Қаржылық заң бұзушылықтар әлі де көп
Үкiмет отырысында 2017 жылдың 11 айындағы мемлекеттік бюджеттің атқарылу қорытындысын баяндадған ҚР Қаржы министрi Бақыт Сұлтанов:
«Бюджеттің атқарылуы бақылауда болды. Аудиттің инструменттері биылғы жылы толыққанды жұмыс жасады. Оны аудиторлық шаралардың көрсеткіштері дәлелдейді. Мәселен, 11 айдың ішінде 4 065 аудитордық шара жүргізілді. Бұл былтырғы жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 2 есе көп. Бюджет қаражатының аудиттен өткен сомасы 4 есеге көбейіп, 1,8 трлн теңгені құрады. Биыл 256 млрд теңге сомасында қаржылық заң бұзушылықтар анықталды.
Тексеру кезінде атқарылған жұмыс, көрсетілген қызмет, тауарды жеткізіп беру, бюджетке қайтару, есепте көрсету және оны сәйкестендіру жолымен 246 млрд теңге сомасындағы заң бұзушылықтар жойылды. Аудит объектілеріне 2586 ұсыныс жіберілiп, оның 2255-сі орындалды. Камералды бақылаумен 8 трлн теңге сомасында 483 мың мемлекеттік сатып алу рәсімдері қамтылды.
654 млрд теңге сомасындағы заң бұзушылықтарға жол берілмеді. Осыдан кейін де біздің салалық комитеттің жұмысы жазалаудың орнына, бұзушылықтарды алдын алуға бағытталады»,— деген деректерді алға тартты.