер алынбайды деп жатыр. Демек, банкке өтініш жазғанда мұны көрсетпей-ақ қойса болады. Автоматты түрде ескерілуі мүмкін. Енді өтініштің үлгісі қандай болуы керек? Бұл жағдайда өтініште «несие мерзімін ұзарту» деген сөз болуы шарт. Яғни, кестені тағы үш айға созу, тоқтату бірден төлету емес. Сондықтан, банктердің сайтынан өтініштердің үлгісін тауып, онда «несие пролангациясы» бар ма, жоқ па, осыған көңіл бөлу керек. Мен дәл осындай халыққа тиімді өтініштің үлгісін өзімнің Zanger_academy телеграмм каналыма салып қойдым. Толтырып жіберуге болады. Банктер қазір өтініштерді электронды түрде қабылдап жатыр. Жұмыс істеп тұрған банктердің сайттары мен электрондық пошталарын да телеграмм каналыма салдым. Несиеге «отсрочка» беретін банктердің де тізімі бар. Банктер кімге немесе қандай жағдайда «отсрочка» жасауы мүмкін? Бірінші, олар қалайда клиенттерінің несие тарихына қарайды. Несие төлеу мерзімін кешіктіргендерге де беру, бермеуі екіталай. Мұнда әр банктің талабы әртүрлі. Мысалы, «Сбербанк» несиені жабу мерзімі аяқталып қалғандарға «отрочка» бермейді. Сол сияқты біреуге «гарант» болсаңыз, табысыңыздың азайғанын растай алмасаңыз да өтінішіңізді қанағаттандырмайды. Қысқасы, бұл жекелеген банктерге көбірек байланысты. Халықтың түсінбей жатқан себептерінің бірі осы. Ипотекаға, жеке және шағын бизнеске қатысты басы ашық сұрақтар көп…

Камила ЫСҚАҚОВА,
«Заң газеті