Кәсіби жаттықтырушылар онлайн режимде тыныс алу гимнастикасын үйретуде

Қалай дұрыс және пайдалы тыныс алу керек? Өз денсаулығы мен өкпе жұмысын жақсартқысы келетіндерге онлайн форматта кәсіби жаттықтырушылар, дәрігерлер мен йога нұсқаушылары тыныс алу гимнастикасын өткізеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты. Жаттығу сабағына барлығы қатыса алады. Шараның мақсаты – тыныс алуы қиындаған науқастарға көмек көрсетіп, аурудың алдын алу, сондай-ақ халыққа тыныс алу жолдары туралы шынайы ақпарат беру.

 

 

Жаттығу сабағын спорт дәрігері Берік Саттықылыш, Нұр-Сұлтан қалалық Пенчак Салат федерациясының атқарушы директоры Жанат Тұяқбаев, тыныс алу гимнастикасы бойынша кәсіби фитнес-жаттықтырушы Оксана Королева және Sundar Yoga негізін қалаушы, жаттықтырушы Сундар Апандиян өткізеді. «COVID-19 жұқтырған науқастарды оңалту үшін тамақтану, ұйқы, дене белсенділігі, сондай-ақ дәрігерлік тағайындаулар аса қажет. Ауру кезінде зардап шеккен ағзаға қиындық түседі. Көп жағдайда өкпе қабынады», – деп хабарлайды қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы.

 

 

Сондықтан дене қозғалысы мен жаттығулар әр жағдайда жеке реабилитолог-дәрігердің қадағалауымен жасалуы қажет. «Өкпенің зақымдануы кезінде дене жаттығулары бұлшықет топтарында (қабырға аралық, диафрагма, өкпе тінінің бұлшық еттері) қан айналымын жақсартуға бағытталады. Жаттығулар арқылы бұлшықет белсенді қозғалыста болып, зақымданған ағза тез қалпына келеді», – дейді басқарма өкілдері. Тыныс алу жаттығулары карантин кезінде аптасына екі рет, сейсенбі және жұма күндері сағат 19:00-де, дене шынықтыру және спорт басқармасының әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларда – @sport_nursultan, @elordasport өтеді. Эфир соңында бейнероликтер осы парақшаларда жарияланады. Онлайн формат көп адамды қамтуға мүмкіндік береді. Ең бастысы, ұялы телефон, спортпен айналысуға деген ниет және көтеріңкі көңіл-күй қажет.