ҚАШЫҚТАН ОҚЫТУ САПАЛЫ БІЛІМНІҢ КЕПІЛІ МЕ?

Еліміздің оқушылары енді аз күнде онлайн оқуды бастайды. Халқымыз онлайн оқуға біршама күмәнмен қарап отыр. Өйткені еліміздегі ғаламтордың жылдамдағы сын көтермейді. Білім министрі Асхат Аймағамбетов білімді телеарналар арқылы беру де қарастырылып жатқанын жеткізді. Мұндай жағдайда біржақты берілген, оқушылармен кері байланыс орнамаған білім сапасы қандай болмақ?

Өмір Шыныбекұлы, ұстаз, «Зияткер ұстаз» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі:

  • Дәл қазір онлайн оқудан басқа амалымыз жоқ. Мектепке бармақ түгілі, үйден шығуға болмайды, карантин. Рас, онлайн оқуға қатысты кедергі көп. Бірақ, басқа амалымыз жоқ. Кейбір өңірлерде ғаламтор қолжетімсіз, енді біреулерде заманауи телефон немесе компьютер болмауы мүмкін. Кейбір мұғалімдердің де онлайн дайындығы онша болмауы мүмкін. Бірақ осы қадамға баруымыз керек. Басқа амалымыз жоқ.

Кейбіреулер қазір балаларды демалдырып, жазғы демалыс кезінде мектепте оқыту жайлы да ұсыныс айтып жатыр. Бірақ оны да тиімді шешім деп айта алмаймын. Өйткені барлық ел қазір онлайн жүйе арқылы оқытып жатыр. Олар мұндай тәсілді әлдеқашан бастап кетті. Біздің де түбі осы жүйені қолданысқа енгізіп, көшуіміз қажет болғандықтан, кейінге қалдырмай онлайн оқытуды қазір бастап кеткеніміз жөн. Мәселен балам Венгрияға магистратураға онлайн тест сынақ тапсырып түсті. Егер онлайн емтихан тапсыру жүйесі болмағанда, амал жоқ, уақытын шығындап, барып-келу жолақысын шығындап арлы-берлі жүретін еді. Сондықтан өз басым онлайн білім беру жүйесін қолдаймын. Қазір ме, ертең бе түбі біз де осы жүйеге көшуіміз керек еді. Карантин болмағанда біздің қоғамның онлайн жүйеге қашан өтері де белгісіз еді. Дәл осы мүмкіндікті пайдаланып, туындаған қиындықтарды кейін кездескен уақытында еңсеріп, онлайн оқуды бастап кетуіміз керек. Мектептегі компьютерлерді жағдайы жоқ отбасының балаларына таратсақ та, індетке қарсы жиналып жатқан ақшадан көп балалы отбасылардың балаларына планшет алуға арнайы қаржы бөлсек те, онлайн оқуды қазір бастауымыз керек. Рас, ұстаздар тарапынан, ата-аналар тарапынан түрлі қиындықтарға орай шағым айтылып жатыр. Бірақ қазір онлайн оқыту жүйесінің тиімді бір жолы әлі қабылданбағанын ескеруіміз керек. Уақыт өте мұның бәрі жолға қойыларына сенейік. Әрекет жасай берсек, ол мәселелер шешіледі.

Осы орайда айта кетер жайт, 2016 жылдан бері бір мәселені қайта қайта айтып келе жатырмын. 2016-2019 жылдарға арналған білімді дамытудың арнайы бағдарламасы қабылданып, мемлекет тарапынан 1,5 трлн. ақша бөлінген болатын. Сол ақшаның есебін ешкім берген жоқ. Бұл сұмдық ақша ғой. Шымкент қаласының 2019 жылғы бюджеті 400 млрд. теңгедей болады. Ал 1,5 трлн. теңгеге саланы цифрлы жүйеге көшірердей талай нәрсе жасауға болар еді. Негізі цифрлы жүйе туралы айтып жүргенімізге көп болды ғой. Бірақ осы білім саласының сандық жүйеге бетбұрысындай болатын нақты қадамдар байқамадым. Ең болмаса осындай шұғыл шаралар саланың сандық жүйеге тезірек көшуіне мұрындық болса қуанар едім.

Аятжан Ахметжанұлы, Республикалық «QAZBILIM» орталығы директоры, kazbilim.kz порталының бас редакторы:

  • Жалпы кез келген дүниені бастарда қорқыныш болады ғой. Иә, белгілі бір деңгейде онлайн оқыту көзбояушылық болайын деп тұр. Онсыз да офлайн өтірік сабақ беріп жүргендердің онлайнды қатырмасы белгілі. Бірақ бізде дәл қазір онлайн оқытудан басқа жол жоқ болып тұр. Төтенше жағдай. Оқушылар мектепке бара алмайды. Онлайн ғана білім бере аламыз. Мына індеттің қашан ауыздықталатынын ешкім дөп басып айта алмайды. Амал жоқ бастауымыз керек.

Бізде ең басты мәселе ғаламтор. Сондықтан еліміздегі байланыс операторлары өздерінің жылдамдықтарын көбейтуге күш салуы керек. Мемлекет тарапынан оларға талап қойылуы қажет. Осы сынақтан соң, білім саласы сандық жүйені жатырқамай, барынша бейімделуге күш салса қуанар едім. Біз осыған дейін www.youtube.com канал арқылы сабақтар түсіндіріп, оны, каналымызға салып, балаларға беріп отырдық. Қазір де 200-300 балаға онлайн сабақ беріп жатырмыз. Әзірге қиындықтар бола қойған жоқ. Сол секілді уақыт өте барлық мұғалімдер бейімделіп кетер деген үміттемін. Қазір балаларды демалтып, жазда оқыту да ыңғайсыз. Біріншіден 11-сыныптар ЖОО-на түсіп үлгеруі үшін қазір оқытуымыз керек. Екіншіден, оңтүстік өңірдегі балаларды жазда оқытуға күннің тым ыстықтығы кері әсер етеді. Сондықтан қазір неде болса онлайн оқытуды бастауымыз керек. Тағы бір айта кетер жайт, жалпы цифрлы жүйеге көшуге біздің білім саласынан бұрын сол сандық саланың өзі қаншалықты дайын деп ойлаймын. Мына ғаламтор жылдамдығымен сандық жүйеге бейімделе қоюымыз қиын ау. Осыған дейін цифрландыруға қанша қаржы бөлінді. Бірақ жасалған жұмыстардың қаншалықты деңгейде екенін бүгін бағамдап отырмыз.

Басқа елдерде www.youtube.com каналдан бір тақырыпта 40-50 түсіндірме түсірілім табасың. Ал бізде болса бір тақырыпта 1-2 ғана түсірілім жүреді. Болмаса ол да жоқ. Әлемде онлайнға көшіп жатқандар www.youtube.com әлеуметтік кеңістігінен ең үздік дегендерін жинап алып, база құрып, толыққанды 11 жылдық білім беруін жалғастырып кетіп жатыр. Ал бізде мүлдем ештеңе жоқ. Құр сөз. Қазір министрлік тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды қадағалап отырмын. Асығыстау дүние көп. Телеарналар арқылы сабақ өткенімізбен, онда кері байланыс жоқ. Ал балалар көріп, түсініп, кері байланыс жасап отырмаса онда оның не пайдасы бар? Сондықтан сын сағаттан сабақ алып, онлайн оқуға бетбұрыс жасап, осы саланы дамытсақ екен. Жалпы онлайн жүйеде баланың білімін бағалаудың тоқсан түрлі әдісі бар. Ал сол жүйелерді қолдануға ата-ана, оқушы, ұстаз, интернеттің жылдамдығы, техниканың мүмкіндігі дайын ба?  Мәселе осында. Онлайн оқыту еш жаңалық емес, талай ел оған әлдеқашан он жыл бұрын өтіп кетті. Біз бұрын таныс болмағандықтан дағдарып отырмыз. Әлем көшіп кетті, көште қалған біз ғана. Осыны түсінуіміз керек.

Қалдыбай ДҮЙСЕМБАЕВ